​Қазақстанның ұлттық компанияларын ҚХР биржаларына шығару қарастырылуда – Елбасы

8 маусым 2018 16:25 1106 рет қаралды


Қазақстан ұлттық компанияларды Гонконг пен Шанхай биржаларына шығару мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы бүгін  Қытайға мемлекеттік сапары аясында осы елдің бизнес капитандарымен кездескен  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Біз ауқымды жекешелендіру жүргізіп жатырмыз. Тау-кен өндіру, металлургия, көлік және басқа да салалардағы кәсіпорындардың активтері сатылымға шығарылады. Таяу жылдардың ішінде біз «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» сынды ірі ұлттық компанияларды ІРО-ға шығаруды жоспарлап отырмыз. Біз нысандарға қатысты мәміле жасауда барынша тартымды ұсынысты айқындау үшін  шетелдік инвесторлар тарапының сұраныстарын зерделеудеміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Бұл ретте Мемлекет басшысы ұлттық компанияларды сатып алушылар арасында азиялық нарық басымдыққа ие екенін баса айтты. 

«Біз компанияларымыздың Гонконг пен Шанхайдың биржалық алаңдарына шығу мүмкіншіліктерін қарастырып жатырмыз. Бұған қоса, Шанхай биржасы  ендігі уақытта Астана халықаралық қаржы орталығының стратегиялық серіктесі саналады. Оны  ағымдағы жылдың  шілдесінде ашуды жоспарлап отырмыз және сіздерді қатысуға шақырамыз», - деді Елбасы. 

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапармен келіп, кеше ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Нәтижесінде бірнеше құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен, ҚР Президенті Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен кездесті. Бүгін, 8 маусым күні Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде Халық батырлары ескерткішіне гүлдестесін қою шарасына қатысты. 

Ал 10 маусым күні ҚР Президенті  Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысады деп күтілуде.

Дереккөз: inform.kz





Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.