Тағы бір жыл

20 ақпан 19:33 2188 рет қаралды


Бүгін, 20 ақпанда, Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ «Жайық» спорт кешенінде жұртшылық алдында 2018 жыл үшін есеп берді. Бұл шараға ҚР қоғамдық даму министрі Дархан ҚАЛЕТАЕВ, облыстың бұрынғы әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, бұрынғы бірінші орынбасарлар – қазіргі сенаторлар Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ пен Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ келді. Айта кету керек, соңғы екеуін кейінірек залдан сөйлегендердің бірі мысқылмен АҚШ долларына теңеген еді.  

Өз есебінде Н. Ноғаев өткен жылы Атырау облысында 47,2 миллион тонна мұнай мен 23,6 миллиард текше метр ілеспе газдың өндірілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 5686 тонна балық өнімдері экспортталған. Бұл тұрғыда әкім желтоқсан айында Жайықтағы балықтардың жаппай қырылғаны туралы көп қозғамай, тек осы факт бойынша қылмыстық істің тергеліп жатқандығын, полиция мен бақылаушы органдардың уланған балықтардың сөрелерге түспеуін қадағалау жұмыстарын жасағанын айтты.

Түрлі салалар бойынша өткен жыл ішіндегі басқа цифрлар мен көрсеткіштерді атаған Н.Ноғаев 2019 жылдың жоспары туралы да айтып өтті. Атап айтқанда, 11 елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар салу жоспарланған. Тек өткен жыл ішінде өңірде 112 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған, сондықтан «бізге жаңа полигондар ауадай қажет».

Сонымен қатар ол мұнайлы астанадағы қоғамдық көліктің электрондық билет жүйесі туралы тақырыпқа тоқталды:

- Бұл жұмыс өткен жылдың қазан айында басталды, әлі жалғасуда. Біздің мақсатымыз – қала тұрғындарының жол жүру ақысын қолма-қол ақшасыз төлей алуы және тасымалдаушылар кірісін ашық ету.


«ТАЙСОЙҒАНДЫ ДА, БАСҚА ЖЕРІМІЗДІ ДЕ ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ БЕРМЕЙМІЗ»

Баяндамадан кейін залдан сұрақтар қойып, пікірлер айту басталды. Бірінші болып Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылының ақсақалы Бақтыгерей СЕЙТҚАНОВ сөз алды:

- Әрине, Азғыр өңірінде газдендіру жұмыстарының белсенді жүргізіліп жатқаны үшін көп рахмет. Бірақ проблемала әлі көп. Бұрын азық-түлік алу үшін бізге жақын ресейлік Харабали қаласына баратын едік, бірақ жақында бір адамға 36 келіден аспау керек деген шектеу енгізілді. Ресей аумағына көлікпен жүруге де шектеулер бар. Ал азғырлықтар үшін бұл өте маңызды мәселе.

- Мен бұл мәселені білемін. Бірақ бұл жерде мәселе мемлекетаралық қарым-қатынастар туралы болып отыр. Бұл Ресей тарапынан енгізілген шектеулер. РФ мен Қазақстан арасындағы келісімдерге өзгерістер енгізу керек. Осы жерде сенаторлар отыр, осы мәселе бойынша көмектеседі деп ойлаймын, - деді әкім.


Содан кейін полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсембаевтың тұрғындарымен кездесуі кезінде «өткір» мәлімдемесімен  оқырмандардың есінде қалған Құбайдоллы ШОЛАҚТЫҢ кезегі келді.

- «Ақ Жайық» газетінен Тайсойғанда қытайлар мұнай іздеп жатыр дегенді оқыдым. Атышулы «жер» митингілерінен кейін билік қазақтың бір қарыс жері шетелдіктерге берілмейді деген еді ғой?

- Тайсойған бұрын Ресей полигоны болды, қазір біз бұл жерлерді өзімізге қайтардық,- деп бастады жауабын әкім. – Сол жерде үлкен мұнай мен газ қоры болуы мүмкін, қазір «Қазмұнайгаз» қытайлық мердігерлермен бірге барлау жұмыстарын бастап жатыр. Алайда жерді шетелдіктерге береді деген пиғыл да жоқ. Уайымдамаңыз, бәрін бақылауда ұстап отырмыз.


Көпбалалы ана Әлия РУСЛАНОВА жанға тигізер сөз сөйледі:

- Балаларымның бірі ракпен ауырады, дереу қымбат тұратын операция жасау керек. Ірі мұнай компанияларынан көмек сұрағым келген, бірақ басшылары мені қабылдамайды. Ауамызды бұзып отырғандар осы жердегі ауру балаларға неге көмектеспейді?

Н. Ноғаев осы шара аяқталған бойда оны НКОК, ТШО, АМӨЗ және «Ембімұнайгаз» басшылары қабылдайды деп сөз берді.


«МАКС БОҚАЕВТЫ ЖІБЕРІҢІЗДЕР!»

Келесі бір әйел көзіне жас алып, жақында болған жол-көлік оқиғасы кезінде полиция келгеннен кейін қаза болған бауырының күртесі мен телефоны жоғалған сұмдық оқиға туралы айтты. Ноғаев бұл іс Полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсенбаев пен облыс прокуроры Ернат Сыбанқұловтың тікелей бақылауында болады деп уәде берді. 

Минал КЕНЖЕКОВТІҢ өкініш пен мысқылға толы сөзі залды бір сілкіндіріп алды:

- Өткен жылы Атырау облысы Астанаға 6 миллиард теңгеге көпір сыйлады. Осы жылы да астанаға бірдеңе сыйлауға тағы «өтініш» білдіре ме деген қауіп бар. Алға қарай мұндай сыйлық жасамайықшы, үнемделген ақшаға көпбалалы аналарға көмектесерміз... Залда Атырау облысынан сайланған сенаторлар Дүйсембаев пен Еңсегенов отыр. Бұлар елге жиі келіп, біздің проблемаларымызбен айналыссын. Олар АҚШ доллары сияқты, көп көрмейміз. Тағы бір сізге өтінішім: жер митингісінен кейін Макс Боқаев пен Талғат Аян сотталды. Талғат бостандыққа шықты, бірақ Макс әлі қамауда. Ал миллиардтап ұрлаған ұрылар бостандықта жүр. Президент пен Жоғарғы сот төрағасына шығып, Максты босатуды сұрауыңызды өтінеміз.


Атыраулықтар келесі сөздері мен шағымдары негізінен коммуналдық және тұрғын үй мәселелеріне арналды: жол, жарық, газ, жылу, баспананың жоқтығы. Атырауда қаңғыбас иттердің көбеюі де айтылмай қалмады.

- Бұл туралы қоғамның пікірі екіге бөлінді: біреулер жаппай қыру керек десе, кейбірі мұны қатігездік деп, басқаша шешуді сұрайды. Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз, еріктілермен тығыз байланыстамыз,- деді әкім.



Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттерді түсірген автор


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.