Атырау суретшілері: Камила ЖАПАЛОВА

22 мамыр 2018 18:00 5446 рет қаралды


Жақында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде батик стилін сурет өнерінде қолданып жүрген суретші Камила ЖАПАЛОВАНЫҢ шеберлік сағаты өтті. Ол түрлі деңгейдегі халықаралық көрмелер мен байқауларға қатысуды қалт жібермеуге тырысады және бұл шығармашылық дамуына қосымша қарқын береді деп есептейді. Жақында оның жұмыстары Нью-Йорк қаласында өткен ART-EXPO халықаралық көрмесінде көрсетілді. 

- Бұл менің Нью-Йоркке екінші сапарым. Ең бірінші рет мен онда өткен жылдың қарашасында Орталық Азия өнерінің мұрасын насихаттауға арналған ART-NOMADS халықаралық көрмесіне қатысып келдім. Мұнда Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және тағы басқа көптеген елдердің суретшілері келді. Бастапқыда қалай болады екен, қалай қабылдайды екен деген қобалжу болды. Бекер қобалжыған екенмін, жұмыстарым көпшілікке ұнады. Екі жұмысым өтті. Біреуін сол елде тұратын қазақ алды. Екінші жұмысымды жеке галерея өкілі – коллекцияонер сатып алды.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Камила ЖАПАЛОВА 1972 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 1990-1993 жылы Шымкентте Ә. Қастеев атындағы көркемсурет уичилищесінде, 1997-1999 жылы Санкт-Петербордағы Мухин кәсіптік училищесін бітіреді. Иманғали Тасмағамбетовтың шақыртуымен 2000 жылы Атырауға келген. Атырау облыстық телеарнасында, Ш. Сариев атындағы өнер музейінде жұмыс істеді. Қазір АМУ-де дәріс береді. Ресей, Франция, Париж, Қытай, Түркия, БАӘ, Германия, Армения, АҚШ көрмелеріне қатысқан. ҚР Суретшілер Одағының және ҚР көркемөнер Академиясының корреспондент мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері.

- Қаншаға саттыңыз, құпия болмаса?

- Менің картиналарымның көлемі кіші. Сол себептен 500 және 1000 долларға бағалап саттым.

- Ол көрмеге қалай бардыңыз?

- Фейсбуктан ойламаған жерден бір кісі мені тауып алып, АҚШ-қа өзінің жекеменшік галереясына көрмеге қатысуға шақырды. Өзі суретші, ұлты қазақ, Алматыдан екен. 20 жылдан бері Нью-Йоркта тұрады. Студент кезінде кетіп қалған оқуға, сонда жүріп америкалық әйелге үйленген. Әйелі де суретші. Олар өздерінің үлкен жеке галереясын ашқан. Көрмелер ұйымдастырумен айналысады. 

Шақырған соң басында көп ойланып жүрдім. Тек баламның «мама, саған екінші шанс болмайды, бар» деген сөзінен соң барамын деп шештім.

NEW YORK REALISM FINE ART Нью-Йорк суретшілер қоғамының басқарма мүшелері сол көрмеден соң маған батик өнерін қазақ стилінде тұңғыш ашушы деген атақ беріп, алтын медальмен марапаттады.

- Нью-Йоркке екінші сапарыңыз туралы айтсаңыз.

- Алғашқы барған көрмемде басқа бір галерея басшысы мені 2018 жылы сәуірде өтетін ART-EXPO  көрмесіне қатысуға шақырды. Бұл әлемдегі ең үлкен көрменің құрылғанына 40 жыл болады екен. Биыл 100-ден аса елден 4 мыңға жуық суретші қатысты. Мұнда кез келген суретші қатыса алмайды екен. Ол үшін алдын ала апаратын жеті жұмысыңның фотосын электрондық почта арқылы көрсетесің. Оларды комиссия қарап, шақыру туралы шешім қабылдайды. Мені шақырды.

Өте әсерлі де сәтті өтті, көп суретшілермен, галерея басшыларымен танысып, байланыс орната бастадым. Тіпті бір галереялармен картиналарымды өткізу бойынша келісімшартқа отырдым. Онда қойылған көп жұмыстар Еуропа жұмыстары - көбі үлкен фото сияқты көрінетін интерьерге пайдалануға арналған картиналар. Менің жұмысым солардың арасында Шығыс Азияның энергиясын беріп, күн сияқты жарқырап тұрды (күлді). Бәрі жанында суретке  түсіп, картиналарыма оң баға беріп, мақтап жатты.

