Атырау ҚТЛ директоры Исмаил Эльма: «Біздің лицейлерді неліктен саясатпен байланыстыратынын түсінбеймін»

18 тамыз 2016 00:00 5058 рет қаралды

Түркияда таяу арада орын алған оқиғалардан кейін ең жоғарғы деңгейде еліміздегі кең танымал жүйе – қазақ-түрік лицейлерін жабуға екі мәрте әрекет жасалды.

Бірнеше апта бұрын бұл ұсынысты Қазақстандағы Түркия елшісі айтқан еді. Кейінірек президент Тайып Ердоған да президент Назарбаевпен кездесу кезінде осыны мәлімдеді. Бұдан кейін не болды және Ердоған ҚТЛ-ді неліктен жақсы көрмейді? Осы және басқа да сұрақтарды Атыраудағы қазақ-түрік лицейінің директоры Исмаил ЭЛЬМАҒА (суретте) қойған едік.

«БІЗ ҚАЗАҚСТАН ЗАҢДАРЫНА СҮЙЕНІП ЖҰМЫС ЖАСАЙМЫЗ»

- Алғашқы қазақ-түрік лицейлері 1992 жылы ашылды. Бұл мектептер екі елдің жастары үшін көпір болуға тиіс еді. Біздің лицейлердің, мәселен, СТГА, №17 мектеп-лицей, Досмұхамедов атындағы гимназия, Кіші Өнер академиясы секілді жалпыға білім беретін мемлекеттік мектеп мәртебесі бар. Яғни, ҚР «Білім туралы» Заңының стандарттары мен нормативтеріне сәйкес жұмыс істейтін дарынды балаларға арналған мектеп қана. Бір айырмашылығы – ҚР Білім министрлігі мен халықаралық КАТЕВ қорының арасындағы Меморандум бойынша, қор инновациялар енгізу мен кадрлар даярлауға көмек көрсетеді.

- КАТЕВ-тің қызметі қандай?

- Біздің лицей көп тілде сабақ оқытады. Негізінен ағылшын, қазақ, түрік, орыс тілдерінде. КАТЕВ осындай оқыту форматында жұмыс жасауға қабілетті мұғалімдерді даярлаумен айналысады, олар үшін семинарлар өткізеді. Екі сөзбен айтқанда – бұл оқытушы кадрларды даярлау және олардың біліктіліктерін арттыру.

- ҚТЛ-дағы мұғалімдердің құрамы қандай?

- 91%-ы - Қазақстан азаматтары.

- КАТЕВ қорына Гүленнің қандай қатысы бар?

- КАТЕВ қоры тек Қазақстан заңнамасының аясында жұмыс жасайтынын ресми түрде мәлімдеді (Қазақстанда тіркелген). Бұл қордың Гүленмен де, басқа лицейлермен де, ұйымдармен де, басқа елдермен де ешқандай байланысы жоқ. Қазақстан мен Түркия арасында мәселелер туындаса, неліктен ҚТЛ туралы әңгіме қозғалатынын өзіміз де түсінбейміз.

- Жалпы ҚТЛ лицейлерінің Гүленмен қандай да болмасын байланысы бар ма? Неліктен оларды байланыстырады?

- 1991 жылы Қазақстан егемендік алғаннан кейін сол кездегі, қазір марқұм болған Түркия президенті Тұрғыт ӨЗАЛ Назарбаевқа тәжірибені қабылдап, Өзал мен Гүленнің идеясы бойынша Түркияда ашылған лицейлер секілді мектеп-лицейлер ашуды ұсынды. Ол бұл ұсынысты бауырлас елге білдірді. Президент Назарбаев, айтпақшы, жақында ғана осыны еске салған еді: ол – біз бұл лицейлерді Өзалдың ұсынысы бойынша аштық, оның артында кімдер тұрғанын және жалпы артында біреулер тұр ма, ол жағын білмейміз, біз оларды бауырлас елдердің президенттері ретінде аштық, деді.

- Сіздің мектептеріңіздегі білім беру бағдарламасында Гүленнің мұрасы қандай?

- Сіз ата-аналарға, оқушыларымызға сауалнама жүргізе аласыз, олар бізде оның идеяларымен ешқандай байланыс жоқтығын, идеологиялық байланысымыздың жоқ екенін растайды. Оқушыларымыз, тіпті, оның кім екенін де білмейді. Бізде оның кітаптары жоқ, тіпті оның идеяларын оқу курсына енгізетін ниетіміз де жоқ.

- Түркия үшін Гүленнің қандай маңызы бар? Әлемде оны қазіргі заманның ақылды адамдарының қатарына жатқызады?

