​Сарапшылар болжамы-2017

31 желтоқсан 2016 13:46 4792 рет қаралды

Image 0
Өткен жыл Қазақстан үшін оңайға соқпады: бүкіл елде жер митингілері өтті, Алматы мен Ақтөбеде терактілер болды, үкіметте елеулі кадрлық ауыс-түйістер мен қамауға алулар орын алды. Дәстүр бойынша «АЖ» сарапшылардан 2016 жылға баға беруді және 2017 жылға болжам жасауды өтінген еді. Бізді жаңа жылда қандай саяси және экономикалық өзгерістер күтіп тұр?

Image 3Саясаттанушы Талғат МАМЫРАЙЫМОВ:

Назарбаев кетуді ойға алмайды

- Өткен жыл Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық өмірін қандай да болмасын айтарлықтай демократияландыруға, ырықтандыруға деген бүкіл үмітін сейілтіп жіберді.

Біріншіден, биыл елімізде өзгеше саяси, діни көзқарастағы адамдарды қуғындау күшейді. Бірқатар азаматтық белсенділерге, салафиттерге қатысты күмәнді қылмыстық істер қозғалды. Бұл тұрғыда өткен жылы жазда орын алған ірі терактілер биліктің мүддесіне дөп келіп, адамдардың түрлі құқықтарын бұзуға заңды мүмкіндік ұсынды.

Екіншіден, бәлкім, өктемшілдікті нығайту арнасында біздің экономикамыздың бірқатар секторларын монополиялау процестері жеделдетілді. Үшіншіден, Назарбаевтың өзі Блумберг агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанды 2020 жылға дейін басқаруға әзір екенін айтты. Оның үстіне, тәуелсіздіктің 25 жылдығы құрметіне байланысты салтанатты шарада сөйлеген сөзінде ол біздің еліміз үшін президенттік басқару формасы ауыстыруға болмайтын бағалы жүйе екенін мәлімдеді. Ал оның осы жүйе аясында премьер-министрдің, парламенттің өкілеттігін кеңейту қажеттігі туралы мәлімдемесін бізге әлі авторитарлық режим жағдайында ұзақ өмір сүруге тура келеді деген белгі ретінде қарастыруға болады.

Екінші жағынан, мұны Назарбаев билігінің өзіндік транзиттік формасы болады деп айтуға болады. Ол өзі басқарған соңғы жылдары тек ірі, стратегиялық мәселелерді шешумен ғана айналысуда. Ал басқа «шаруашылық істері» премьер-министрдің мойнына жүктелген.

Соңғы екі жылда К.Мәсімов премьер болған кезде осылай болды. Бұл кезде Назарбаев, шамасы, ірі мемлекеттік істерге сирек көңіл бөлгенге ұсқайды. Енді ол резонансты митингілерден кейін, шамасы, ахуалға бақылау жасаудан айырылып бара жатқанын түсінсе керек, елді қолдан басқаруға уақытша қайта оралды.

Кейбіреулерде Парламент жанындағы түрлі комиссияларға, жұмыс топтарына тәуелсіз үкіметтік емес ұйым өкілдері шақырыла бастаған кезде азаматтық қоғамды мемлекетті басқаруға араластыра бастады деген үміт пайда болды. Алайда кейін мұның тек Жер кодексіне өзгерістер енгізу бойынша нашарлап бара жатқан әлеуметтік-экономикалық ахуалдың салдарынан туындаған наразылық көңіл-күйлердің градусын төмендету үшін ұйымдастырылған формальды шаралар ғана екені түсінікті болды. Яғни, жер түзетулеріне мораторий енгізіп, біздің билік бұл жағдайда сол қытай зауыттарының, инвестицияларының көмегімен экономикалық және әлеуметтік ахуалдың қалпына келетінін тосу үшін уақыт ұтуға тырысуда.

