Түркияда өтетін сайлауда елдің мемлекеттік басқару жүйесі анықталады

19 маусым 2018 09:42 542 рет қаралды


Осы жексенбіде түрік елінде президенттік және парламенттік сайлау өтеді. Саяси додаға санаулы күндер қалғанда ел басқаруға үміткерлер мыңдаған халықтың қатысуымен алқалы жиындар ұйымдастырып, үгіт-насихат жұмыстарын күшейтіп жатыр.  

Маусымның 24-і күні Түркияда кезектен тыс сайлау өтеді. Бұл елде президенттік лауазымға 6 үміткер, ал парламентке 8 саяси партия таласқа түсті. Алайда зерттеу орталықтарының сауалнама нәтижелеріне сенсек, негізгі тартыс қазіргі Мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоған мен оппозициялық партияның үміткері Мухаррем Индже және сайлау алдында ғана құрылған «Жақсы партияның» көшбасшысы Мераль Акшенер арасында өрбімек. 

«Еуразия экономикалық қарым-қатынастар» қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Хикмет Эреннің айтуынша, үміткерлердің барлығы түрік саясатында ойып тұрып орын алған, елге танымал тұлғалар. Сол себепті алдағы саяси дода талас-тартысқа толы болмақ. 

Хикмет Эрен, «Еуразия экономикалық қарым-қатынастар» қауымдастығының төрағасы: - 

Маусымның 24-не түрік халқы сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасайды. Еліміз тұрақтылықты қолдап, дұрыс шешім қабылдайды деп сенемін. Әрине, биыл біздің мемлекет экономикалық қиындықтарға тап болды. Ұлттық валюта 25% құнсызданып, халықтың табысы мен тұтыну мүмкіндігі азайып кетті. Бұл сыртқы күштердің ықпалы болуы да мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Оппозициялық партиялар бұл сәтті өз пайдасына қолданып-ақ жатыр. Қалай десек те сайлаушылар осы жексенбіде барлық сауалға тоқ етер жауап бермек. 

Түркия президенттігіне үміткер Режеп Тайып Ердоған сайлаудың алғашқы кезеңінде-ақ жеңіске жететініне сенімді. Беделді орталықтардың сауалнама нәтижелері бойынша ол - сайлаушылардың 46 мен 51,5% аралығында дауысын алуы мүмкін. Ал егер үміткерлердің ешқайсысы белгіленген 50% межені бағындыра алмаса, онда екі аптадан кейін сайлаудың екінші кезеңі өткізіледі. Ол сәтте, қазіргі Мемлекет басшысының жағдайы тіпті қиындай түспек. Өйткені екінші айналымда оппозициялық партиялар бірігіп, араларынан ең көп дауыс алған үміткерді бірауыздан қолдайтындарын жариялады. 

Ясимин Сомунжу, Ыстамбұл қаласының тұрғыны: 

- Бұл кезектен тыс сайлау, негізі саяси дода 1,5 жылдан кейін өтуі тиіс болатын. Алайда президент және парламенттің шешімі осылай болды. Небары бір айдың ішінде, атқарушы билік пен оппозициялық партиялар коалиция құрып үлгерді. Сәйкесінше, ұстанымы бір бұл мүдделес партиялар өзара қоян-қолтық жұмыс істеп, үгіт-насихат шараларын да ортақ жүргізіп жатыр. Сайлау нәтижелерін тағатсыздана күтіп отырмын, еліміздің жарқын келешегі үшін дұрыс таңдау жасалсын деп тілеймін. 

Президенттіке үміткерлердің бірі Түркияның ең танымал саясаткері Селахаттин Демирташ. Ол террорлық ұйымға қолдау көрсетті, деген айыппен 2016 жылдан бері темір тордың ар жағында отыр. Демирташ президенттік жарыста жеңіске жетпесе де, оның Халықтардың демократиялық партиясы Парламентке өтуі әбден мүмкін. Сондықтан сарапшылар осынау тартысты саяси додада күрд сайлаушыларының дауысы шешуші рөл ойнайтындығын ескертеді. 

Ержан Жүніс, тілші: 

- Түркия Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында «егер атқарушы билік осы жолы жеңіске жетсе, онда президенттік басқару жүйесіне көшу туралы үрдісті толығымен аяқтаймыз» дейді. Ал оппозиция мұнымен келісер емес. «Егер билікті біз тізгіндесек, еліміз парламенттік жүйеге қайта оралады» деп, уәде етті. Сондықтан алдағы жексенбі күні болатын сайлау түрік халқы үшін өте маңызды. Өйткені олар мемлекет басшысына дауыс беріп ғана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты өз таңдауларын жасайды. 

Дереккөз: 24.kz


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.