"Спорт менің өмірімді өзгертті"

18 қыркүйек 2017 10:33 4224 рет қаралды


Атыраулық Қуаныш ТӘЖІКОВТІҢ екі аяғы болмаса да, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі баланың әкесі.

Қуанышпен және оның жұбайы Іңкәрмен алдын ала келісілген жерде, Қуаныштың жаттығу орыны, әрі екеуі үшін қасиетті орынға айналған «Мұнайшы» спорт кешенінде кездестік.

БАЛАЛЫҚ ШАҚПЕН ҚОШТАСУ

Жүздері бал-бұл жанған екі ғашық мені күлімсірей қарсы алды. Қуаныш бақытсыз жағдайға қалай ұшырағаны туралы айтып берді:

- Бұл 1997 жылы болды. Менің жасым 11-де еді. Біз «Стройконторада» тұрдық. Балалармен бірге жақын маңдағы Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) қатынайтын пойыздарға мініп, ойнағанды жақсы көретінбіз. Сол күні зауытқа кетіп бара жатқан, өткелде тұрған пойыздың соңғы жағындағы цистерналарының біріне секіріп мініп, бірге қозғалмақшы болып, ілініп алдым. Бір кезде пойыз керісінше артқа қарай жүріп, аяғым тайып кетті де, мен астына түстім. Бірнеше цистерна аяқтарымды езіп, лезде өте шықты. «Көмектесіңдер!» деп айқайлауға ғана шамам келді. Біраз жерге дейін жылжып барған пойыздан секіріп түскен машинист маған қарай жүгірді. Жылап, бірдеңелерді айтып жатты. Мені көтеріп алып, көлік жүретін жолға дейін әкелді де, таксиге отырып, ауруханаға апарды...  

Ауырсынғаны өз алдына, мұны естігенде әке-шешемнің ұрысатынын ойлап, қатты қорықтым. «Папа-мамама айтпаңызшы!» деп машинисттен өтінгенімді білемін. Әлсін-әлсін есімді жоғалттым. Бір оянғанымда «жедел жәрдемде» келе жатқанымды, енді бір есімді жиғанда аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр екенмін. Палатаның терезесінен қарап, ағыл-тегіл жылап тұрған әке-шешемді көрдім, ар жағы есімде жоқ.

Ауруханада бақандай алты ай жаттым. «Аяғым қайда?» деп, бірнеше рет медбикелер мен дәрігерлерге шу шығарған күндерім де көп болды...

Жарты жылды ауруханада өткізгесін, ойын баласы ол жерден арбаға таңылған күйде балалықпен біржолата қош айтысып шығады. Ал келесі жылы Алматыдан протез жасаумен айналысатын мамандар келіп, жасанды аяқ жалғап беріп кетеді.


ЖЕҢІСТІҢ ДӘМІ

2006 жылдың мамырында Атырау қалалық жұмыспен қамту бөліміндегілер Қуаныштың әке-шешесінің үйіне телефон шалып, 1 маусым - Балаларды қорғау күніне орай мүгедектер арасында «Мұнайшы» спорт кешенінде спартакиада ұйымдастырылып жатқанын айтып, соған Қуанышты қатысуға ұсыныс жасайды. Келісім берген ертесі күні мамандар автокөліктерімен келіп, оны «Мұнайшы» спорт кешеніне апарады. Бұл жерде Қуаныш алғаш рет өзі секілді мүмкіндігі шектеулі адамдармен үстел теннисінен сайысқа түсіп, І орынды жеңіп алады.

- Сол кезде маған Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, ҚР бас бапкері Бауыржан ТАХАУОВ жаныма келіп, Атырауда мүгедектер арасында волейболды отырып ойнаудан секция барын айтып, қатысуға шақырды. Мен бірден келісімімді бердім. Жаттығуға келген жігіттердің бастапқыда аяқ-қолы сау болып көрінді маған, тек киініп-шешінетін орыннан аяқсыз шығып жатты. Олармен таныстым. Алғашқы күннен-ақ жаттығу ұнағасын, үзбей қатынасып жүрдім, ұстаз еңбегіне дақ түсірмеуге тырыстым, - дейді Қуаныш.

Қуаныштың іштей өзіне берген серті оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Ол сол 2006 жылы Атырауда мүгедектер арасында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, алтын алқаны команда мүшелерімен бөліседі. Келесі жылы бұл команда Талдықорған қаласындағы паралимпиадалық ойындарда ІІ орын алып, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жастар арасында өткен әлем чемпионатына жөнеледі.

- Бұл менің шетелге алғаш шығуым еді. Одан кейін осы спортқа келуімнің арқасында Польша, Қытай, Ресей және басқа да елдерге спортшылармен турнирлерде сайысқа түсіп жүрдік. Ал спортқа келмес бұрын бұл менің түсіме де кірмеген еді.

Біз Рио-де-Жанейро қаласындағы турнирде соңғы орынды иеленді. Бірақ, жеңіс пен жеңілістің қатар жүретінін біз білеміз. Көп уақытымызды жаттығу залында өткіздік. Екі жылдан соң Қазақстан чемпионаттарына, екі жыл сайын өтетін әлем чемпионатында Иранда өткен халықаралық турнирде қола жүлдені қанжығаға байлап қайттық. Ал 2010 жылы АҚШ мемлекетінде өткен әлем чемпионатында да топ жарып, жүлделі І орынға ие болдық, - дейді Қуаныш күлімсіреп.