Аяқталып жатқан жыл біздің көпвекторлы сыртқы саясатымыз үшін сынаққа айналды. Атап айтқанда, Қырым проблемасы бойынша Астана екі орындықта отырып қала алмады. Осы жылда Ақорда ірі батыс инвестициядарын тарта алмады – бар болғаны маңызы жоқ меморандумдар ғана жасалды. ЕАЭО ішінде біздің тауар өндірушілердің мүдделеріне, соның ішінде, тарифтік емес кедергілер салдарынан қысым жасауды жалғастырды.

Өткен жылы Қытайдың біздің экономикадағы үстемдік рөлі біржола бекіді. Ақорда, әрине, Мәскеу мен Пекиннің арасында теңгерім ұстауға тырысып, Батыспен жақындасуға үміттенеді. Астана БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелік, ЭЫДҰ-ге кіру секілді құралдар көпвекторлы саясаттың ғана емес, Қазақстанды басқару режимінің өміршеңдік кепіліне айналады деп үміттенетін болуы керек. Алайда көп нәрсе келесі жылы Ақорда үшін тиімсіз бағытқа қарай күрт өзгеруі мүмкін ішкі саяси ахуалға байланысты болады.


Image 1Саясаттанушы Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА:

Билік пен қоғам жақындасуға қадам жасай ма?

- Егер елдегі ахуалдың дамуына орташа мерзімді әсер ету секілді критерийге сүйенсек, мұнай бағасының төмендеуіне ғана байланысты емес экономикалық дағдарысты бөліп айтар едім. Менің пікірімше, экономикалық пікірталастың тапшылығы да айқын көрініс берді. Сарапшылар қалыптасқан ахуалдың себептері туралы көбірек айтты, бірақ не істеу керектігі аз айтылды. Жерге қатысты наразылықтар, сондай-ақ, экономикалық мәселелердің жаңа құралдары немесе шешу әдістері қажет екенін көрсетті.

Екіншіден, бұл дін мен терроризм мәселелері. Менің пікірімше, бұл да ахуалдық сипатта болмай, келер жылы өз ықпалын тигізетін мәселе болмақ. Арнайы министрліктерді құру, әрине, өте көп сұрақтар туғызды. Алайда, бұл, бәлкім, үкіметтің дін мәселелерін күш әдістерімен ғана емес, «зайырлық» тәсілдермен байланыстырып шешкісі келетіндігін білдіретін шығар деп топшылаймын.

Үшіншіден, мемлекет тарапынан үкіметтік емес сектор қызметінің қаржылық қызметіне өте мұқият назар аударуын бөліп айтар едім.

Күн тәртібінде тағы да өте көптеген мәселелер бар. Азаматтық қоғам өкілдері мен Мемлекеттік кірістер комитеті арасында «келіссөздер» жалғасуда, дәлірек айтқанда, келер жылы жалғасатын болады. Мемлекеттің де өз ұстанымын жұмсартатынын жоққа шығармаймын.

Біз Ресей президентінің ҮЕҰ мен шетелдік агенттерге қатысты риторикасынан анағұрлым достық бағытындағы өзгерістерді көріп отырмыз. В.Путин азаматтық сектормен диалог құрып, жақындасу қажет екендігі туралы айта бастады. Ресейлік сарапшылар, атап айтқанда, Политком.ру сайтындағы сарапшылар құқыққорғаушыларға қатысты жылылық пайда болғанын атап, мұның сайлауда Трамптың жеңгенімен байланыстырып отыр. Ресейде азаматтық секторға қатысты климаттың жылынуы, бәлкім, Қазақстандағы ахуалға да жағымды әсерін тигізіп қалар.

Төртіншіден, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі мен отандық БАҚ-тарды күшейту мүмкіндігін өзекті қылуды атар едім.

