Мәңгілік қозғалтқыш және Әмірдің шамы

12 сәуір 2017 17:49 4387 рет қаралды


Электр энергиясын, тіпті, жемістер мен көкөністерден де алуға болатынын білесіз бе? Мәселен, қарбыз, алма мен апельсин 2 вольттық, ал лимон тек 1 вольттық электр кернеуін береді екен. Мұны мен де білмейтін едім. Маған бұл туралы екінші сынып оқушысы Абай ТАҒАШОВ айтып берді.

Ол да №30 мектептің 7-сыныбында оқитын ағасы Әмір ТАҒАШОВ секілді ғылыммен айналысады. Үлкен ғылымның өзі ұсақ-түйектен: адамның күнделікті заттар мен құбылыстарға шынайы қызығушылығынан басталады. Неліктен жел соғады, сүйікті итіңнің тегі қандай... 

Бастысы, осы қызығушылықты байқап, оны қолдау керек. Ал ағайынды Тағашовтардың бұл тұрғыда жолы болған. Ұстаздары Алла Аликовна ТРОФИМОВА кез келген нәрсе туралы, тіпті, бір қарағанда іш пыстыратын құбылыстың өзін жер бетіндегі адам сенбейтін оқиға секілді әңгімелеп береді. Ата-аналары Еркебұлан мен Нұрсұлу да балаларына қызықты тақырып үшін олармен бірге әдебиеттерді қопарып, қажетті кітапты алу үшін басқа қалаға баруға, балаларына қажетті детальді тауып беру үшін бүкіл электр аспаптарын бұзып тастауға әзір. Ал әкелері, тіпті, дәнекерлеп жамауды да үйреніп алыпты.

Наурызда ағайындылар Астанада өткен «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалардың республикалық байқауында әрқайсысы өз санаттары бойынша жеңімпаздар атанды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400-ден астам жас зерттеуші қатысты. Әмір орташа сынып оқушыларының арасында физика бойынша бірінші орын алса, Абай төменгі сынып оқушыларының арасында үздік физик атанған. 

- Алғашқы ғылыми жұмысты Әмір 5-сыныпта жазды. Ол жай және құрама сандарға арналды. Бұл өте қызықты болады екен. Біз үлкен кестелерді басып шығарып, дайындалып, бірден жүлделі орын алдық. Жеңіс бізді қанаттандырып жіберді, - деп шабыттана әңгімеледі Нұрсұлу. Оның балаларының әуестіктеріне дем беретіні көрініп тұр.

Сол кезде алтыншы сыныпта оқитын Әмірдің «алтын қима» туралы қолға алған екінші тақырыбы анағұрлым күрделірек болған. Алтын қима бойынша қар бүршігін тұрғызу үшін бала сәулет жобалауға арналған «AutoCAD» бағдарламасын меңгерген. Оны егжей-тегжейлі жақсы білемін деп, тіпті, кейбір ересек мамандардың өздері де мақтана алмас еді. Осы кезде оған тәжірибелі инженер – Айсұлу тәтесі көмекке келген. Бұл жұмысқа отбасымен үлкен үміт артты. Салмақты тақырыпты ашу үшін балаға жаңа білім, көп уақыт пен күш қажет еді. Нәтижесінде оған «Алғыс хат» табыс етілді. Әмірдің қаншалықты күш салғанын, қаншама күні мен түнін өткізіп, жұмысын зерттегенін білетін ата-анасы жеңімпаздың зерттеуі қандай болуы тиіс деп таң қалды. Бірден айтайық, ерлі-зайыпты Тағашовтар бәсекелестерінің жұмыстарымен таныса алмаған. Білім беру жүйесінің түрлі деңгейлеріндегі ұзақ әңгімелерден кейін «жұмыс түптелмегендіктен... жүлделі орын ала алмай қалған» деп түсіндірген. Нұрсұлу ғылыми жұмыстарды ресімдеу ережесін тауып алды. Енді бүкіл зерттеулерді, тіпті, үтірге дейін мін таға алмайтындай етіп ресімдейтін болды. Содан бері қарай ата-анасы байқаулардың ашық форматта өтуіне қол жеткізіп отырады. Бұл ұйымдастырушыларға да қолайлы: керексіз жорамалдар мен әңгімелер болмайды. Бәрі ашық, күмән келтіретіндер жеңімпаздардың жұмыстарымен танысып, салыстырып, талдау жасай алады. Әзірге жеңіс жүйе жағында.


