Айыптаушы Бергей Рысқалиевқа 17 жыл, інісі үшін 16 жыл қатаң жаза сұрады

16 қаңтар 22:12 2522 рет қаралды


Өткен жылдың қазан айынан бері Атырауда «Бергей Рысқалиевтың ҰҚТ ісі» бойынша сырттай  өтіп жатқан сот процесінің жарыссөзі барысында прокурор Досбол БАҒЫТЖАНОВ: Бергей РЫСҚАЛИЕВҚА - мүлкін тәркілеумен және «Парасат» орденінен айырумен қатар ең жоғарғы қауіпсіздік мекемесінде 17 жылға бас бостандығынан айыру, Аманжан РЫСҚАЛИҒА - мүлкін тәркілеумен қатар 16 жылға бас бостандығынан айыру, Рүстем ӘЛБАҚАСОВҚА - мүлкін тәркілеумен қатар 16 жылға бас бостандығынан айыру, Айбат СҮЛЕЙМЕНОВКЕ - мүлкін тәркілеумен қатар 10 жылға бас бостандығынан айыру, Ерболат ІЗБАСАРҒА - мүлкін тәркілеумен қатар 10 жылға бас бостандығынан айыру, Артем ДАНЕВИЧКЕ - мүлкін тәркілеумен қатар 10 жылға бас бостандығынан айыру, Мұрат ЖЕЛДІБАЕВҚА - мүлкін тәркілеумен қатар 8 жылға бас бостандығынан айыру, Нұрлан ЖҰЛМАҒАМБЕТОВКЕ - мүлкін тәркілеумен қатар 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

ЗИЯН МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

Жарыссөз басталмас бұрын сотталушылардың адвокаттарының бірі Саян ЖҮНІСБАЕВ сот тергеуін қайта бастап, оны жаңа материалдармен толықтыруға өтініш берді:

- Сіз, судья,негізгі сот процесінің басында прокурорға үкім шығару кезінде мемлекет кірісіне айналатын мүліктердің құнын анықтауды тапсырдыңыз. Бірақ біз қандай сомадағы мүлікке тыйым салынғанын әлі білмейміз. 2014 жылғы 14 қарашадағы сот үкімімен көп мүліктер тәркіленіп, мемлекет кірісіне айналды. Сол кезде зиян қандай сомада өтелді және өтелмеген қанша сома қалды?

Жауап ретінде төрағалық етуші Тыныштық НҰРЫМОВА зардап шеккен тараптардың бірі - Атырау облыстық әкімдігінің өкілі Ержан ҚАБДЕШОВКЕ сөз берді.


- Облыстық әкімдік 30 миллиард теңгеге талап қойды. Бұған сот-экономикалық сараптама қорытындысы мен Атырау қалалық салық басқармасы мамандарының қорытындысы негіз болды, - деді Қабдешов. - «Жекешелендіру» эпизоды бойынша, 21 млрд 029 млн теңге көлемінде зиян келтірілді. 2014 жылы тергеу барысында заңсыз жекешелендірілген барлық мүлік мемлекетке қайтарылды. Бұл эпизод бойынша зиян жоқ.

Енді, қазіргі 30 млрд зиян сомасы қайдан алынғаны туралы.

«СнабОйлСтрой» ЖШС блогы бойынша (ҚТҚ полигонын салу, Қызылқоға ауданындағы елді мекендерді газдандыру, Атырау қаласының сол жақ жағалау бөлігіне кәріздік тазарту құрылымын салу, 1200 орындық концерт залын салу, Махамбет ауданының Алмалы ауылынан балалар лагерін салу) – зиян 7 млрд 549 млн құрайды;

Әлеуметтік жобаларды қолдау үшін Атырау облыстық құрылыс департаменті 2007 жылы құрған «БизнесКөмек» қоры бойынша - 202 млн 650 мың теңге;

«АзияМаркетС» блогы бойынша (Нұрсая ықшамауданындағы инфрақұрылым құрылысы, Атырау қаласының оң жақ жағалау бөлігіндегі су іркуіш станциясының және су тазарту станциясының құрылысы) - 2 млрд 825 млн теңге;

«АТГ Құрылыс» блогы бойынша (газ құбырын салу, Қызылқоға ауданындағы елді мекендерді газдандыру, Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылын газдандыру, Мақат-Жамансор-Жантерек-Сағыз газ құбырын салу) - 9 млрд 915 млн теңге;

«ЦентрСтройЛТД» ЖШС бойынша (Атырау-Доссор, Доссор-Мақат топтық су таратқыш құрылысы) - 3 млрд 291 млн теңге,

«ТрансГазЛТД» ЖШС бойынша (Қызылқоға және Құрманғазы аудандарын газдандыру жұмыстарын жалғастыру) - 2 млрд 734 млн теңге;

«АтырауГрандСтрой» ЖШС бойынша (Атырау қаласы мен Атырау облысының электр желілерін қайта жаңарту - 128 млн 611 мың теңге;

көпірлер құрылыс бойынша - 3 млрд 576 млн теңге.