Біздің солтүстіктегі көршіміздің жаңа сыртқы саяси тұжырымдама қабылдағаны белгілі. Мұнда Мәскеу маңызды мақсаттардың бірі «ресейлік көзқарас тұрғысында әлем жұртшылығына жеткізу үшін ресейлік БАҚ-тардың ұстанымдарын нығайту» деп атап өтті. Осыған байланысты: бұл тармақты Кремль кеңестік дәуірден кейінгі елдерге және Қазақстанға қатысты қалай жүзеге асырмақшы? Қазақстан бұл мәселеде қандай ұстанымда? Бұл тұрғыда Қазақстанда Сыртқы істер министрлігінің жұмыс атқарымы бар ма? деген сұрақтар өзекті болады.


Image 2Экономист Петр СВОИК: пост-КСРО сөзсіз бірігеді

- Қазақстандық мәселелер туралы айтпас бұрын біз сыртқы мәнмәтінге өте тығыз «байланғанымызды» ойда тұтқан жөн. Біз Еуразия кеңістігінің ішіндеміз, Еуропалық экономикалық одақпен, АҚШ-пен байланыстымыз. Өйткені, барлық сыртқы есеп-айырысуларымызға американдық валютаны пайдаланамыз және факт бойынша біздің теңге жергілікті доллар болып табылады.

Оның үстіне, біз қытайлық мәнмәтінмен айтарлықтай тығыз байланыстамыз. Атап айтқанда, біздің даму бағдарламамызбен сабақтас «Жібек жолымыз» бар. Алайда Қытайға қатысты Қазақстан өз саясатын белгілеп қана қоймайды, керісінше, Қытайдың да бізге қатысты өз саясаты бар екенін есте сақтаған жөн.

Жалпы тренд – бұл жаһандық фрагменттеу. Егер алдыңғы 20 жылда іс жүзінде әлем Америкада бір қаржылық және идеологиялық орталықпен жаһандану кезеңін бастан өткерсе, қазір осы жаһандану бірнеше дербес блоктарға бөлінуде. Біз қазір осы дербес блоктардың қалыптасу уақытын бастан өткерудеміз.

Америка бүкіл әлем бойынша экономикалық, саяси, ақпараттық және идеологиялық процестердің жаһандану реттегіші рөлінен бас тартып, өзіне көңіл аударуы мүмкін. Мұны Трамптың сайлануы растайды. Еуропа өзінің тарихи кескіндемесіне оралатын болады. Ол жаһандану кезеңінде өте ауқымды кеңейді. Елдер мен өңірлердің өзі «сіңіре алмайтын» бөліктерін құшағына алды. Оның үстіне, қазір онда қашқындар легі көп, өз проблемалары жеткілікті. Соған қарағанда, Еуропа Ұлы Карл дәуіріндегідей жинақталатын болады.

Қытай қуатты экономика ретінде ғана емес, дербес ваюталық жүйе ретінде қалыптасады. Қытай долларға бас июді доғарады және тәуелсіз халықаралық валюта орнына юаньды қояды.

Қалай болғанда да кеңестік дәуірден кейінгі кеңістік қалыптасады. Қазір Сириядағы белсенді әскери кезең аяқталғаннан кейін күн тәртібіне Еуразиялық бірігу мәселесі қойылатын болады деп үміттенеміз. Ол бүгінгі күнге дейін кейінге қалдырылып келген еді. Осы бірлесудің өзін келесі кезеңдерге көшіру мәселесі қойылатын болады: валюталық жүйені біріктіру, ортақ төлемдік-валюталық кеңістікті құру, саяси бірлескен институттарды құру.

Міне, біз осындай қайта қалыптасушы әлем ішінде өмір сүріп жатырмыз. Үрдіс айқын, бірақ нақты бір сценарий, мерзімдер туралы айту өте қиын.

