Біз мықты команда дайындадық

6 сәуір 2017 00:00 2217 рет қаралды


Сәуір айының басында «Атырау» ДСК-де  грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша IV Қазақстан жастар ойындары өткізілетін болады. Атыраулық грек-рим оғландарының дайындығы туралы облыстық жастар құрамасының (1997-99 ж.т.) аға бапкері Александр Валериевич ПОЛИВАДОВ әңгімелейді.

«АЖ» мәліметі: Александр Валериевич Поливадов, 47 жаста, КСРО спорт шеберлігіне үміткер, жаттықтырушылық өтілі 19 жыл, жоғары санатты, Мейрамбек Тұрғалиев, Бағытжан Ізжанов, Талғат Қазиев сынды көптеген чемпиондарды тәрбиелеп шығарды.

- Өткен жыл облыстың жастар құрамасына табысты болды ма? – Барынша табысты болды. Мамыр айында Филиппин астанасы Маниле қаласында Азия чемпионаты өтті.  Бұл жарыста 66 келіге дейінгі салмақта менің оқушым Қахарман Қисметов чемпион болды. Және ол екі айдан соң Францияның Макон қаласында болған әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Финалда ол Грузиядан келген үш дүркін әлем чемпионына есе жіберіп алды. Мамырда Бангкокта кадеттер арасында өткен Азия чемпионатында 54 келіге дейінгі салмақта Әділет Сисенбаев чемпион атанды. Ол Еркебұлан Уаисовта жаттығады.

Александр ПОЛИВАДОВ

- Осы жылдың ақпан айында Қарағандыда өткен ҚР чемпионатының нәтижелері қандай?

- Жарақатынан екі жыл бойы емделген менің ұлым Евгений Поливадов қатарға қосылды. Ол 2014 жылғы жасөспірімдер олимпиада ойындарының және 2014 жылғы Азия чемпионы. Қарағандыда ол 74 келіге дейінгі салмақта «қоланы» жеңіп алды. Мирас Рахметуллаев та 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде осындай нәтиже көрсетті. 84 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Нұркен Дүйсенғалиев «алтынды» иеленді.

- «Атырау» ДСК өтетін жастар ойындарында кімдер бақ сынайды?

- Жарысқа командамыз дайын деуге болады. Біздің спортшыларымыз барлық сегіз салмақ дәрежесі бойынша белдесетін болады. Финалға Асылбек Қосаманов (60 келіге дейінгі салмақта), Қахарман Қисметов (66 келіге дейінгі салмақта), Евгений Поливадов (74 келіге дейінгі салмақта) шығады деген үміттеміз. Сүндет Қалмағамбетов – 50 келіге дейінгі салмақта, Бекнұр Бағытжанов – 55 келіге дейінгі, Эльдар Тоғызбаев – 60 келіге дейінгі, Егор Филюшин – 66 келіге дейінгі, Темірлан Еспенбет –  74 келіге дейінгі, Бекхан Ауданов – 84 келіге дейінгі, Жансерік Оспанов – 96 келіге дейінгі, Мейрамбай Табарак –  120 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін болады.

Осы жастар ойындарының қорытындысы бойынша мықты спортшылар маусымда Бангкокте болатын Азия чемпионатына және шілдеде Хельсинкиде өтетін әлем чемпионатына іріктеуден өтеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суретті түсірген автор 



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.