БАЙҚАУЛАР ТУРАЛЫ

Қызметіме байланысты балаларына лайықты баға бермеді, олимпиададағы бүкіл орындар алдын-ала қажетті адамдар мен олардың туыстарының балаларына бөліп берілді деп есептейтін ата-аналардан шағымдарды жиі естуге тура келді. Білім беру жүйесі өкілдерінің қарама-қайшы пікірлерін де тыңдадым: әдеттегідей, бәрі әділ, ал «шындықты жақсы көретіндер» тек өздерінің балалары жүлделі орын алмағандықтан осындай әрекеттер жасайды, дейді олар. Мұны бүгінде Атырау облысының білім беру жүйесінің ахуалы айқын сипаттайды. Бұл туралы біз де нашар дейміз немесе түк демейміз. Біздің бұған етіміздің үйреніп кеткені сондай, бұған баяу жүретін емделмейтін ауру секілді қараймыз. Жыл сайын ҰБТ қорытындылары пациенттің жағдайы жақсармай отырғандығын растайды. Тіпті, жақсы педагогқа жекелеген мақтаулар немесе балаларымыздың конкурста алқа алғандығы туралы сирек хабарларды қоғам: «иә, бұлай болып тұрады, бірақ, бұл пациенттің жағдайына еш әсер етпейді» дегендей, қоғам салғырт қабылдайды.

- Мен мұнымен үзілді-кесілді келіспеймін! Бізде қарапайым мектептерде сабақты құлшыныспен оқитын, ата-анасының түрткілеуінсіз өздері конкурстарға қатысатын балалар көп. Жоғары оқу орындарында да бәрі ақшамен оқымайды, - дейді сеніммен Нұрсұлу. Ол сіңлісімен және оның жұбайымен жергілікті мұнай және газ институтында бірге оқыған екен. Олар біздің мұнайшыларымыздың білімі астаналық жоғары оқу орындарының түлектеріне қарағанда жоғары екендігіне әлденеше рет көз жеткізіпті. 2-3-курстың деңгейіндегі бірер сұрақтан кейін бәрі айқын болады. Алайда, білуге құмарлықтың бүршігін, оқуға, өз ойын білдіруге қызығушылықты үнемі байбалам салып, бәріне тыйым салып, құпиялауға талпынатын рақымсыз, ақымақ жүйе құртып жібереді. Нұрсұлу бәрін айқаспен алуға тура келетінін жасырмайды. Анасы мен мұғалімі зерттеудің ғылыми бөлігіне жауап берсе, әкелері – балалардың құқығы үшін күреседі.

– Ата-аналарды балалары жобаларды қорғайтын залға ешқашан жібермейді. Тек байқауға қатысушылар мен қазылар алқасы ғана болады. Ал бұл үнемі объективті бола бермейді, - дейді Еркебұлан.

Республикалық байқауларда қазылар алқасының жұмыстарды қарау көзқарасы өңірлік сайыстарды жеңіл-желпі қараудан көп ерекшеленеді. Ол жақта балаларды мұқият тыңдайды, аяғына дейін әңгімелеуге мүмкіндік береді, ұсынылған материалдарды қарап, сұрақтар қояды.

- Бізде мында (Атырауда) тіпті, фильмді көрсетуге мүмкіндік бермейді. Ал біз оны конкурс үшін арнайы түсірген едік, - дейді кішкентай Абай ойында қалған ренішін жасырмай.

ДӘНЕКЕРЛЕГІШПЕН ӨТКІЗГЕН ТҮН

Маған шабыттанып, шеберлікпен баяндаған Абайдың таныстырылымы үлкен әсер қалдырды. Зерттеу үшін идеялардың қалай пайда болатынын, ата-аналардың балалары үшін салмақты ғылыми әдебиеттерді қалай бейімдей білетіндігін, белгіленген мерзімге үлгеру үшін жұмыстың алға басу процесін қалай ығыр қылмай үнемі бақылайтынын, жұмысына араласпай және жетекшілік етуге тырыспастан қалай көмектесіп, бағыт беруге болатынын түсінгім келді. Мұндай байқауларға ықтимал қатысушылардың барлығына «қалай?» деген сансыз сұрақтың жауабы қызықты болатын шығар.
Кез келген тақырыпты таңдауға болады. Біздің қатысушыларымыз, мәселен, ұлт тарихы, мәдениет және салт-жоралғы тақырыбында зерттеу жүргізгенді ұнатады. Домбыраның пайда болу тарихы туралы, нумерологияның, әсіресе, қазақ мәдениетінде «7» санының ерекше мағынасы туралы әңгімелейтін ұлттық киім киген ұлдар мен қыздар – бұл үйреншікті құбылысқа айналған. 1-сыныпта Абай, мәселен, өз иті – Хлое лақапты швейцарлық ақ овчарка туралы жұмысын әзірлепті.
Тағашовтар идея туындау үшін ғылыми парктерге барып тұрады. Мұндай парктер көрші Ресейде, әсіресе, Мәскеуде өте көп. Абайдың екінші ғылыми жұмысы – Самара паркінде сатып алынған «Галилео» ойыншығын – картоп сағатты зерттеу нәтижесі болған. Кішкентай балалардан ешкім де үлкен жаңалықтар күтпейді. Алайда, олардың зерттеулерге қызығушылық тудыруы құрмет пен ынталандыруға лайықты. Жұмысты әзірлеу кезінде шынымен де құрғақ тілмен жазылған, балалар түсінігіне қолжетімді бола бермейтін ғылыми әдебиеттер көп қолданылады. Сондықтан алдымен бұл кітаптарды анасы Нұрсұлу оқиды. Содан соң оларды серуен кезінде балаларымен бірге талқылайды. Әкесі өте жақсы әңгімелейді, түсіндіреді. Көп нәрселерді балалар өзара талқылайды.