Қазақстандағы ахуал. Біз қазір күту кезеңіндеміз. Қазақстанға тікелей әсер еткен халықаралық оқиғалардың қарқынды кезеңі аяқталды. Мен келесі оқиғалар тізбегін меңзеп отырмын: Кеден одағының, содан кейін Еуразия экономикалық одағының құрылуы, бұған жауап ретінде Киев майданының құрылуы. Майданға жауап ретінде – Қырымның қосылуы және Украинаның оңтүстік-шығысындағы соғыс. Бұған қарсылық ретінде – санкциялар. Әрі қарай Ресейдің қарсы эмбаргосы, ақырында мұнай бағасының бір баррель үшін 100-110 доллар диапазоннан бастап бір баррель үшін 50 доллардан төмен диапазонға дейін көшуі - бұл да саяси процесс. Осыған жауап ретінде – рубльдің екі мәрте девальвациясы, ал одан кейін теңгенің девальвациясы орын алды. Осындай айрықша әсер ететін бүкі оқиғалар тізбегі аяқталды. Бұл оқиғалар қаңтар-ақпан айында теңге өзінің қазіргі мәніне дейін төмендегенде және мұнай бағасы да минималды мәніне дейін жетіп, содан соң сәл ғана көтерілген кезде жалғасты.

Әрі қарай мұнай бағаларының жүйесі бойынша күрт соққылар алмасулар болмайды. Тиісінше, әлдебір келесі өте маңызды және қиын болжанатын оқиғаларға дейін рубль девальвациясы да, теңге девальвациясы да болмайды.

Сонымен қатар, Қазақстанда іс жүзінде үш түрлі, тіпті төрт түрлі экономика бар екенін, бірақ төртіншісі әзірге қозғалыссыз екенін еске ұстаған жөн.

Біріншісі, базалық – экспорттық-шикізат экономикасы. Оның шеңберінде Қазақстан сыртқа кедергісіз және арзандатылған шикізатты өндіруші аумақ ретінде, тиісінше, бұл жерде өндірілмейтін өнеркәсіптік және тұтынушылық тауарлар легін осы жерге тасып әкелуге арналған аумақ ретінде қалыптасты. Міне, осы базалық экономикада бүкіл саяси және экономикалық инфрақұрылым қамтылған.

Атап айтқанда, Қазақстан билігі мынадай экономиканың субъектілері болып табылады: биліктің жоғарғы бөлігі экспорттық-шикізат бизнесін, одан төменгі бөлігі (облыстық деңгейде және министрлер деңгейінде) – түрлі «рамсторлар» мен басқа сауда-ойын сауық орталықтарын, яғни, импорттық-тауарлық тәуелділікті қамтиды.

Базалық экономиканы үкімет киелі жануар секілді қорғайды, шикізат экспорттаушылар мен дайын тауарларды импорттаушылардың ешқандай айрықша құзіретіне қол сұқпайды, ещқандай қысым көрсетпейді, ешқандай қосымша салық салмайды. Бірақ бұл экономика өзін сарқыды. Егер ол өзін әупірімдеп асырап отырса да, бүкіл Қазақстан үшін драйвер және өсім болуға қабілетті емес және біртіндеп солып жатыр.

Екінші экономика – бұл (ҮИИД) үдемелі индустриялық-инновациялық даму. Президент 2007-08 жылдардың дағдарыс сабақтары бойынша Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын енгізді. Қазір Қазақстан ҮИИД-нің екінші бесжылдығынан өтуде. Нарық ағымы бізді үнемі шикізатқа тәуелді етіп қояды. Ал ҮИИД – бұл осы ағымға қарсы жүру әрекеті. Бұған ақша қалыпты нарық көздерінен емес, Ұлттық қордан, бюджеттен, даму институттарынан бөлінеді. Кейбірі ішінара үйлесіп, кейбірі үйлеспей жатады. Бұл әлсіз моторбен өзіңді алып бара жатқан ағысқа қарсы жүру әрекеті секілді. Алайда бұл экономика анағұрлым перспективалы, бірақ ол әлсіз және сәтсіздікке ұшырап жатады. Өйткені, үкіметтің өзі индустрияландыруды партизандық әдістермен жасайды, ол өзіне қарсы күреседі. Өйткені, іс жүзінде ол шикізаттық, сырттай тәуелді үкімет, бірақ президент оның алдына индустрияландыру міндетін де қояды. Үкімет ішінара құлықсыз, ішінара епсіздікпен оны өте шағын жетістіктермен жетелейді. Бұл түбегейлі бетбұрыс үшін жеткіліксіз ахуал.

