Су басқан аудандар

23 мамыр 2016 12:55 2584 рет қаралды


Жылыой, Исатай, Мақат аудандары толассыз жауған нөсерден қатты зардап шекті. Ал, Индер, Қызылқоға, Махамбет, Құрманғазы аудандарында жағдай әзірге бірқалыпты.

Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАН өткен жылға қарағанда биыл Жайық өзеніне су мол келгенін және тоғандарға су шығып үлгергенін айтады. Оның пікірінше, судың мол келуінен ауданда су басу қаупі төніп тұрған жоқ.

Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жандос БЕКТЕМІРОВТЫҢ айтуынша, ауданда нөсер жаңбырдан зардап шеккендер жоқ. Дегенмен, ауданда көрші Ресейден келіп жатқан су ағыны жоғарылап отыр. «Волжско-Камский водный каскад» комиссиясы тасқын суды болдырмас үшін өр суын Қиғаш өзеніне қарай молынан бұрып, 12-ші маусымға жіберетінін құрманғазылықтарға ескерткен. Судың деңгейі соңғы ақпарға қарағанда 2,96 метрге көтерілген. Жылдағыдан артық су келгендіктен Дыңғызыл ауылдық округіне қарасты Жыланды ауылындағы бірінші бөгет бұзылып, екінші бөгетке тірелген. Қазір жағаны бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Бөгетті техниканың күшімен биіктету арқылы үш күннің ішінде жағдайды қалыпқа келтірген.


- Біздің жер құмдауыт болғандықтан жаңбыр жиі жауғанына қарамастан жерге тез сіңіп кетіп жатыр. Су мол келуінен бұрын су шықпаған шабындықтарға су шығып, енді ол теңізге құйылып жатыр. Мол судың келуінен аудан пайда көрмесе, зардап шекпейді деген үміттеміз, - дейді Ж.Бектеміров.

Мақат ауданында су басқан көшелер мен үй аулаларын ваккуммен сору жалғасып жатыр. Сонымен бірге, Исатай ауданына қарасты Аққыстау мен Тұщықұдық ауылдарында су ортасында қалған үйлер жетерлік.

- Көше бойы және аулаларды жауынның суы жайлап кеткендіктен балаларды мектепке, балабақшаларға жеткізу түгіл, үйімізге кіріп шығудың өзі қиындап кетті. Еден астынан су шығып, үйіміз құлап қала ма деп зәре жоқ. Әкімдік дұрыстап көмектеспей отыр, - дейді Аққыстау ауылының тұрғыны Любовь КУЗНЕЦОВА.

Аудан әкімдігінің ақпараты бойынша, жауыннан зардап шеккен Аққыстаудан 44, Тұщықұдықтан 72 тұрғыннан арыз түскен. Бұл шағымдар бойынша құрғату жұмыстары қолға алынғанымен техника жетпей отыр.

Исатай ауданының әкімі Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВТЫҢ айтуынша, ауданда авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізілуде. Бүгінде 851 текше метр су тартылып шығарылған.

Жылыой ауданында да осындай жағдай. Әсіресе су астында қалған жеке тұрғын үйлердің тұрғындарынан арызданушылар көп. Солардың бірі қаланың Бесінші ауыл, №292 үй тұрғыны Жомарт КҮРЕҢБАЕВ:

- Біз мүгедек жандармыз. Көктемнан бері ауламызды жайлап кеткен судан әлі арыла алмай отырмыз. Арыз түсіреміз, су соратын ваккумдерін жібереді. Бірақ одан ауламыз судан тазарған емес. Енді жаңбыр суы үйдің жарына жеткен. Көмектесіңіздерші!

Ал, Құлсары қаласындағы көпқабатты 1-ші ықшам ауданы 4-ші үй тұрғындары төбеден жаңбыр суы ағатынын айтады. Тұрғындардың шатырды жамауға жағдайлары жетпей отыр екен.

Аудан әкімінің орынбасары Сайлау КЕНЖЕҒАЛИЕВТАН көпқабатты үйлерге күрделі жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінбейтінін, сондықтан жекеменшік болғандықтан үй шатырын жөндеудң тұрғындар өздері атқаруы тиіс екенін хабарлады.

Ауданда суды тартып шығарумен ТШО, «ЖылыойМұнайГаз», «ЭкоТехникс», «Рипгаз» ЖШС-тері көмектесіп отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.