Самбошылардың табысты жылы

31 наурыз 2016 00:00 2550 рет қаралды


«Ренессанс» қонақ үйінде облыстық спорттық және әскери самбо федерациясы өздерінің бір жылдығына орай баспасөз конференциясын өткізді.

АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ЖӘНЕ ЕКІ ҮЛКЕН ТУРНИР

Облыстық самбо федерациясының президенті Арман ТОҒАЕВТЫҢ хабарлауынша, қоғамдық бірлестік өз жұмысын 2015 жылдың 6 қаңтарында бастаған және 14-15 ақпанда «Жайық» денешынықтыру-сауықтыру кешенінде облыстың баспахана саласының ардагері Мырзабай Тоғаевты еске алу құрметіне орай жауынгерлік самбодан алғашқы халықаралық турнир өткізілген. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Жекпе-жекте Тәжікстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден келген және қазақстандық спортшылар бақ сынады. Еліміздің құрамасында атыраулық спортшылар да шеберлік танытты. Наурызбек Мусин (67 келіге дейінгі салмақта) және Рустамбек Жереншиев (90 келіге дейінгі салмақта) турнир жеңімпазы атанды, «күмісті» Шынболат Хасанов (67 келіге дейінгі салмақта), «қоланы» Талғат Жұмағалиев (62 келіге дейінгі салмақта) пен Ерман Майлашев (78 келіге дейінгі салмақта) жеңіп алды.

27-28 сәуірде «Атырау» ДСК-де ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы Қошқарбай Табынбаевты еске алу құрметіне арналған спорттық самбодан халықаралық турнир өтті. Жарысқа Қырғызстаннан, Тәжікстаннан және Қазақстанның барлық облысынан жүзге тарта спортшы қатысты. Атыраулықтар арасынан Аманбек Аруов (68 келіге дейінгі салмақта), Наурызбек Өтеуов (90 келіге дейінгі) және Болат Жауыров (100 келіден жоғары) жеңімпаз деп танылды, «күміске» Қайырберді Айдымбай (52 келіге дейінгі), Айтжан Амангелдиев (57 келіге дейін), Наурызбек Майлашев (62 келіге дейін), Данабек Даулетқалиев (82 келіге дейінгі салмақта), Ержан Қабделов (90 келіге дейінгі), Тыныс Бисалиев (100 келіге дейінгі) және Бекболат Салықов (100 келіден жоғары) сынды спортшылар ие болды. Командалық есеп бойынша облыс құрамасы бірінші орынды жеңіп алды.

Осынша қысқа уақыт ішінде облыстық самбо федерациясы екі халықаралық турнир өткізді, бұл шаралар Қазақстан федерациясы атынан жақсы бағаланып, Атырау қаласына Азия чемпионатын өткізу сеніп тапсырылды. Өткен жылдың шілде айында Атырауда Азия самбо одағының президенті Аламжон Муллаев болды. Ол спорт кешендерін, қаладағы қонақүйлерді қарап, әуе қатынастарының маршруттарымен танысып, Атырау қаласы чемпионат өткізуге өте қолайлы деген шешімге келді. Біздің қалада бұрын қай спорт түрінен болсын Азия чемпионаттары өткізіліп көрген емес. Ерлер мен әйелдер, жасөспірімдер арасында спорттық және әскери самбодан Азия чемпионаты 11-14 желтоқсанда «Атырау» ДСК-де өтті. Ол 14 елдің 300-ден аса спортшысының басын қосты. Құрметті қонақтар ретінде Бүкіләлемдік самбо федерациясының (FIAS) атқарушы директоры Дмитрий Максимов, Азия самбо одағының президенті Аламжон Муллаев, Қазақстан самбо федерациясының президенті Сәкен Мейірбеков, Қырғызстаннан Нұрлан Тоқонаев, Ауғанстаннан Эхсан Неро және басқалары қатысты. Облыс құрамасы жарыста өздерін өте жоғары деңгейде көрсете білді, оның құрамында сегіз спортшы чемпион атағын иеленсе, тағы бесеуі жеңімпаз атанды.

ҮЗДІК ТЕХНИКАСЫ ҮШІН ЖҮЛДЕ – АВТОКӨЛІК

Үстіміздегі жылдың 6-8 наурызында «Атырау» ДСК-нде спорттық және әскери самбодан ерлер мен әйелдер арасында еліміздің чемпионаты өтті. Жарысқа 463 спортшы қатысты. Облыс құрамасында Наурызбек Майлашев (68 келіге дейінгі салмақта) және Ержан Қабделов (82 келіге дейінгі) чемпион атанды, «күмісті» Сұңғат Закарияев (90 келіге дейін), 64 келіге дейінгі салмақта Анель Сүлейменова (64 келіге дейінгі) және Қалжан Тайжанова (72 келіге дейін) иеленді, «қола» Кенжебек Күзембаевқа (100 келіден жоғары) бұйырды.

Жарысқа Орал қаласынан спорттық самбо бойынша төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров, әскери самбодан үш дүркін әлем чемпионы астаналық Алмас Сүлейменов және Қарағанды қаласынан әлем чемпионатының 4 дүркін финалисі Руслан Аушев қатысты. Қала әкімі Нұрлыбек Ожаев Ерболатқа плазмалық теледидарды сыйға тартты. Бұдан басқа, қала әкімі облыстық самбо федерациясының президенті А.Тоғаевқа облыс әкімінің атынан алғыс хат жолдады және аймақтағы самбоны дамытуда толағай табыстар тіледі. Өткен жылдың қорытындысы және ҚР 2016 жылғы чемпионаттары бойынша облыстық самбо федерациясының президенті Азия және Қазақстан чемпионаттарының барлық чемпиондары мен жүлдегерлерін «Атырау самбо федерациясы» деген жазуы бар спорт костюмдерімен және кәдесыйлармен марапаттады.

Журналистердің осы жылдың жоспарларына орай қойылған сауалдарына А.Тоғаев біздің қаламызда жазда ҚР президенті Н.Назарбаев жүлдесі үшін ерлер мен әйелдер арасында спорттық және әскери самбодан әлем кубогының кезеңдері өтеді деген жауап берді. Жалпы саны 500 спортшы қатысып, жиырма елдің құрамасы келеді деп күтілуде. Үздік техника үшін берілетін жүлде ретінде автокөлік тігіліп отыр, жүлделі орын иеленгендерді ақшалай сыйлықтар күтіп тұр. 10 наурызда ҚР спорт және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов өз бұйрығымен Қ.Табынбаевты еске алу құрметіне өтетін халықаралық турнирге шеберлік мәртебесін берді, яғни, жеңімпаздарға ҚР спорт шеберлігі атағы автоматты түрде берілетін болады. Биылғы жылы турнир қыркүйек айында болады. Баспасөз конференциясына қатысқан жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Аманбай Қыздарбаев және олимпиада резервтерін дайындау орталығының директоры Марат Жанғалиев облыста бір жыл ішінде спорттық және әскери самбо деңгейінің айтарлықтай өскендігін атап өтті және осы аталмыш мектептер базасында самбо бөлімдерін ашуға дайын екендерін айтты. Ал, бұл үміт артып отырған самбошылар мен олардың бапкерлерінің материалдық жағдайы жақсарады дегенді білдіреді.

Сондай-ақ, баспасөз-конференциясына «Қайсар» дәстүрлі карате және муай-тай спорт клубының жетекшілері Айбат Рахман және №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бимырза Тайжанов қатысты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.