Үшінші экономика – қытайлық. Қазақстанның бауырлас Қытаймен жолға қойылған тығыз серіктестіктігі, әрине, тең құқылы және өзара тиімді. Бірақ барлық жағынан Қытайдың Қазақстаннан қаншалықты мықтырақ екенін жақсы түсіну керек. Сондықтан, керісінше, Қазақстанды Қытай көбірек пайдаланып отыр. Қазақстан Қытайға өз жүктерін Еуропаға жеткізетін көлік дәлізі ретінде қажет. Бұл белсенді түрде қаржыландырылуда және жүзеге асырылуда. Қазақстан Қытайға алаңқай ретінде керек. Бұл жерде өз өндірісінен әлденелер әкелуге болады. Сайып келгенде, Қытай сыртқа шығару үшін, атап айтқанда, өзіне өнімдер өндіру үшін Қазақстанның ауылшаруашылық жерлерін пайдаланудан бас тартпас еді. Ақырында, қытай экономикасының көрінетін шыңы бар. Оны біз бәріміз бақылап отырмыз. Мәселен, мүлдем үмітсіз әрі өту мүмкін болмаған Қызылорда-Ақтөбе бөлігін кесіп өтіп салынған, Қазақстан тарихында тұңғыш рет оңтүстікті батыспен байланыстырған керемет әрі іс жүзінде стратегиялық автожол. Ал қазір бұл автострада. Көрінетін бөлігі сол, қазір Қазақстанда қытайлық инвестициялардың, несиелердің есебімен өте көп нәрселер жасалуда.

Алайда көрінбейтін де бөлігі бар. Соған қарағанда, ауылшаруашылық жерлерін пайдалану тұрғысында әлдебір келісім бар секілді. Осынау жария емес келісімнің салдарынан Қазақстанда көп оқиғалар, соның ішінде, жер митингілері мен сіздің белсенділеріңіздің сотталуы орын алып отыр.

Соңғы, төртінші экономика – бұл Еуразиялық. Бұл ең маңыздысы. Бұл Кеден одағы құрылған кезден бастап көзделгендіктен және айрықша әсер ететін әлемдік оқиғалардың тізбегі орын алғандықтан, ол содан бері тоқтатылып қойылған.

Қазір Еуразиялық экономиканың ішіндегі бүкіл қарым-қатынас кедендік шекараны жоюға саяды. Қазір Қазақстан экономикасының бұл бөлігі жалпы Қазақстанға көмектеспегенімен қоймай, көп проблема тудырып отыр. Өйткені, Қазақстан үшін Ресеймен сауда жасау мүлдем тиімді емес. Қазақстан үшін өнеркәсіптік кооперация, бірлескен индустриялдық-инновациялық даму тиімді. Бірақ мұның бәрі алдағы уақыттың еншісінде. Әзірге бұл, тіпті, сөз түрінде де қозғалған жоқ.

Базалық экспорттық-шикізат саясаты шеңберінде Қазақстан үкіметі қолдан келгеннің бәріне ырықтандыру жүргізуде. Ол профильді емес активтерді сатуда, өздерін өздері реттейді деген үмітпен монополды нарықтарды реттеуден шығарумен айналысуда. Қазір Табиғи монополиялар туралы заңның жаңа нұсқасы әзірленуде (рас, қатты жеңілдетілген). Тиісінше, егер жалпы баға қатты өспесе де, онда тарифтер бойынша біртіндеп көбею орын ала беретін болады. Тарифтер тыныштанбайды, оларды инфляциядан жоғарыға жібермей ұстап тұруға тырысады. Бірақ тарифтер қазақстандықтардың үнемі мазасын алатын болады. Өйткені, электр энергетикасында, жылумен және сумен қамту саласында проблемалар жинақталып қалған, ақша мүлдем жетпейді. Бірақ өте көп бөлігін шеткері «шығарып тастайды». Тарифтік сала мүлдем ашық емес және өте жемқорлықпен сыбайласқан.

