Қазақстандықтарға қамсыз қарттыққа кепілдік бар ма?

11 ақпан 12:51 1099 рет қаралды


Анам 5 баланы дүниеге әкелген, 30 жылдан астам уақыт мемлекеттік кәсіпорында кассир болып жұмыс істеді, қазір 52 мың теңге зейнетақы алады. Ол мемлекеттік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне ілікті, бұл ақша – қазіргі үкіметтің мирас боп қалған берешектерін аз болса да тұрақты өтеп отырған ақшасы. Ал оның балаларының дәуірі нарықтық экономикаға тұспа-тұс келді. Біз өз зейнетақымызға өзіміз  қаражат тауып жатырмыз және зейнетақы жүйесін кезекті реформалау табалдырығында тұрмыз. Бұл жерде үлкен сұрақ туындайды: зейнетақы салығын төлеп отырған қазіргі ұрпақ қарттық кезеңі үшін сақтаған қаржысын ала алады ма?

ШЕТЕЛДЕН ЖАҒЫМСЫЗ ХАБАР

Егер инфляцияның және қарқынды немесе сырғымалы девальвацияның отбасылық бюджетке әсерін жалақы, зейнетақы немесе жәрдемақы алған күні бірден айқын сезінетін болсақ, көпшілігіміз үшін зейнетақы салымдарының көлемі сатып алу қабілетіне айтарлықтай зиян келтірмей, өзімізге білінбестен азаяды. Олар виртуалдық криптовалютаға ұқсайды - БЖЗҚ шоттарында жинақталады, тіпті, есептерге көз салсақ, кейде өздерінің қор манипуляциялары барысында табыс табады.

Ал шындығында біздің аударымдарымызға қатысты жағдайды апаттық десе де болады. Бұған құрбымның басында болған жағдай айқын дәлел. Ол қазіргі 30-50 жастағы еңбекке қабілетті қазақстандықтардың қаржылық болашағына сенім ұялатпайды.

Ол 2012 жылы (38 жаста) мынадай көрсеткіштермен шетелге кетіп қалған еді: 20 жыл еңбек өтілі бар, қазақстандық компанияда (мемлекеттік емес секторда) жұмыс істеді, табысы шартты түрде орташадан сәл жоғары, мемлекеттік кепілдендірілген зейнетақы + жеке зейнетақы жинақтары - 6 млн теңгеден жоғары болды. Доллармен есептегенде бұл 40 мыңға тең ($ бағамы сол кезде шамамен 150 тг болды).

Қазақстандық зейнетақы заңнамасына сәйкес, ол елден біржола кеткен кезде (қазақстандық төлқұжаттағы белгісімен) және басқа мемлекеттің төлқұжатын ұсынған кезде жинағын ала алады. Ол шетел азаматтығын алуға шешім қабылдады, өйткені бұл жинақтарын алудан басқа, жаңа елде жаңа өмірге бейімін жеңілдетер еді. Азаматтықты алу процесі 6 жылға созылды. Осы уақытқа дейін ол қазақстандық жұмыс берушіде қашықтан жұмыс істеуді жалғастырды, зейнетақы шоты да толығып отырды.

Осы уақыт ішінде теңге 2014 және 2015 жылдары 2 қарқынды девальвацияны бастан кешірді, сөйтіп жинақ екі есеге көп мөлшерге «көбейді». БЖЗҚ-дан өз қаражатын алу процесі аяқталып қалғанда доллар күн сайын дерлік өсе бастады, бұл шығысына БЖЗҚ ұстаған табыс салығының 10%-ы қосылды (құрбым садақа болсын деді). Айналып келгенде 2018 жылдың аяғында қолына 6,8 млн теңге алды, бірақ бұл сол кездегі ақшаға барабар емес еді. 40 мың доллар мен 18,6 мың доллардың айырмашылығы жер мен көктей.

Бұл мысалдан 6 жыл ішінде жинақ көлемінің екі еседен көп мөлшерге азайғанын көріп отырмыз. Егер теңгенің әлсіреу үрдісі қазіргі деңгейде сақталады деп болжасақ, онда тағы 5-6 жыл өткеннен кейін біздің жинағымыз нөлге түседі. Сонда ай сайынғы кірісіміздің 10%-ын не үшін және кім үшін аударып отырмыз?


АҚШАЛАРЫМЫЗ БАНКИРЛЕРДІҢ ҚОЛЫНА КӨШЕ МЕ?