Осылайша, зиянның жалпы сомасы 30 млрд 224 млн теңге болды. Бүгінгі күні мемлекет кірісіне 3 млрд теңгедей қайтарылды.


94 МИЛЛИОН ДОЛЛАР ШВЕЙЦАРИЯ МЕН АНДОРРАДА

Үзілістен кейін құқыққорғаушы Абзал ҚҰСПАН сөз алды:

- Мен Бергей Рысқалиевтің туыстары - апа-қарындастары, анасының - алты адамның мүддесін қорғаймын. Мәселе мынада, олар іс бойынша өтпейді, куәгерлер ретінде, оған қоса күдіктілер ретінде жауап алынбады, бірақ 2012 жылы олардың мүлкіне тыйым салынды. Ал ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, мүлікке тыйым салуға байланысты барлық мәселелерді қылмыстық істі қарайтын сот шешеді. Біздің сізге өтініш беруден басқа амалымыз жоқ.

Бірақ төрағалық етуші судья оған отырысқа тікелей қатысуға рұқсат бермеді, ал өтінішті оқу үшін адвокат Жүнісбаевке берді. Өтініште туыстарының тыйым салынған мүліктерінің шығу тегі заңды екені; айыптау тарапында қылмыстық жолмен жинағаны туралы ешқандай дәлел жоқтығы айтылған.

«Бұл іске ешқандай қатысы жоқ айыпталушылардың апа-қарындастарына, жұбайларына, ата-аналарына тиесілі 100-ден астам жылжымайтын мүлікке тыйым салынды», - деп оқыды Жүнісбаев. Өз тарапынан ол қорғау тарапына танысу үшін тергеу барысында түсірілген аудио- және бейнежазбалардың ұсынылуын өтінді:

- Қорғау тарапы сотқа дейінгі бүкіл тергеу барысында осы жазбаларды көре алмады, алайда мен бұл туралы тергеушіден сұраған едім. Бұдан басқа, тергеу ісінен қылмыстық істің барлық 754 томымен танысу үшін маған жеткілікті уақыт беруін сұрадым, бірақ маған 15 күн ғана қосып берді - осы уақыт ішінде 12 томнан тұратын айыптау актісімен ғана танысып үлгердім. Негізгі сот талқылауы барысында да қосымша уақыт беруді өтіндім, бірақ сіз бас тарттыңыз.


Бірақ адвокаттың бұл өтініші де қабылданбады, содан кейін ол төрағалық етуші судьяға қарсылығын мәлімдеді:

- Мен сотқа сенімсіздік білдіремін және ол бұл іс бойынша айыптау үкімін шығаруға мүдделі деп ойлаймын.

Бас тарту туралы өтінішті басқа судья жарты сағат қарап шығып, оны қабылдамау туралы шешім қабылдады. Содан кейін Тыныштық Нұрымова сот отырысын жалғастырып, бірден тараптардың жарыссөзіне көшті.

Прокурор Досбол Бағытжанов айыптау ұстанымы мен оларға сұрап отырған бас бостандығынан айыру мерзімдерін атап,  сотталушылар мен олардың туыстарының қазақстандық және шетелдік банктердегі есепшоттарына тыйым салынғанын мәлімдеді (атап айтқанда Андорра княздығында 14 миллион доллар, Швейцарияда 80 миллион доллар екені анықталды).

AB Group компаниясының мүддесін қорғаушы Айгүл ЕРБӨЛЕКОВА мен зардап шегуші тараптардың басқа да өкілдері барлық айыпталушыларды кінәлі деп тануды өтінді.

- Адвокаттарға айыпталушылардың ұстанымы белгісіз, сырттай сот өндірісін демократиялық деп атауға болмайды, - деді жарыссөз барысында Жүнісбаев. Қалған адвокаттардың барлығы да өз қорғалушыларын ақтауды сұрады.

- Заң талаптарына сәйкес, сот барлық тараптарды тыңдады. Сот үкімін жариялау күні қосымша хабарланады – деп, Тыныштық Нұрымова сот процесін аяқтады.


Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.