Темір-бетон зауыты салынбақ

25 тамыз 2016 00:00 1882 рет қаралды

Жылыой ауданының кәсіпкері асфальт шығаруды қолға алды. Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон ауылында жолдарға тек ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін биылғы жылы 102,2 млн. теңге бөлінді. Демек, өнімнің сұраныста болғаны.

- Ағымдағы жөндеу жұмыстарынан басқа ұзындығы 10,8 шақырым болатын Құлсары-Шоқпартоғай кірме жолдарына күрделі жөндеу жүргізілмек және ол жыл аяғына дейін пайдалануға берілмекші. Ұзындығы 33 шақырым болатын Құлсары-Ақкиізтоғай кірме жолдарының да күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жыл аяғына дейін 15 шақырым жөнделіп, қалғаны 2017 жылы тапсырылады, - дейді Жылыой ауданы ТКШ, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ернар СМАҒҰЛ.

Асфальт өндірісі үшін құрал-жабдықты кәсіпкер Мереке ИМАНБАЕВ (суретте) өткен жылы 48 млн 665 мың теңгеге сатып алды.

– Оның 30 пайызын, яғни, 14,6 млн. теңгені мен өз жеке қаражатымның есебінен төлесем, қалған 70 пайызын жылдық 6 пайыз есебімен банктен несиеге алдым. Салынған мүлік құны жетпегендіктен кепілдік қажет болды, кепілдікті маған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау филиалы ұсынды, - дейді М.Иманбаев.

Қуаты 360 тонна болатын асфальт шығаратын шағын зауыт теміржолдың тұйықталған басында Иманбаевқа тиесілі 0,2 га алаң учаскесінде орналасқан. Шикізаттың теміржолмен келетіндігіне байланысты бұл өте қолайлы, сол жерде қоймаға жеткізіледі, сондықтан да сақтау мен тасымалдауға шығын үнемделеді. Зауыт жұмысын жақында ғана бастады. 17 жұмыс орны бар. Қызметкерлердің еңбекақысы – 100 мыңнан 150 мыңға дейін. Автоматтандырылған қондырғы асфальтты су өткізбейтін, төзімді, мықты етіп жасайтын инновациялық материалдарын сақтай отырып кез келген қоспада шығарады. Мереке Иманбаев болашақта темір-бетонды өнімдер шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр, оның ғимаратын салуды бастап та кеткен.

- Бетонды дайындау қондыр-ғысын мен айналма қаржыға сатып алдым, цехты да өз ақша-ма салып жатырмын. Бұл жолы несие алғаным жоқ, өйткені, айналма қаржы жеткілікті болды. Жиектастар, шиыршық және басқа да темір-бетон бұйымдарын шығаратын боламыз. Сұраныс болады деп ойлаймын: біздің ауданда ТШО-ның болашақ кеңею жобасы жүзеге асырылады, - деп әңгімелейді кәсіпкер. – Теміржол тұйығы арқылы жүкті ауыстырып тиеу көлемі де артады, сондықтан да вагондардан жүкті түсіру үшін қосымша жолдар салуды бастап жатырмын.

Зульфия ИСКАЛИЕВА


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.