БАҚЫТ ҚҰШАҒЫНДА

Қуаныш болашақ жары Іңкәрмен осы «Мұнайшы» спорт кешеніндегі жаттығу залында танысады. Іңкәр ол кезде таеквандо секциясына қатысып жүрген.

- Аллаға шүкір, әке-шешем көзі ашық, сауатты адамдар. Қуанышпен кездесіп жүргеннен бастап, оларға жігітім туралы жасырмай айттым. Арамызда махаббат барын да жеткіздім. Сонда әкемнің маған берген жауабы: «Қызым, өз ақылың өзіңе жетеді. Ересек адамсың. Сенің бағыңды байламаймыз». Қуаныш құда түсті, үлкен той болды.

Әлі есімде, екеуміз отбасын құрып, еншімізді алып, бөлек шыққаннан кейін атам (Қуаныштың әкесі) маған көліктің кілтін сыйға тартып тұрып: «Қызым, енді баламның екі аяғы сенсің. Осы көлікпен Қуанышты керек жеріне апарып тұрарсың» дегені. Марқұм атамның аманаты орындалды, сол көлікпен Қуаныш екеуміз бірталай жерлерге бардық, - деп әңгімесін әрі қарай жалғады Іңкәр. - Ғашықтықта көз көрмейді, құлақ естімейді деген рас екен. Оның аяғы жоқтығы менің оған ғашық болуыма кедергі болмады. Қуаныш кездесіп жүрген кездерімізде мені қамқорлағанда, кез келген сері жігіттен асып түсті. Тіпті, кейде «он екі мүшесі сау жігіттің қолынан мені дәл осылай бақытты қылу келер ме еді?» деген ойға да қалам.

Шет елдерге олимпиадалық жарыстарға шыққан сайын маған қымбат сыйлықтар әкелетін. Ой, не сыйламады дейсіз?! (күлді). Әтірден бастап, алтын алқа, сақина, бәрін-бәрін алып берді ғой. Бірақ, мен үшін үлкен сыйлық - оның өз отбасына аман оралуы еді.  

- А, иә, бір күні жаттығу залында шынығып жүрсем, мұрныма таныс әтірдің иісі келді. Жан-жағыма қараймын, кәдімгі шет елде жарысқа барғанда, өзім сатып алған, әйелдерге арналған «Versage» әтірінің иісіне ұқсайды. Айналаны көзбен шолып, біраз іздедім. Бір кезде қасымдағы жолдас жігіт: «Жоғарыдан Іңкәр қарап тұр» деді. Мен сыйлаған әтірдің иісі бүкіл залды алып кеткен ғой! Қазір де «дәл сондай әтір сыйлашы» деп жүр, бірақ ол үшін АҚШ-қа бару керек. Өйткені, қанша жерден сатып алсам да, жұбайым «бұрынғыдай емес» деп ренжиді, - деп күлді.


«БӘРІ ДЕ СЕН ҮШІН»

Қуаныш тек спортшы ғана емес, арбада отырып билеуден де алдына жан салмайды. Шымкентте әкім Кубогі үшін өткен республикалық жарыста І орынды, Павлодар қаласындағы паралимпиадада ІІ орынды жеңіп алады. Ал Санкт-Петербургте Халықаралық паралимпиадалық комитеттің қолдауымен 18 елден қатысқан мүгедек спортшылар арасында арба үстінде спорттық билеуден өткен әлем Кубогінде Италияда өтетін әлем чемпионатына қатысу құқығын жеңіп алады. Бірақ, Қуаныш ол жарысқа қатыспайды, онымен тұспа-тұс келген отырып ойнау волейболынан өтетін жарысты таңдайды. Дәл сол кезден бастап ол арбада отырып билеуге қайта оралмаған.

Ал өткен жылы команда спортшылары Алматы қаласында дәрігерлік тексеруден өткен кезде Қуаныштың жүрегінен ақау табылып, дәрігерлер оған «миксома» диагнозын (жүректің қатерсіз ісігі) қояды. Белгілі бір уақыттан соң оған Астанадағы Ұлттық кардиология орталығында ота жасайды. Бәрі сәтті өтеді. Алайда, дәрігерлер оған ауруынан толық жазылып кетпейінше, спортпен айналысуға тыйым салады. 


- Бірақ, мен спортсыз отыра алмаймын ғой, - деп күледі Қуаныш. –Қазір тапаншамен атуды үйреніп жүрмін. Одан ағзаға күш түспейді. Жаттықтырушым - Руслан АЙТБАЕВ. Қыркүйектің аяғында республикалық жарыс өтеді. Бұл төрт жылда бір рет өтетін спартакиада. Сондықтан мен бұл жарыстан қалайда І орын алуым керек. Және өзімнің волейбол командама қайта оралуымды асыға күтім жүрмін.  

Қуаныш пен Іңкәр Қадіржан, Сұңқар есімді сүйкімді ұлдарын тәрбиелеп, өсіріп отыр.

Менің қоштасарда бақыт туралы сұрағым артық болған шығар.    

- Әрине, мен бақыттымын! Спорт менің өмірімді өзгертті, өміріме мән берді. Бұл жерден мен өзіме керектіні, денсаулығыма пайдалы істі, ең маңыздысы - өмірлік жарымды кездестірдім. Жұбайым Іңкәр менің өмірімді одан әрі нұрландыра түсті. Мұны сөзбен айтып жеткізу қиын...

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

Суреттер Қуаныш Тәжіковтың отбасылық мұрағатынан алынды



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.