Бұл ретте Комитет ол жаққа ешкімді жібермейді, өзі ахуалға қанық болмайды, таза кабинеттік реттеу жүргізіледі. Шынайы тексерулер жоқ, тиісінше, кәсіпорындарда не болып жатқаны туралы шындықты білмейді. Ал қай жер көлеңкелі болса, сол жерде жемқорлық бар. Электр энергетикасы мен ТКШ-ны дамытуға қаржы мүлдем жетпей жатқанда, елеулі бөлігі жемқорлыққа кетеді.

Бұл жалпы ахуал. Енді бұл тұрғыда билік транзитінен не күту керек?

Президентте, менің түсінуімше, өтпелі кезеңнің үш нұсқасы бар. Бірақ, меніңше, ол оның бірде-біреуіне әлі тоқтаған жоқ. Осы үшеуі де қарастырылуда. Біріншісі – дэнсяопинизм немесе аятоллизм секілді. Яғни, елге биліктің формалды құрылғысымен тікелей байланыспаған рухани идеологиялық тұрғыда басшылық ету. Бұл нұсқа үшін әлдебір негіздер салынған. Мәселен, Ұлт көшбасшысы термині Конституцияда, Қазақстан-2050 бағдарламасында, Мәңгілік патриоттық актісінде (жақшада оны Мәңгілік Елбасы деп оқу керек) кездейсоқ пайда болған жоқ – мұның бәрі формалды президенттік биліктен, Қазақстанды идеологиялық басқарудан бөлінген элементтер. Мұра мирасқорлығы да ойластырылуда. Бірақ, меніңше, бұл болмайды. Біріншіден, Ұлт көшбасшысы-Елбасы функциясын беруге болатын келесі Аятолла жоқ, ал содан кейін Қазақстан мұны жүзеге асыруға болатындай мемлекет емес. Тікелей династиялық мұрагерлік те жарамайды, бұл туралы Назарбаев та әлденеше рет айтты.

Басқа нұсқа – тұңғыш президент бұл лауазымдағы қызметін аяқтағаннан кейін президенттік тежеусіз билікті жою. Ерте де емес, кейін де емес. Жалпы президенттің өзі және оның туыстары мен жақындары үшін ең жағымсызы - әрі қарай қандай жағдайдың орын алуы мүмкін екендігі. Бұл - туыстары мен сенімді адамдары арасынан осындай шектеусіз биліктегі басқа президенттің пайда болуы. Өйткені, келесі президентке ерікті-еріксіз түрде бүкіл жинақталған шығындар мен сәтсіздіктерді есептен шығаруға тура келеді және бұл еш жақсылықпен аяқталмайды. Сондықтан талқыланып және жоспарланып жатқан нұсқа президенттік басқаруды президенттік-парламенттік форматқа ауыстыру болып табылады. Бірпартиялық, әрине. «Нұр Отан» бұрынғыша жетекші партия болып қалады. Олардың өздеріне «Ақжол» және ҚКХП секілді кішкентай және қауіпті емес партияларды іріктеп алады. Содан соң парламент арқылы, оның үкімет құру құқығы арқылы сол орталықтандырылған билік жүзеге асырылатын болады.

Үшінші нұсқа – ештеңені қозғамай, бәрін сол күйінде қалдыру.

Бірақ, қозғалыс өкілеттікті қайта бөлу жағына қарай жүруде. Бұл туралы таяуда президент мәлімдеді. Оған қоса Бес институттық реформада ол бұл туралы айтты. Алайда, қазір шынайы биліктің парламентке берілмейтіндігі түсінікті, ол жерде әлдебір жартылай шаралар болады. Өйткені, президент аман-сау және күш-қуаты бойында. Сондықтан қандай да болмасын саяси өзгерістер болады деп күтуге тура келмейді.