«АЖ» анықтамасы. Айман Тұрсынқан - EXIMAR форсайтинг агенттігінің директоры. Тұрсынқан қаржы реттегішінің, БЖЗҚ-ның және жалпы үкіметтің қызметіне жиі сараптамалық баға береді. Өткен жылдың қараша айында ол мәлімдеген сыни комментарийлер Ұлттық банк тарапынан агрессиялық әрекет тудырды, оның басшылығы оған қатысты сотқа талап арыз береміз деп лоқан қоқы көрсетті, бірақ кейіннен дауды басып тастады. Бірақ Тұрсынқан бірқатар жазалау шараларына душар болды. Соның ішінде, оның стратегиялық болжау агенттігі үшін салықтық жүктемені көбейтті, консалтинг бойынша мемлекеттік тапсырыстардан «аластатты», сөйтіп ол кеңсесін жабуға мәжбүр болды. «Менің құқығымды мемлекет қорғамайды, анонимді тұлғалар маған «мүлдем жақ ашпауымды» сұрады, бірақ ҚР Қауіпсіздік Кеңесі де, президент әкімшілігі де менің қызметімнен бас тартпайды,тек маған жасырын түрде жазуға кеңес береді, өйткені менің әрбір жария зерттеулерімде баяндалған барлық фактілер тәуелсіз талдау кезінде толық расталады», - дейді Айман. Айта кету керек, оның құзыретін шетқақпайлағанына қарамастан, ол биылғы жылдың ақпанында парламентаризмді дамыту қоры мен ЕҚЫҰ конференциясында жүйелі сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша баяндамашы болып тағайындалды.

Танымал экономист Айман ТҰРСЫНҚАННЫҢ пікірінше, қазіргі кезде біздің ақшаларымыз республикалық бюджетті ұстап тұр, ал таяу болашақта Қазақстандағы үш ірі банк қожайындарының мүддесіне жұмыс істейтін болады.

- БЖЗҚ-ның соңғы болжамдарына сәйкес, 2019 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде төлем көлемі 1,3 трлн теңге болғанда,  жарналардың жалпы көлемі шамамен 5 триллион теңгені құрайды. Осылайша, 2023 жылдың аяғында инвестициялық кірісті есептегенде, жинақ сомасы шамамен 15,3 триллион теңге болады. Мемлекет мұның «ұзақ» ақша екенін, ел экономикасы үшін жұмыс істейтін құрал екенін, ал зейнетақы салығы – азматтардың өз еркімен емес, мемлекет талабымен жүктелген міндет екенін ескеріп, өзіне сеніп тапсырылған зейнетақы жинақтарының инфляция/девальвацияның әсерінен қорғалатындығына кепілдік беруге міндетті деп есептейсіз бе (және қабілетті ме)? - деп, Айман Тұрсынқаннан сұраған едім.

- ҚР Ұлттық Банкінің тікелей басқаруымен бірыңғай зейнетақы қорының болуына байланысты, мемлекет жинақталған зейнетақы қаражатын қорғауды қамтамасыз етуге міндетті. Алайда, нақты салымшының мысалын өзіңіз көрсетіп отырғандай, мемлекет олардың сақталатындығына кепілдік бермейді. Зейнетақы жүйесі туралы заңға сəйкес, БЖЗҚ валюталық (девальвациялық) тәуекелдер үшін ешқандай жауапкершілік алмайды, ал инфляциялық құрамы нақты нарықтық көрсеткіштерге сәйкес емес, ол Ұлттық Банктің басшылығына ұнайтын көрсеткіштер бойынша есептеледі.

Оның үстіне, зейнетақы жүйесі мен мемлекеттік бюджет талдамасында көрсеткенімдей, 2012 жылдан бастап (жеке зейнетақы қорларын бір мемлекеттік қорға мәжбүрлеп қосқаннан кейін) салымшылардың қаражаты республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін жыл сайын 1,2-ден 1,6 трлн теңгеге дейінгі көлемде пайдаланылады. Бұл мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы жүзеге асырылады, оларды өтеу мерзімі 2045 жылға дейін ұзартылған, ал олар бойынша сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық Банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесінен 2 есе төмен.

Сондай-ақ, сарапшылар мен азаматтық қоғам тарапынан айтылған сынға қарамастан, 2018 жылдың аяғында және 2019 жылдың қаңтарында квазимемлекеттік құрылымдарды (ҚазАгро, Даму), жеке меншік банктер мен дефолтты агрохолдингтерді қаржыландыру үшін қаражаттарды БЖЗҚ-дан салымшылардың рұқсатынсыз алу жалғасуда.

