Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградаларды табыстады

13 желтоқсан 2016 10:56 2069 рет қаралды

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы қарсаңында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың бір тобына мемлекеттік наградаларды табыстады, деп хабарлайды Baq.kz.

Мемлекеттiк награда алғандар қатарында танымал саясаткерлер, өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы С.Қ.Ақшолақовқа және Қостанай облысының «ТПК «Қарасу» ЖШС бас директоры А.Ж.Тұрсыновқа берілді.

Сондай-ақ, Президент қолынан І дәрежелі «Барыс» орденімен Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Р.Жақсыбеков, Жоғарғы сотт төрағасы Қ.Ә.Мәми, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМҚК нұсқаушы-спортшысы З.Р.Габидуллина, «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» РҚБ президенті М.Жұрынов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Қ.Мәсімов, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.М.Тәжин, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының институт директоры З.Л.Федотова, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен композитор А.Қоразбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.А.Құл-Мұхаммед марапатталды.

«Парасат» орденімен Қазақ ұлттық хореография академиясының басшысы П.Асылмұратова, ҚР ӘДСМ министрi Т.Дүйсенова, Астана әкiмi Ә.Исекешев, ҚР Мәдениет және спорт министрi А.Мұхамедиұлы наградталды. Сондай-ақ, «Достық», «Құрмет», «Еңбек даңқы» ордендерi табыс етiлдi.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 539 адам наградталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым, мәдениет және әлеуметтік саланың 53 көрнекті өкіліне берілді.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Дереккөз: Baq.kz



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.