- Процеске жетекшілік ету деген ойымызда да жоқ. Оның үстіне, физикамен әлі таныспаған Әмір 6-сыныпты аяқтағаннан кейін мәңгілік қозғалтқышты мыс сым мен магниттің көмегімен жасап шығарамын деп айтқан кезде, біз күліп алып, «байқап көр» дедік. Бірақ, нәтижесінде бізді де, қазылар алқасын да таң қалдырды, - деп әңгімелейді Нұрсұлу.

Әділдік үшін айта кету керек, тәжірибе үшін қажеттінің бәрін отбасы, күлсе де, сатып алып берген, қажет болған жағдайда тапсырыс беріп, тіпті, керек тақта үшін бірнеше электр аспаптарын да бұзған. Бұл қажетті тақта Атырауға Қарағандыдан тек жол сапары қарсаңында ғана келген. Астанаға кетер алдында түн ортасын Әмір қолына дәнекерлегіш ұстап өткізген. Мұнысы өте дұрыс. Қазылар алқасындағы тәжірибелі мамандар бірнеше сұрақтарды қойған соң, жұмысты бала өздігімен істеп, аспапты жасады ма, әлде, мұғалімдер мен ғылыми жетекшілердің көмегіне жүгінді ме, бірден түсінеді. Жұмысты ресімдеу де маңызды рөл атқаратынын Әмір өз тәжірибесінен жақсы біледі. Демек, оған да көңіл аудару қажет.


ПЕЛЕРЕН, ФАРАДЕЙ, ТАҒАШОВ

Ал мәңгілік қозғалтқышқа келер болсақ, энергияның сақталу заңымен танысқаннан кейін Әмір оған мәңгілік қозғалтқышты жасау, өкінішке орай, мүмкін еместігін түсінеді. Тіпті, аздап ренжіп те қалды. Дегенмен де, зерттеуге деген жігері оған тоқтап қалуға мүмкіндік бермей, генераторды құрастырып шығаруға түрткі болды. Алғашқы аспап бар болғаны 2 вольт берді. Қалай көбейтуге болатыны туралы кеңес алу үшін ол Атырау мұнай және газ университетінің профессоры Насихан Жұмамұхамбетовке жүгінген. Басқа саланың маманы бола тұрса да, ол баланың жұмысына қызығушылық білдіріп, оған магнитті көбірек қолданып, катушкалар санын арттыруға кеңес береді. Сөйтіп, айнымалы ток генераторы құрастырылды. Ал шамды жағу үшін тұрақты ток қажет болды. Осылайша, аппараттың тағы бір звеносы – түрлендіргіш пайда болды. Бір күні айлар бойына еңбектенген уақыттан кейін түнгі сағат екіде Тағашовтардың үйінде Әмірдің шамы жағылды. Отбасының қуанышында шек болмады.

- Мен әрбір физика заңы – бұл орасан көп бақылаулардың жалпы қорытындысы екенін, ал әрбір жаңалықтың – сансыз жаңалықтар тізбегінің звеносы ғана екенін білдім. Егер 1269 жылы Пьер Пелерен магниттің қасиетін сипаттамаған болса, онда 1831 жылы Майкл Фарадей өз генераторын жасап шығара алмас еді. Ал алда бізді қаншама жаңалықтар күтіп тұр? – дейді Әмір.

- Болды, енді ешқандай зерттеу жұмыстары деген жоқ, демаламыз! – деді Нұрсұлу. Алайда, ағайындылар алдағы жазда тағы да әлденені жасап шығарып, сынап көріп, түндерін өткізетіндей көрінеді. Адамзат әзірге мәңгілік қозғалтқышты жасап шығармаса да, есесіне бұл қозғалтқыш адамдардың өздерінде бар. Ол білуге құмарлық деп аталады. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН




Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.