Тағы да қосарым, Мәскеуге Қазақстанда президенттік құрылымның сақталуы өте тиімді. Өйткені, парламент басқарылуы кем нәрсе. Ол жерде депутаттарды қанша сүзгіден өткізсе де, бәрібір ұлттық мүддені қорғай бастайтындар табылады. Ал президент бұл бар болғаны бір адам және бір адамға ықпал ету анағұрлым жеңіл. Сондықтан іс жүзінде қазір сыртқы күштер үшін тиімді болатын президенттік дара билікті сақтап қалу мен Қазақстанның мүддесін қорғау үшін жақсы нұсқа болатын анағұрлым заманауи парламенттік басқаруға көшу арасында айтарлықтай күрес жүруде. Бірақ, осындай қайта құру үшін ел ішінде әлеует бар ма деген тағы да үлкен сұрақ туындайды.

Еуразиялық интеграция үшін маңызды кезең Сирия бойынша Астанадағы келісім алаңы болмақ. Өйткені, бұл жағдайда біз тек сириялық процесс бойынша ғана өзіміздің саяси имидждік өнімімізді жинап қана қоймаймыз. Бұл қалай болғанда да, бізге тиімді емес деген қынжылысқа қарамастан, бізді еуразиялық процесске, Мәскеумен стратегиялық ынтымақтастық процесіне жетелейді. Иә, тиімді емес - әзірге ортақ валюталық және индустриялық саясат жоқ. Бірақ бұл бәрібір орын алады және бұған әзірлену керек. Кез-келген шағын ел мен экономиканың егемен еместігін жақсы түсіну керек. Қазақстан тек басқарушы билік өзін соншалықты ұзақ жаңғырта алатын тұрғыда ғана тәуелсіз. Қазақстанда шикізат өндіретін үлкен ойыншылар осындай басқарушы жүйенің тұрақтылығына мүдделі болғандықтан осылай болып отыр. Тек Еуропаның, АҚШ-тың, Қытай мен Ресейдің келісімімен және мақұлдауымен бүкіл осы жылдар бойына біздің президентіміз бізді ойдағыдай басқарып келеді. Іс жүзінде бізде монетарлық, шынайы экономикалық, ақпараттық тәуелсіздік жоқ. Біз сырт елміз, біз тәуелдіміз. Ал бұл егемендердің қайсысы Қазақстанның шынайы индустриялы дамуына мүдделі? Тек Ресей, өйткені ол да тәуелді және оған күнкөріс үшін қайта индустрияландыру қажет, Қазақстанға да дәл солай.

Болашақ еуразиялық интеграцияның бұрынғы КСРО шеңберінде дерлік болатынын жақсы түсіну керек. Ол бұрынғы Одақ шеңберін қамтиды, тіпті, Еуропа қысқара бастағанда, Балтық бойы кері сұранады. Мұнда бұрынғы КСРО шекарасын қалпына келтіру КСРО-ны мүлдем қалпына келтіру дегенді білдірмейді.

Жаңа Еуразиялық держава желілік құрылымды еске түсіреді. Оған қатысушы респубикалар дербестіктің өте жоғары дәрежесіне ие болады. Мәселен, Мәскеу ешқандай да оларға бірінші хатшыларын жолдамайды. Республикалар өз басшылығын өздері қалыптастыратын болады. Егемен Қазақстанда биліктер неғұрлым көбірек дербестікке, шымырлыққа және тұрақтылыққа ие болған сайын, соғұрлым ұлттық мүдделер көбірек қорғалатын болады. Және керісінше. Мәскеу неғұрлым қулық әрекеттерді жақсы жасай алса, соғұрлым әлсіздерге күштілер әлімжеттік жасайтын болады.

