​Иран 2015 жылы қол қойылған ядролық келісімді қайта қарастырмайтынын мәлімдеді

4 мамыр 2018 09:23 678 рет қаралды


Иран 2015 жылы қол қойылған ядролық келісімді қайта қарастырып, түзетулер енгізбейді. Бұл туралы осы елдің сыртқы істер министрі мәлімдеді. 

Оның айтуынша, Иран келісімді адал орындап келгендіктен, оны талқылауға негіз жоқ. 

Еске сала кетейік, 2015 жылы АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай және Германия Иранмен осы елдің ядролық бағдарламасын реттеуге бағытталған келісімге қол қойған. Онда Тегеран өзіне алған міндеттерді орындағаны үшін осы мемлекетке салынған санкцияларды алып тастау қарастырылған. 

Алайда Дональд Трамп билік басына келген соң құжатты сынап, оны қайта қарау керектігін айтты. Ал АҚШ Конгресі қабылдаған заңға сәйкес ел басшысы әр 90 күн сайын оның мерзімін созып отыруы керек. Сондықтан президент Трамп 12 мамыр күні шешім қабылдауы тиіс. 

Мохаммад Джавад Зариф, Иран сыртқы істер министрі: 

– Біз бұл келісімді талқылап, оған ешқандай түзетулер енгізуді қаламаймыз. Өйткені өзімізге алған міндеттерді тиянақты орындап келдік. Ал АҚШ болса келісімшартты бұзды. Әсіресе Иранмен байланыс орнатуға талпынған елдерге қысым көрсетіп отыр.

Дереккөз: 24.kz


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.