Көктемгі аңшылық жойылды

9 қаңтар 2017 11:21 3698 рет қаралды

Желтоқсанның аяғында «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді.

Бұл туралы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының теңіз инспекциясы бөлімінің басшысы Исатай АРАЛБЕКОВ хабарлады.

Оның айтуынша, ереженің 25-тармағында бұрын: «Мына: 1) бекіре балықтарын өсіру зауыттарын; 2) ғылыми зерттеу үшін аулауды жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарын; 3) бекіре тұқымдас балық түрлерін аулауға квотасы болған жағдайда мемлекеттік монополия субъектісін қоспағанда, жеке және заңды тұлғаларға бекіре тұқымдас балық түрлерін аулауға тыйым салу енгізілсін» деп көрсетілген еді (мемлекеттік монополия субъектісі – Курилкино маңындағы Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауыты болып табылады – М.С. ). Толықтыру енгізілгеннен кейін бұл тармақ былай оқылады: «бекіре тұқымдас балық түрлері мен олардың дериваттарын (уылдырық) пайдалануға... (әрі қарай мәтін бойынша) жеке және заңды тұлғаларға бекіре тұқымдас балық түрлерін аулауға тыйым салу енгізілсін».

Сонымен қатар, осы бұйрық арқылы 16 ақпан мен 14 маусым аралығында аң аулауға тыйым салынды. Яғни, енді үйректерді көктемгі аулау болмайды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.