…Күші жойылмайтын екі маңызды оқиға бар. Біріншісі – бұл доллардың қымбаттай бастауы және доллардың қымбаттауы кейінге қалдырылған болса да, сөзсіз жаһандық дефолттар тізбегіне апарып соқтырады. Сонау 2007-08 жылдардағы дағдарыстан бастап Батыстың қаржы жүйесі мен экономикасын сандық жұмсарту саясаты– құны төмен ақшамен экономиканы толтыру саясаты құтқарып қалды. Соңғы бірнеше жылда бұл толтыру саясаты нөлдік құндағы ақшалармен жүргізілді. Бұл аяқта тұрып қалуға көмектесті, бірақ экономикалық қызметтің мағынасын жойып тастады. Өйткені егер банкирдің өзі немесе қарыз алушы тегін экономикадан табыс таппайтын болса, ол банкирден қайырымдылық жасаушыға айналады. Ал бұл шексіз жалғаса алмайды. Нәтижесінде Трамптың келуі Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) мөлшерлемесінің көтеріле бастайтынын білдірді. Келесі жылы әрі қарай да көтеріле береді. Егер кейбір қарыз алушыларда нөлдік құн бойынша қомақты қарыздар қосымша жинақталған болса, енді осы қарыздарға қызмет көрсету құны сөзсіз өсе бермек. Бір-екі жылдан кейін бұл қарыздарға қызмет көрсетілмеуі мүмкін. Ірі корпоративтік деңгейде ғана емес, егемендік деңгейде де банкрот жариялауға тура келеді. Өйткені, бүкіл батыс елдерінде дерлік орасан қарыздар қорланып қалды және оларға осы қарыздардың құны өте төмен болғандықтан, оларға қызмет көрсетілді. Осылайша, доллар құнын көтеруді Трамп белгілеген жоқ, керісінше, доллар құнын көтеру қажеттілігі Трамптың АҚШ президенті болып келуін айқындады. Әлемдік доллар жүйесі сөзсіз фрагменттелетін болады, тиісінше, юаньның және Еуразиялық одақта жасауға тура келетін ортақ валютаның рөлі ұлғаятын болады.

Екінші маңызды үрдіс – айтып өткенімдей, АҚШ жер бетіндегі бүкіл процеске жаһандық реттегіш рөлінен ығысады. АҚШ өзінің проблемаларына көбірек көңіл бөлетін болады. Бұл туралы Трамп мәлімдеген еді. Бұл іс жүзінде басқа жаһандық ойыншыға өз өңірлері үшін өзіне жауапкершілік алуға мүмкіндік ұсыну. Үнсіз немесе, тіпті, жария болуы міндетті емес, тікелей келісім бойынша Украина үшін, ал сәл кейінірек Балтық бойы үшін және әрине, бүкіл кеңестік дәуірден кейінгі кеңістік үшін жауапкершілікте болу Ресейдің үлесіне тиеді. Қазір тоқталып тұрған Еуразиялық процесс жанданатын болады.

Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА


Петр Своиктің болжамына «АЖ» редакциясының ескертпесі:

Петр Владимирович, «Ақ Жайық» газетінің сұрақтарына толық жауап бергеніңізге рахмет. Біздің тек Трамппен келісім бойынша Ресей Украина, Балтық бойы және, әрине, бүкіл кеңестік дәуірден кейінгі кеңістік үшін жауапкершілікте болатындығы туралы соңғы абзацқа және Сіздің РФ мен ҚР экономикасын бірлесіп қайта индустриялау жөніндегі идеяңызға ғана қысқаша комментарийіміз бар.

Қайткенде де күту керек – күтпеген жерден, тимесе ше (жауапкершілік туралы айтылып отыр)? Келісім бойынша да, факт бойынша да.

Ал егер тиетін болса, ҚР (Сіз тамаша көрсеткен ҮИИД-ға қарамастан) мен РФ-ның (кеңестік ӘӨК қалдықтарына қарамастан) технологиялық қалыс қалуын ескерсек, жаһанданудан жабық постКСРО аймағында бірлескен қайта индустриялану тек сталиндік бесжылдықтар дәуіріндегі паровоз, домен пеші және танк зауыттарымен бірге стимпанк стилінде ғана мүмкін болады. Мұндай болашақ та болуы ықтимал.



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.