Шаруашылықты кім жүргізеді

21 ақпан 2018 12:24 2544 рет қаралды

Атырау облысы әкімінің жыл сайынғы есебі қарсаңында бір күнде оның орынбасарлары - Жасұлан СҮЙІНШӘЛИЕВ пен Сағындық ЛҰҚПАНОВ брифингтер өткізді.


ПОЛИЦЕЙЛЕР КӨЛІГІН ҚАЙДА ҚОЯДЫ?

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және энергетика саласына жетекшілік ететін Сүйіншалиев брифингті диалог форматында ұсынып, дайындалған баяндаманы оқымады. Цифрларға толы баяндама іс-шарадан кейін журналистерге ұсынылды.

«АЖ» сұрақтары:

ІІБ, прокуратура қызметкерлері, сондай-ақ оларға келушілер көліктерін «Идеал» супермаркетінің маңына және жақын жердегі үйлердің аулаларына қоюға мәжбүр. Әкімдікке ТШО-мен келісім жасауына болмай ма? Өйткені ТШО паркингі жақын жерде орналасқан және көп жылдардан бері оның едәуір бөлігі бос тұр.

- ТШО-ға іргелес аумақ екі бөлікке бөлінеді. Бірі - компания қызметкерлері үшін көлік қоятын орын, ол толық пайдаланылады. Екінші бөлігі - халықаралық ережелер бойынша төтенше жағдайлар кезінде қызметкерлерді жинау үшін қарастырылған.

- Сол «Идеалға» қарсы үлкен жер телімі бос тұр: ол кімге тиесілі және қашан пайдаланылады?

- Құлманов көшесі, 33 мекен-жайындағы жер телімі тутұғыр орнатуға арналған саябақты салу үшін бөлінген. Тапсырыс беруші - Атырау облысының құрылыс басқармасы.

- Исатай ауданында жел электр қондырғыларын қай компания салып жатыр? Қаржыландыру сомасын атасаңыз.

- Жоба құны 12,3 млрд теңге, 32 қондырғыдан тұратын кешеннің жалпы қуаты 52 мегаватт. Мердігері - «ВетроЭнергоТехнологии» ЖШС. Іске қосу мерзімі 2020 жыл болып белгіленді.



Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолының реконструкциясы қашан басталады? Түрлі мерзімдер аталды. Исатай ауданындағы Тұщықұдық ауылында айналма жол қандай болады?

- Жобалау-сметалық құжаттама дайын. Ақтөбе-Атырау аралығын қайта жаңғыртуға мердігермен келісім шарт жасақталып, құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жобаның бұл бөлігін Азия даму банкі қаржыландырады.

Атырау-Астрахань бөлігін Ислам даму банкінің есебінен жүзеге асыру жоспарланған. Жұмыстар биыл басталады. Тұщықұдық ауылы арқылы ұзындығы 17 шақырым болатын айналма жол ауылдың сол жағымен айналып өтеді. Тұщықұдық пен Аққыстау ортасынан өтетін жол осы жоба арқылы күрделі жөнделіп, жергілікті атқарушы органдардың балансына алынатын болады.

- Биыл қанша үй салу жоспарланып отыр?

- Жалпы ауданы 305 мың шаршы метр болатын 3892 пәтерлік 44 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде биыл жалпы ауданы 172 мың шаршы метр 2164 пәтерлік 34 үйді пайдалануға беру жоспарланған. Тұрғын үй құрылысын жалғастыру үшін жалпы алаңы 1400 га болатын аумақ бөлініп, жаңа ықшам аудандарда 25 мың пәтерден астам 430 үй салу жоспарлануда.

2018 жылдың 1 қаңтарындағы ахуал бойынша облыста мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға 24,7 мың адам кезекте тұр (Атырау бойынша – 19,4 мың адам). 

- Салынып бітпеген концерт залы мен монша-сауықтыру кешенінің бүгінгі тағдыры туралы не айта аласыз?

- Бұл нысандардың құрылысы 2010-2011 жылдары басталды, бірақ мердігерлердің жауапсыздығы салдарынан 2012 жылы тоқтатылды. Концерт залы бойынша мердігерге жалпы құны 3,8 млрд теңгенің 2,3 млрд теңгесі төленді. Бірақ сот-құрылыс сараптамасы тек 1,3 млрд теңгенің ғана жұмысы орындалғанын анықтады. Сот мердігерді «жоғалған» миллиардты бюджетке қайтаруға міндеттеді.

Бүгінгі күні жергілікті бюджет есебінен концерт залының жобалау-сметалық құжаттамасын түзетуге қаржы бөлініп, мұнымен «ПТИ Пищепром»  ЖШС айналысуда. Қазір нысан уақытша құрылыс басқармасының балансында тұр. Құрылыс биылғы жылдың екінші жартысында жалғасады деп күтілуде.

Монша кешеніне келер болсақ – құрылысқа 840,5 млн теңге бөлінді, бүгінде оның 746 милионы игерілген. Қазір нысан құрылысын аяқтау үшін мемлекеттік-жеке әріптестік механизмі қаралуда.

- Драма театрын қалпына келтіруге 800 млн теңге бөлінді. Бірақ жақын арада ол жерде күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі қалпына келтіру жұмыстары қаншалықты қажет болды?

Бұл сұраққа облыстық құрылыс басқармасының бастығы Мәлік АМАНОВ жауап берді:

- Ия, жөндеу екі жыл бұрын жүргізілді, сол кезде қасбеттер мен төбе жабындысы жаңартылды. Ал қазіргі жөндеу жұмыстары ғимараттың ішіне жүргізіледі. Мердігер - «Жиенбай» ЖШС. Қалпына келтіру жұмыстарының мақсаты – ғимаратты пайдалану көрсеткіштерін жақсарту, көрермендер залының акустикалық жүйесін заманауи талаптарға сәйкестендіру. Сондай-ақ, әкімшілік кабинеттерге, санитарлық тораптарға, көрермендер залының желдету жүйелеріне және т.б. жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қалпына келтіру жұмыстары жарты жылға созылады.



 

ӨЗІМІЗДІҢ ЖӘНЕ БАСҚА ЖАҚТЫҢ ХИМИКТЕРі

Сол күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Сағындық ЛҰҚПАНОВ журналистердің сұрақтарына жауап берді.


«АЖ» сұрақтары:

- Біздің өңірде лаванда алқабын, бизондар өсіру және т.б. 11 ірі жоба бойынша француздық Issmat investment&finance компаниясымен келісім қай деңгейде жүріп жатыр?

- Инвесторлар өз идеяларын жүзеге асыру үшін келеді. Ал жергілікті атқарушы органдар оларға жағдай жасауға тиіс. Олар осы 11 жоба бойынша негіздеме әкелмеді, бірақ өз ниеттерін білдірді. Әр жоба жүзеге асыру алдында зерттелуі тиіс. Олар 2 жоба бойынша зерттеу жұмыстарына 50 млн теңге бөлді - бұл лаванда алқабы мен жылыжай құрылысы. Дегенмен, әзірге бәрі тоқтатылды. Біз тек зерттеу жүргізу үшін 700 және 900 га жер телімдерін ұсындық.

- Химиялық реагенттер зауытының қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі тыңдауларда жергілікті ғалымдар мен белсенділер оның Атырауда салынуына қарсы болды. Бұл жобаның тағдырына әсер ете ала ма?

- Егер өнім нарықта сұранысқа ие болса, ол іске асырылу үшін қалай болғанда да жол табады. Қоғамдық тыңдауларда жоба авторлары бұл жаңа зауыттың экологиялық зиян келтірмейтінін дәлелдеді.



Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.