Атырауда қоқыс сұрыптау кешені салынады

23 қаңтар 2019 10:45 2365 рет қаралды


Атырауда кешікпей Белоруссияда шығарылған жабдығы бар қоқыс сұрыптайтын кешен салынады. «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас ІЗТІЛЕУОВ «АЖ»-ға мұнайлы астанаға арналған жоғары технологиялық жаңа қоқыс алаңы туралы әңгімелеп, басқа да сұрақтарға жауап берді.

БЕЛОРУССТАР КЕЛЕДІ

- Жабдық жеткізушілердің кім екенін айтып берсеңіз.

- Кешен Белоруссияда 107 миллион теңгеге «Сифания-Экотехника» кәсіпорнынан сатып алынды. Компания ТМД мен Еуроодақ елдеріне қоқыс өңдейтін жабдық жеткізеді. Бізден басқа «Сифания» жабдығын Қостанайда, Жаңаөзенде және Ақтауда сатып алған. Бұл факт біздің таңдауымызда үлкен рөл атқарды: Маңғыстау климаттық жағдайы бойынша біздің өңірімізге ұқсас, ол жердің де топырағы тұзды  әрі сазды. Жабдықты монтаждау және іске қосу кезінде компания өкілдері қатысады. Келісімшарт бойынша оны наурыздың аяғында аламыз, мамыр-маусымда іске қосуды жоспарлап отырмыз.

- Күн сайын полигонға қандай мөлшерде қоқыс жеткізіледі? Жаңа кешеннің қуаты жеткілікті ме? Ол қайда орналасады?

- Күн сайын қаладан 250-300 тонна қоқыс шығарамыз, ал сатып алынған жабдық жылына қатты тұрмыстық қалдықтарды 100 000 тоннаға дейін сұрыптауға арналған. Яғни, қуат жеткілікті болады. Жабдықты полигонның жанына, 1000 шаршы метр алаңға орнатамыз.

- Ол жерге қандай коммуникациялар қажет?

- Алдын ала алаң салып, іргетасын құю керек. Бірақ ең бастысы – электр қуаты. Жанында қуаты 400 кВа трансформатор бар. Қалалық ТКШ бөлімі нысанға дейін электр тарату желілерін жүргізуге көмектесеміз де уәде берді. Пластик бөтелкелерді жуу үшін су қажет, бұл мәселені де шешіп қойдық.

- Сұрыптау процесі қалай жүргізіледі?

- Бірінші кезеңде әкелінген қоқыс бункерге түсіріліп, содан кейін көлбеу конвейер арқылы кабинаның ішіндегі сұрыптау таспасына тікелей түседі. Сол жерде қалдықтардан пайдалы заттар – қайталама полимер, пластик бөтелкелер, макулатуралар, тоқыма өнімдері, металл сынықтары, шыны және сынған әйнектер сұрыпталады. Таспалы конвейер ұзына бойы сұрыпталған қоқысқа арналған контейнер ыдыстармен жарақталған. Жанбайтын органикалық фракциялар бұрынғыша жойылады.

Өңдеу жабдығын да сатып алдық. Барлық пластик қалдықтар – бөтелкелер, полиэтилен ыдыстар, қаптамалар полиэтилен қауызға өңделеді. Жалпы, жаңа кешенде 70 шақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз.

ХАЛЫҚ «ТЕЛЕГРАММ» АРНАСЫНА ШАҒЫМДАНАДЫ

- Стихиялық қоқыстар, лық толы контейнерлер туралы тұрғындардың шағымына қалай әрекет етесіздер?

-  Шағымдар әдетте Атырау облыстық әкімдігінің телеграмм-арнасына түседі. Қазір тез шешіледі: сигнал аламыз, проблеманы шешеміз – жасалған жұмыс туралы есепті жолдаймыз. Қалада қоқыс жиналып қалмас үшін күн сайын кесте бойынша учаскелерге бекітілген жедел бригадалар аралап шығады. Бұдан басқа, 10 адамнан тұратын команда жасау жоспарымызда бар. Олар қажет кезде алаңдарға санитарлық өңдеу жүргізіп, контейнерлерді тазартумен, жөндеумен және ауыстырумен айналысады. Бірақ үй маңындағы аумаққа, соның ішінде, контейнер алаңдарына қызмет көрсететін ПИК жұмыстарына да сұрақтарымыз бар.

- Егер сіздер Атырау мен қала маңының тазалығына соншалықты шұғыл бақылау жасайтын болсаңыздар, стихиялық қоқыстар қайдан келеді?

- Бірнеше компания келісімшарт бойынша ауруханалардан, мектептерден және тағы басқа қоқыс шығарады. Біз талдау жүргізіп, олардың полигонға әкелген көлемі мен мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы көрсетілген көлем арасынан үлкен айырмашылықты анықтадық. Стихиялық қоқыстар мен лық толы контейнерлердің себебі осы. Бұған шағын заңды тұлғалар да атсалысады, олар Арнаулы автобазамен келісімшарт жасамай, жалпы контейнерлерді қолданады.

- Өткен жылы қалалық полигонда қанша өрт оқиғасы тіркелді?

- Ірі өрт 2018 жылдың шілдесінде тіркелді. Біздің ЖШС-ке айыппұл салынды. Тәулік бойына полигонда кезекшілік ұйымдастырдық, тұтануына жол бермейміз.

- «Арнаулы автобаза» ЖШС-не жақын арада ғана басшылық еткен кезде қандай қиыншылықтармен бетпе-бет келдіңіз?

- Алдымен автопаркке ревизия жүргізілді. Бұған дейін арнайы техникаға лайықты қызмет көрсетілмеген, сондықтан істен шыққан техникалар көп, қазір олар жөндеуден өтіп жатыр. Біздің аумақта орналасқан айыппұл тұрағына қатысты мәселені шешу керек: тыйым салынған көліктер көп орын алады, ал бұл орынды біз анағұрлым тиімді пайдаланар едік. 2018 жылдың тамызынан бері әкімшілік істер бойынша өтетін бүкіл көлікті айыппұл тұрағынан тегін алып кетуге болады. Ол үшін тыйым салған тараптың – жол полициясының, балық қорғау қызметінің рұқсатын ұсыну керек. Сонымен қатар, қала тұрғындарына қолайлы болу үшін қала орталығынан абоненттік бөлім ашу жоспарымызда бар. 

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Array
Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.