Сот хроникасы

13 ақпан 11:45 869 рет қаралды


№2 Атырау қалалық соты Т.Б.-ға қатысты ҚР ҚК-нің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша қылмыстық істі қарады. Анықталғандай, өткен жылдың 21 тамызына қараған түні Т.Б. бұрынғы сыныптасын Авангардтағы үйдің кіреберісінде кездестіреді. Басталған әңгіме ұрыс-керіс пен төбелеске ұласып, Т.Б. құрдасын бірнеше рет жұдырығымен бетінен ұрып, қылмыс орнынан кетіп қалады. Сот Т.Б.-ны кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді.

№2 Атырау қалалық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-тармағының 1-тармақшасы бойынша (Жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолданып не осындай күш қолдану қатерін төндіріп тонау) 29-жастағы қала тұрғыны А.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Анықталғандай, өткен жылдың қазан айында ол мас күйде С.Датов көшесінде жалғыз адамды көріп, қорқытып, сөмкесі мен ақшасын беруге мәжбүрлеген. Жалпы залал 11 500 теңгені құрады. Сот А.-ны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды.

Құрманғазы аудандық сотында орталық аудандық аурухананың арызы бойынша жергілікті тұрғын К.А.-ны алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы азаматтық іс қаралды. К.А.-ның еш жерде жұмыс істемейтіні, спирттік ішімдікті көп ішуіне байланысты нарколог дәрігердің диспансерлік есебіне алынғаны, маскүнемдіктен емделуден бас тартқаны, мас күйінде қоғамдық орындарда жүргені үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Сот шешімімен К.А. мамандандырылған емдеу-алдын алу мекемесінде 45 күн мерзімге мәжбүрлі емделуге жіберілді.

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша азамат Р.-ға қатысты істі қарады. 2019 жылдың қаңтарында Р.-ның шаштаразда  азамат А.-мен жанжалдасып, оны бірнеше рет ұрғаны анықталды. Іс бойынша өндіріс құқық бұзушы мен жәбірленушінің татуласуына байланысты тоқтатылды.

№2 Атырау қалалық сотында ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша айыпталып отырған Е.А.-ға қарсы қылмыстық іс қаралды. өнермен айыпталуда. 2018 жылы 8 қазанда Е.А.-ның O.M.-мен танысып, әңгімелесу барысында мұнай компанияларының бірінің кадрлар бөлімінің қызметкерімін деп, 50 мың теңгеге жұмысқа орналастыруға уәде бергені анықталды.

Сәл кейінірек О.М. оған ақша жібереді, бірақ ол уәдесін орындамайды. Сот отырысында E.A. кінәсін түгел мойындады, мүліктік зиянның өтелуіне және тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. 

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.