- Егер азаматтарға олардың аударымдарын сақтауға кепілдік беретін құралдар жоқ болса, онда моральдық тұрғыда халық табысының бір бөлігін алуға мемлекеттің заңды құқығы бар ма? «Мораль» түсінігін мемлекеттік машинаға қолдану үйлеспейтін шығар, бірақ азамат пен мемлекеттің өзара міндеттері туралы жария емес әлдебір келісімшарт бар ғой: біз заңға бағыныштымыз және біздің құқықтарымыз бен қауіпсіздігімізді, оның ішінде жинақ ақшамызды сақтау үшін мемлекеттік аппаратты қамтамасыз етіп отырмыз ғой.

- Осы аптада Ұлттық Банкте зейнетақы жүйесі азаматтардың жинақ ақшасын сақтау және көбейту туралы өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмайтынын мәлімдеді. Алайда осыншама уақыттан кейін бұлай өзін-өзі сынау – ақыры біздің жинақтарымыз салымшылардың мүддесі үшін жұмыс жасай бастар деп қуанатын себеп емес. Іс жүзінде Ұлттық Банкте зейнетақы активтерін нарық басқарушыларының басқаруына беру туралы заң әзірленді.

Сонымен қатар, Қазақстандағы капитал нарығының барлық ойыншылары заң жобасымен танысқаннан кейін, тек үш ірі банк конгломераты ғана қандай да болмасын паритеттік міндеттемелерді қабылдамай-ақ, зейнетақы активтерін басқаруға қол жеткізетіндігіне нық сенімді болды. Олар бүгінгі таңда Қазақстанның бүкіл қаржы нарығының 63,6%-ын тікелей бақылайды.

Активтер көлемі бойынша Халық, Цесна, Сбербанк, Форте және Каспий топтары банк секторындағы көшбасшылардың қатарына кіреді. Алайда Цеснабанк бір айдан аз уақыт ішінде 825 млрд теңгені алғаннан кейін дереу жұмысын тоқтатып, оны Форте қосып алады. Каспий осы аптада KASE-тегі эмитенттер тізімінен шығып кетті. Демек, зейнетақы активтерін басқаруға қолжетімділікті Халық, Форте және Сбербанк басқарушы компанияларының бақылауындағы компаниялар ғана алады. Егер осы эмитенттердің зейнетақы салымдарынан елеулі инвестициялар бар екенін ескерсек, мүдделер қақтығысы болары сөзсіз. Банктердің лицензияларын жоғалту жылдамдығы адам айтқысыз болып кетті.

БЖЗҚ қаражаты салымшыларға төлемдік қызмет көрсету үшін жеткіліксіз болады-ау деп қорқамын - басқарушы банктер өздерінің басқаруына келген зейнетақы салымдарын өздерінің несие қоржынын қалпына келтіріп, әрі қарай тұтынушылық несиелерді алыпсатарлық мөлшерлемемен экспонент бойынша көбейтуге тырысады. Зейнетақы активтерінің сақталуы үлкен мәселе болады.

БЖЗҚ VS АЛАҚАНДАЙ ЖЕР

- Қолданыстағы БЖЗҚ жүйесінің баламасы қандай болуы мүмкін? Қандай елдердің қолданыстағы зейнетақы жүйелері үлгі алуға лайық деп есептейсіз? Әлде жалпы ұлттық зейнетақы қорларының тәжірибесі жаппай ескірген бе?

- Жалпы ұлттық зейнетақы қорлары салымшыда таңдау жоқтықтан сыбайлас жемқорлық арқылы банкротқа ұшырайды. Нарықтағы әртүрлі ойыншылардың басқаруына активтерді беру арқылы бәсекелестік жасау әрекеті сәтсіздікке ұшырайды. Өйткені, салымшыларда бәрібір өз салымдарын кімге сеніп тапсыратын таңдау жоқ. Есесіне оператор (БЖЗҚ) мен реттеушіде (Ұлттық Банк) халықаралық деңгейдегі сыбайлас жемқорлық үшін кең алаң пайда болады.

Жеке, бір-бірімен бәсекелесетін зейнетақы қорлары қажет. Бірақ реттеушінің айқын және ашық бақылауында болуы керек. Ал бүкіл елдегі төлем балансының айтарлықтай нашарлауы, қаржы нарығы тиімділігінің төмендеуі, экономиканың әлсіреуі және капиталдың көп мөлшерде жылыстауы аясында Қазақстандағы реттеушінің өз қызметі көптеген сұрақтар тудырады.

