​Елбасы ЕАЭҚ елдеріндегі қазақстандықтардың құқығын қорғайтын Заңға қол қойды

11 қазан 15:17 142 рет қаралды


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің азаматтары екінші мемлекеттің аумағында өндірісте зардап шеккен жағдайда, оқиғаны тергеп-тексерудің тәртібі туралы Заңға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап. 

Атап айтқанда, Президент «Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтары Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше екінші мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады. 

Еске салайық, аталмыш Келісім жазатайым оқиға салдарынан зардап шеккен Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер азаматтарының еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған. Заңның жобасын биылғы 27 қыркүйекте Парламент Сенатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова таныстырған болатын. 

«Келісім өз бетінше жұмысқа орналасқандар, сондай-ақ кәсіпорындар жұмысқа алған азаматтардың жазатайым оқиғаларға ұшырауын тексеру тәртібін бекітуге арналған. Жалпы алғанда, құжатпен Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтарымен басқа мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асырғанда болған өндірістегі жазатайым оқиғалар туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі меселелері реттеледі», - деді Мәдина Әбілқасымова. 

Сонымен қатар, Келісімде қатысушы елдер үшін өндірістегі жазатайым оқиға туралы актінің бірыңғай формасы бекітіледі (№ Н-1Е). Оқиғаны тексеру аяқталғаннан кейін, жұмыс беруші зардап шеккен қызметкерге жазатайым оқиға туралы актіні беруге міндетті.  

Ал актінің бір данасы жұмысқа орналастырушы мемлекеттің еңбек инспекциясына жолданады. 

«Топтық, ауыр немесе адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғаларды тексеру аяқталғаннан кейін, актіні тексеру материалдарымен бірге зардап шегуші азаматтың тұратын мемлекетінің уәкілетті органына жолданады. Мұнымен қоса, жазатайым оқиғаны тексеруге байланысты берілген құжаттар немесе екінші қатысушы елдің біреуінің аумағында жасалған құжаттардың көшірмелерін Қоғамдастықтың басқа елдері легализациялаусыз қабылдайды. Осыған байланысты жұмыскерге құжаттарды заңдастыру қажет болмайды», - деген болатын министр. 

Осылайша, задап шеккен азаматтардың денсаулығына келген зақымды өтеу және өндірістегі жазатайым оқиғамен байланысты өтемақы төлемдерін алу процесін біршама жеңілдетеді. Сонымен қатар, жұмысшының денсаулығына келген зиянды өтеу жұмысқа орналастырған мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Дереккөз: inform.kz




Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.