Астрахан тас жолы қандай болмақ?

26 маусым 2017 17:21 3377 рет қаралды

Қазір құрылысы жүріп жатқан Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы автокөлік жолы 3 жылдан соң пайдалануға берілетінін хабарлаған болатынбыз. Жолдың қандай болатыны туралы біздің редакциялық сауалымызға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы директоры Дәурен ЕРҒАЛИЕВ жауап берді.

- Автокөлік жолының бойында қандай ғимараттар, жолаушыларға қызмет көрсететін орындар салынады?

- Жоспар бойынша көлік жолындағы барлық елді мекендердің тұсынан биіктігі 2,5 м, ені 4 м шамасында мал өтетін арнайы өткізгіштер салыну көзделуде. Сонымен қатар, автобус аялдамалары, демалыс алаңдары, дәретханалар, эстакада, жеңіл және ауыр салмақты көлік қоятын автотұрақтар құрылысы да жоспарда бар. Көлік жолы жарықтандырылады.

- Төселетін асфальттың сапасы туралы айтып берсеңіз. Қандай материалдар қолданылады?

- Жол салатын құрылыс материалдарына қатысты: төселетін жол жамылғысының жоғары қабатына соңғы кезде қолданылып жүрген жаңа технологиялардың бірі ЩМА (шағылтасты-мастикалық асфальтобетон) қолданылатын болады, басқа да конструкциялық қабаттарына полимерлі қоспалар қосылып күшейтіледі. Сапасы жоғары жол-құрылыс материалдары Ақтөбе, Алматы қалаларынан алынады. Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін аталған жол ІІІ техникалық санаттан ІІ техникалық санатқа ауысып, яғни, жол төсемесі түгел ауыстырылып (жол жамылғысының конструкциялық қабаты орташа 75-80 см), кеңейтіліп (жолдың жүру бөлігінің ені – 9 м), күшейтіліп, көпірлер, су өткізгіш құбырлар қайта салынады және әрбір оське түсетін салмақ 8 тоннадан 13 тоннаға дейін нығайтылады.

- Салынған жолдың кепілдік мерзімі қанша жыл?

- Жол құрылысы аяқталған соң келісімшартқа сәйкес кепілдік мерзімінің уақыты көрсетілетін болады.

- Жұмыстардың нақты басталатын уақытын атаңызшы?

- Құрылыс жұмыстарының нақты басталатын уақыты тендер аяқталған соң анықталады.  

- Жұмыстарды жүргізетін мердігер компания анықталды ма?

- Құрылыс жұмыстарын атқаратын мердігер мекемелер арнайы өткізілетін тендердің шешімінен кейін анықталады.  

Бүгінгі күні «Атырауинжстрой» ЖШС мердігер мекемесінің күшімен «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» автокөлік жолының 458-468 шақырымы аралығында (ұзындығы 10 шақырым) қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.