Елімізде де жинақталған және ынтымақты зейнетақы жүйесі қатар жұмыс істей алады деп ойлаймын. Неліктен? Себебі, Қазақстанның бүкіл 18 миллион азаматы қажетті салымдарды жинақтау үшін тұрақты жұмыс істей алады. Бізде тек 10,5 млн адам - жұмыс күші және олардың тек 1,8 млн-да тұрақты салымдар, шамамен 2,2 млн адамда тұрақты емес салымдар бар, ал қалған 6,5 млн-да аз мөлшерде аударымдар салынған, қартайған шақта бұл қаражатқа өмір сүру мүмкін емес.

Мен бір жыл бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне норвегиялық әлеуметтік сақтандыру үлгісін қарастыруды ұсындым. 10 жылдан астам уақыттан бері БҰҰ-ның адам дамуы индексінде көш бастап тұрған елде тек жинақтаушы зейнетақы жүйесі ғана қолданылмайды. Норвегияда ерікті және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру институты бар. Отбасының әрбір асыраушысы олар негізгі асыраушысынан, кірісінен айырылған жағдайда өз отбасының мүшелерін әлеуметтік қорғауға кепілдік беретін сақтандыру полисін ерікті түрде аша алады. Бұл полис төлемдер көлемі бойынша, полиске енгізілген отбасы мүшелерінің жасына қарай шектелуі мүмкін.

Азаматтардың аз қамтылған санаттары үшін, сондай-ақ, еңбекке қабілетсіз азаматтар үшін мемлекеттік сақтандыру тағайындаудың ашық жүйесі бар. Мемлекеттік сақтандыру жалпы алғанда азаматтардың, бизнестің төлеген салықтарынан қаржыландырылады.

Алайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кез-келген ұсыныстарға құлақ аспай, тек бастарын шұлғи береді.

- Экономист ретінде зейнеткерлікке шыққан кезде өзін қаржы еркіндігімен қамтамасыз еткісі келетін қазақстандықтарға: банк депозиттеріне ақша сақтауға ма, қор нарығына инвестициялауға ма, қолма-қол ақша түрінде жинақтауға ма, сақтандыру қорларына салуға ма, қандай әрекет жасауға кеңес берер едіңіз?

- Экономист ретінде мен бәсекеге қабілетті қаржы құралдарын дамытуға мүмкіндік беру арқылы Қазақстанның қаржы нарығын ырықтандыруды талап етемін. Бүгінде бізде нарықта не бар? Жеке инвестор үшін не таңдауға болады? Салымдар кепілдігі бойынша шектеулерге толы банк депозиттерін бе? Дамымаған кішігірім венчурлық қорлар мен үлеспұлдық инвестициялық қорларды ма? Сәтсіздікке ұшыраған Халықтық IPO-ны ма? Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттармен 10% жеке табыс салығына және 10% міндетті зейнетақы жарналарына іліккен жылжымайтын мүліктегі алыпсатарлықты ма? Астыртын алтын саудасын ба? Трансұлттық корпорацияларға ғана елден ақша сыпырып алу қызметін көрсететін АХҚО-ны ма? Сақтандыру қызметі ағымдық форматта банктердің толық бақылауында және сенім тудырмайды. Қолма-қол ақшаны сақтауға келер болсақ - гиперинфляция мен ұлттық валютаның жойылу қаупі 90-шы жылдарды бастан өткерген барша жанға жақсы таныс.

2016 жылдан бері Қазақстанда ИҚДҚ - Исламдық қаржыландыруды дамыту қауымдастығының қызметі туралы ештеңе айтылмайды. Ал исламдық құралдар батыс демократиясының барлық елдерінде жағдайды жыл сайын екі есеге жақсартады. Нью-Йоркте американдықтар исламдық иджара шарттарымен жылына 0,6-1%-бен ипотека алады! Оңтүстік-Шығыс, Алдыңғы және Орта Азия елдерінде барлық муниципалды тұрғын үйлер Ислам Даму Банкімен қаржыландырылады. Исламдық қаржы құралдарын белсенді дамыту біздің еліміз үшін өте қажет екендігіне сенімдімін - Өзбекстан жаңа экономикалық бағдарламаның алғашқы күндерінен бастап осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Ал қазіргі жағдайда мен өз балаларыма, олардың біліміне Қазақстаннан тыс жерлерге инвестиция саламын. Ал қартайғанда ең болмаса алақандай жері бар көптеген зейнеткерлер секілді, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу арқылы лайықты өмір сүремін деп үміттене аламын.