Енді осындай ART-EXPO көрмесі биыл қарашада Майамиде өтеді. Соған шақырту алып отырмын, бұйыртса барамын. Майамиде комиссия болмайды, онда мені тікелей шақырып тұр.

- Сізді өнерін бизнеске айналдырып отырған суретшілердің бірі деп айтуға болады ғой? Атырауда өз жұмыстарыңыз қойылған бутигіңіз бар. Суретшілердің өз картинасын сатып, табыс тауып отырғаны жоқтың қасы деп ойлаймын.

- Иә, біздегі ең күрделі мәселе бұл. Оны айтсақ, жаның ашиды өнерге. Мысалы, «мен суретшімін» деп тек сурет саламын деп отыра беретіндер бар. Көбісі жағдай болмағасын депрессияға ұшырап кетеді. Өнер адамдары нәзік болады ғой. Мен ондайға бармау керек деп ойлаймын. Әркім өзі үшін өмір сүреді ғой. Өз жағдайыңды өзің жасауың керек. Өзімнің әйтеуір пысықтығыммен күнкөріс қамы үшін жасап жатқан тірлігім бар. Қазір BatiKami деген брендпен өз қолым қойылған орамалдар шығарып жатырмын. Бағалары көлеміне қарай 7 мың теңгеден басталып, 30 мыңға дейін барады. Ол бизнесті бастар алдында мен қала әкімдігінен жеке кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарлама аясында 3 миллион теңге грант ұтып алып, батик стилінде сурет салатын аппарат сатып алдым. Мен көптен бері жиі болмаса да, тапсырыспен батик жанрында салынған суреті бар көйлектер дизайнын саламын. Соны да дамытқым келеді болашақта.

Жақсы бір пиар менеджер немесе продюсер болса, суретшілердің жұмыстары АҚШ, Еуропадағыдай жақсы бағаланады, бізді қоғам түсінетін болады. Мен АRT-EXPO көрмесіне барғанда, көп кісілердің қасында сондай бір менеджерлері жүрді. Мысалы, Ресейден Канадаға жолдасы екеуі көшіп кеткен Анна есімді суретші әйел көрмеге келді. Жолдасы да суретші, бірақ әйелінің өнерін алға бастыру үшін бизнеспен айналысып, әйелін жарнамалауға мол қаржы жұмсаған. Әйелінің картиналарын сатады. Көп картина әкелген солар және олардың барлық дерлік картиналары 40-50 мың доллардан сатылып, бірінен соң бірі өтіп жатты.

- Олардың командасы қалай жұмыс істеді?

- Аннаның қасында картиналарына жарнама жасап, жазылу тарихы мен мән мағынасын түсіндіріп, бес-алты адам жүреді. Жарнамадан бөлек, іс қағаздарды толтыру, жалпы ұйымдастыру жұмыстарын жасаумен айналысады. Ал анау суретші тек суретін салады. Жарнамасы мықты болғасын оны клиенттер өздері іздеп келеді екен. Олар сатылған картина бағасының 1 пайызын өздеріне алады. Ал суретші тек шығармашылықпен ғана айналысады. Мен сондай өнертанушы, суретшілерді жарнамалайтын, алға жетелейтін мамандарды оқытуымыз керек деп ойлаймын.

- Батиктің үлкен тарихы болса да, сурет өнерінде сирек қолданылады...

- Батик өнері өте нәзік жұмыс. Құпияға толы. Қазір батик туындыларын тұрмыста, әсемділікке интерьерге қолданады. Ал Қазақстанда әзірге батик өнерін ұлттық стильде, қазақи нақышта композиция салатын жалғыз мен. Бұл өнертанушылардың берген бағасы.

- Мен бір әріптесіңізден бұрын суретшілер арасында бақталастық, көре алмаушылық деген болу мүмкін емес деген пікір естідім. Келісесіз бе? 

- Әркімнің материалы өзінде, әркімнің ой қиялы, бәрі адам жан дүниесінен шығады ғой. Ол жағынан қандай қызғаныш болу мүмкін? Әркімнің өз таланты бар. Бірақ, суретшілер арасында бақталастық жоқ деп айта алмаймын. Өз басым әйтеуір, ондайға мән бермеймін. Мені көре алмай жатса, іштей «жақсы, оған да көндік» деп, сөз таластырмай өз жұмысымды жасап жүре берем. Негізі, іштарлық керек емес. Жақсы салып, көзге көрініп, жетістігі артып келе ме, сен де одан асып жұмыс жаса. 


Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ




Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.