Huawei ісі. Жабдықтар мен жансыздар. Қытай алаңдаулы.

14 қаңтар 10:43 930 рет қаралды


Қытайлық компаниялардың өндірістік барлау ісі бойынша күдікке ілінуі үйреншікті болып кетті. Жалпы, Қытайдың технологиялық жетістіктерін кәуділгі өндірістік құпияны қолды қылумен байланыстырушылар көп. Ал былтыр желтоқсанның басында технологиялық тайталас жаңа сипатқа қанығып, канадалықтар Huawei қаржы директоры Мэн Ваньчжоуды Ванкуверде тұтқынға алды.

Бұл енді өте күрделі жағдай. Себебі компаниядағы мұндай ірі шенеуніктің тұтқындалуы оның қор биржаларындағы әлеуетіне әсер етпей қймайды. Солай болды да: хабар шыққаннан кейін Оңтүстік-шығыс Азия қорлары ізе-шала индекстердің төмендеуімен жауап берді. Азия және Тынық мұхиты аймағындағы маңызды Nikkei,Hang Seng,Shanghai Composite индекстері орташа алғанда 2% жоғалтты. Ендеше, бұрын тек ақпараттық шабуылға ұшыраған Huawei енді бүйірден қаржылай соққы алды. Ал Huawei үшін дәл қазір әрбір тиын маңызды. Себебі маусымдық тауар шабуылын бастауға үлкен дайындық керек. Samsung, Apple сияқты бақталастарын былай қойғанда, екінші реттегі брендтердің өзі 2019 жылы аянып қалайын деп отырған жоқ. Huawei әзірге жарап тұр. Смартфон нарығында сату көлемі жөнінен Samsung-тен озып, Apple-дің өзімен иық тіресіп қалды.

Huawei компаниясына бұл жолғы шабуыл барлық тараптан болды деуге болады. Себебі тұтқындаумен бірге, Австралия мен Жаңа Зеландияда, АҚШ-та 5G желісіне өтуге дайындалған техникалық кешендерден Huawei жабдықтарын шектеу туралы әңгімелер шықты. Сайып келгенде, компания болашаққа сәтті инвестиция жасап, 5G желісіне арналған жабдық өндіруді ертерек жолға қойып алған сияқты. Әрине, онысы аталған елдердің мемлекеттік қауіпсіздік мәселелерін қозғамай қоймайды.

Компанияны АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетіресінің құрбаны деп отырғандар да баршылық. Екі тарап бұл сауда соғысында 90-күндік үзіліс алғанымен, Huawei хикаясы өз бетінше өрбіп жатыр. Канадалықтардан Huawei қаржы директоры Мэн Ваньчжоуды тұтқындауды өтінген АҚШ тарапы бұл оқиғаны саудамен байланыстырып отырған жоқ. Олар Huawei компаниясы АҚШ-тың Солтүстік Корея мен Иранға салған санкциясын бұзды деп отыр.

Huawei компаниясы болса, сараң мәлімдемелермен шектеліп отыр. Ол БҰҰ-ға мүше елдер, Еуроодақ пен АҚШ заңдарына, оның ішінде - экспортты бақылау мен санкциялар ережесіне сай бизнес жүргізіп отырғанын хабарлады. Сонымен бірге, компания АҚШ пен Канада құқық қорғаушылары әділ шешімге келетініне сенім білдірді.

Ал Қытай үкіметі мұны тек бизнес проблемасы деуге жоқ. Қытайдың Канададағы елшілігі жергілікті де, АҚШ-тың да заңын бұзбаған Қытай азаматы тұтқындалды деп мәлімдеді. Ал Қытай Сыртқы Істер Министрлігі адам құқығы бұзылғанын айтып, Мэн Ваньчжоуды дереу босатуды талап етті.

Кейін, 12 желтоқсан күні сот Мэн Ваньчжоуды  7,5 млн доллар кепілдік алып босатты. Соттың шешімі бойынша, Мэн Ваньчжоу электронды браслетпен, жұбайының Ванкувердегі үйінде жүруі керек.

Дегенмен, қорытынды күтіп отырған Батыс жоқ. British Telecom әлден-ақ өз инфраструктрасынан Huawei жабдықтарын алып тастады. 

Ал кеше, 12 қаңтар күні, поляктардың Варшавада Қытай және Польша азаматтарын тұтқындағаны туралы хабар келді. Олар Қытайдың арнайы органдарымен байланысы бар деген күдікке ілінді. Поляктың TVP Info телеарнасының хабарлауынша, Қытай азаматы - Huawei компаниясының Польшадағы бөлімінің сату бойынша директоры, ал Польша азаматы - сол елдің Ішкі қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы жоғары шен иесі. Оларға тыңшылық жасады деген айып тағылып, үйлері мен жұмыс орындарында тінту жүргізілген. Тыңшылық үкімет байланыс желілеріне қатысты болуы мүмкін, себебі телеарнаның тұжырымынша, ұсталған Польша азаматы кезінде Телеақпараттық қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары болған.

Дереккөз: baq.kz


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.