«БІЗДЕ АҒЫМДЫҚ САЛЫҚТАР КӨП САЛЫНАДЫ»

- Қазақстандықтардың көпшілігі зейнетақы салығына жағымсыз, бірақ шарасыз міндеттеме ретінде қарайды. Бірнеше зейнетақы реформалары жинақтаушы қорлар идеясына сенім деңгейін төмендетіп жіберді, міндетті зейнетақы жарналары жүйесін толықтай жою туралы ұсыныстар айтылып жүр. Сіздің ойыңызша, мұндай жағдайда қандай даму сценарийлері болуы мүмкін?

- Оңтүстікамерикалық үшінші әлем елдерінің емес, дамыған елдердің тәжірибесін шындап зерделеу керек деп ойлаймын. Қазақстанда жаппай салымшылардың зейнеткерлікке дейін «жеткілікті» өлім-жітімін қамтамасыз ете алатын халық тығыздығы жоқ. Яғни, салымдардың алыпсатарлық пирамидасы жұмыс істемейді. Салымдарды сақтаудың және көбейтудің нақты кепілдіктері керек. Ал бұл әрбір салымшының өз зейнетақы активтерін басқаруға қатысты тікелей саналы бақылауымен ғана жүзеге асырылады.

Ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығы артуда, зейнеткерлік жасты ұлғайту мәселелерді шешпейді. Елдегі әлеуметтік институттардың (тегін білім және медицина, әлеуметтік қамсыздандыру) жабайы ыдырауы адами капиталдың шет елдерге кетуіне алып келеді. Бүгінгі таңда ауыл-қала тізбегінде болып жатқан құбылыстар Қазақстан-Ресей-Еуропа тізбегіне қолданылады. Нақты жұмыс күшіне байланысты, қарауындағы адамдарға жүктеме сөзсіз артады. Кім табыс таба алады, сол адам кетеді. Қариялар мен балалар қалады. Біз Орта Азиядағы ең кедей елдер жағдайына төмендейміз. Күні кеше ғана гастарбайтерлерді қабылдаған едік, ал бүгінгі таңда біздің отандастарымыздың өздері еңбек мигранттарына айналып жатыр.

Егер жинақтаушы жүйе ашық түрде жұмыс істесе, бәрібір оны оқиғалы негізде емес (банктен несие керек немесе босануына байланысты декреттік төлем керек болса, жүгіріп барып, алты ай үшін салымдар төлеу), тұрақты толықтырып отыру туралы мәселе туындайды. Толық енуге - яғни 10 миллион ЖЗШ (жеке зейнетақы шоттары) белсенділігіне қол жеткізу үшін азаматтардың табыстарынан МЗЖ (міндетті зейнетақы жарналары), ММС (міндетті медициналық сақтандыру), ӘА (әлеуметтік аударымдар) және жеке табыс салығының мөлшерлемелерін түбегейлі қайта қарау қажет. Қазіргі кездегі жалақыдан 4 төлемнен жинақталған ағымдағы 25% -  бұл халықтың тұрмыс-тіршілігі мен ең төменгі өмір сүру деңгейін толықтай бұзатын өрескел шара.

Бірыңғай жинақталған төлем (БЖТ) еліміздің барлық азаматтарына түгел қолданылса және келесі талаптарға сай келсе, негізді болар еді:

1) Біріншіден, ол жалпы салық салынатын айналымның 2,5%-ынан аспаса;

2) Екіншіден, азаматтардың жеңілдікті санаттары үшін мемлекеттік бюджеттен ең төменгі мөлшерлемеде (МЕА) төленетін болса, ал қаржыландыру ағымдық әлеуметтік салық мөлшерлемелерінен алынса;

3) Үшіншіден, асыраушы белгілі бір шарттармен (норвегиялық үлгідегідей) отбасы мүшелерінің есімдерін енгізе алатын әлеуметтік полиспен толықтырылса.

Тек бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіргеннен кейін, түбегейлі салық реформаларын жүзеге асырғаннан кейін ғана біз халықтың нақты қажеттіліктеріне бейімделген, икемді, әлеуметтік кепілдік құралдарын құра аламыз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА





Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.