- Түркияда соңғы жылдарда орын алған оқиғаларға байланысты бұл есімді білмейтін адам, тіпті, бала жоқ. Меніңше, бұл адам айтылып жүргендей, саясаткер де, сопы да емес. Мен оны исламды бүгінгі тірлікпен түсіндіретін ғалым, теолог деп есептеймін.

- Ердоғанның ҚТЛ жүйесіне теріс қарауының сыртында оның Өзалға немесе Гүленге деген қарым-қатынасы тұр ма?

- Түркия азаматы ретінде өз басым Ердоған Гүленге қарсы деп ойлаймын. Бірақ мұның ар жағында не бар екенін мен де түсінбеймін және осының бәріне біздің лицейлердің қандай қатысы бар екенін түсіндіруге қиналамын. Өйткені, қандай елге, қандай министрлікке, қандай елдің заңдарына бағынатынымыз айдан анық. Біз жергілікті атқару органдары басқармасына қараймыз. Тек олар ғана бізге тапсырма береді, біз есепті тек соларға ғана тапсырамыз. Стандарттар мен нормалар тек Қазақстандікі. Біздің лицейлерді неліктен саясатпен байланыстыратынын түсінбеймін.

- Неліктен Ердоған Гүленді бұлай жек көреді?

- Менің болжамым бар, бірақ мен Түркия азаматымын. Бұл адам менің президентім, өзімнің пікірімді тарату, меніңше, этикаға жатпайды.

«МЕН ТІПТІ ТЕКСЕРУГЕ РИЗА БОЛАР ЕДІМ»

- Бірқатар БАҚ беттерінде Түркия дипломаттарының өз балаларын ҚТЛ-дан шығарып алғаны туралы ақпарат жүрді.

- Мен сол кезде Астанада ҚР Білім министрлігінің ҚТЛ директорларына арналған семинарында болған едім. Астанада бір толық, соның ішінде мектепке дейінгі білім беретін осындай үш лицей бар. Ол жерде түрік азаматтарының балалары оқиды, бірақ үш мектептен ешкім бірде-бір баланы шығарып алған жоқ. Оның үстіне, астаналық лицей оқушыларының арасында түрік дипломаттарының балалары жоқ. Мұндай жаңалықты оқыған кезде, сұрастырған едім. Атырауда да мұндай фактілер жоқ, түрік отбасыларының екі баласы ғана оқиды.

- ҚТЛ төңірегіндегі қазіргі ахуал сізді мазалай ма?

- Әрине, уайымдаймын. Бірақ дұрыс шешім жасалатындығына сенімдімін. Біздің мектептер жыл сайын тексеруден өтеді. Осы жылдар ішінде ұялатындай еш нәрсе табылмады. Президент Назарбаевтың өзі Түркиядағы баспасөз конференциясында, егер сіз естіген болсаңыз, Ердоғанның сөзінен кейін, біріншіден, бұл лицейлер – қазақстандық мемлекеттік білім беру мекемелері екенін атап өтті. Біздегі білімге ҚР Білім министрлігі, ата-аналар, халық жоғары баға береді. Бүгінде Қазақстанда біздің лицейлерде 9 мыңнан астам бала білім алуда. Оның мыңнан астамы республикалық және халықаралық Олимпиада жеңімпаздары. ҚР президенті Ердоғанға – біз сіздің тілегіңізді ескереміз, егер қажет болса, лицейлердің қызметіне тағы тексеру жүргіземіз, егер Қазақстанға немесе Түркияға зиян келтіретін әлдене табылса, тиісті нәрсені жасайтын боламыз, деді. Сондықтан егер кезекті тексеру жүргізілсе, мен тіпті қуанышты боламын – біз тек өз абыройымыз бен таза ниетімізді тағы да растаймыз деп сенемін.

Болашаққа келер болсақ, бәлкім, біз лицейлердің атауын өзгертетін шығармыз – екі жыл бұрын КАТЕВ осындай ұсыныс жасаған еді. Өйткені, бүгінде Түркияның ықпалы немесе үлесі жоқ. Бірақ Түркияда әлдене бола қолса, ҚТЛ туралы әңгіме қозғалады. Біздің, атыраулық лицейде бар болғаны 28 мұғалім жұмыс жасайды. Оның ішінде түріктер – мен және тағы бір мұғалім бар. Бір мұғалім келеді деп күтілуде.

- Қазір Түркияда, мен жақсы көретін Стамбулда не болып жатыр және неліктен?

- Қазір бізге оңай емес. Көрші елдерде – Иранда, Мысырда, Сирияда... не болып жатқанын өзіңіз де білесіз. Түркияның өзінде де халықтың бір жартысы екіншісіне қарсы қойылған. Менің тілегім, менің арманым – Түркияда бейбітшілік пен бірлік орнаса екен деймін.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.