Сот хроникасы

22 желтоқсан 2018 13:17 1782 рет қаралды


Атырау қалалық №2 соты азамат Г.-ге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы ануарлардың пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысу) бойынша үкім шығарды. Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, биылғы тамыз айында ол Исатай ауданының Жанбай ауылында белгісіз адамнан 64 кг бекіре балығы мен 500 грамм қара уылдырық сатып алып, осы қылмыстық тауарын Атырауда қайта сатып жүрген жерінен оны Атырау облыстық МКД Экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері ұстаған. Сот Г.-ны кінәлі деп тауып, 1 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды.

Атырау қалалық №2 соты ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша айыпталған Атырау тұрғыны К.-ге қатысты қылмыстық істі қарады. Тергеу ісі биылғы жазда Абай көшесіндегі үйде оның 9 ойын терминалы бар астыртын ойын залын ұйымдастырғанын және ұсталған кезде 3 миллион теңгеден астам “табыс” тапқанын анықтады. Сот оны кінәлі деп тауып, 2 жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.

Махамбет аудандық соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-2-бабының 1-тармағы бойынша (Тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау) азамат Е-ге қатысты әкімшілік істі қарады. Іс материалына сүйенсек, Е. алкогольдік мас күйде Сарайшық ауылындағы үйдің терезесін сындырып, үй иесін соққыға жыққан. Сот отырысында құқық бұзушы өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді. Сот оны 9 күнге әкімшілік қамауға алу түрінде жаза қолданды.

Махамбет аудандық соты ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-тармағы (алаяқтық) бойынша С.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Тергеу барысында сотталушы С.-ның 35 мың теңгеге танысының ұлын Оралға жұмысқа орналастыруға уәде етіп, бірақ уәдесінде тұрмай,  телефон нөмірін өзгертіп, танысынан қашып жүргені анықталды. Тараптардың медиация тәртібімен ымыраласуына байланысты ҚР ҚК-нің 68-бабының 1-тармағының негізінде сот С.-ны қылмыстық жауапкершіліктен босатуға қаулы шығарды. Осы іс бойынша сот өндірісі тоқтатылды.

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.