Сарапшылар теңгенің қолдан құнсыздануына жол берген Ұлттық банкті тікелей кінәлап отыр

6 қараша 2015 10:57 1049 рет қаралды

Сарапшылар теңгенің қолдан құнсыздануына, яғни алып-сатарлардың ойынына жол берген Ұлттық банкті тікелей кінәлап отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

“Егер Ұлттық банктің жаңа басшылығы тағайындалған күннің ертесінде мәлімдеме жасағанда, бұндай ахуал болмас еді. Қор биржасына қатысушылар жайбасарлықты сезіп, теңгенің құнын құлдыратып жіберді. Банк ешқандай шара қолданбады. Бұл – теңгеге көрсетілген қысым. Қолдан жасалған деп ойлаймын", – дейді экономист-сарапшы Ғалым Құсайынов.

Су жаңа бас банкир доллар курсын 250-ге түсіреді деген болжамдар жасалған. Алайда жұрт енді АҚШ ақшасы өскен сайын сұхбат беріп, ақталатын Келімбетовке зар боп қалғандай.

“Ұлттық банктің біліктілігі өте төмен екен. Баяндама жасаушы банк туралы бар білгенін айтуға тырысты, бірақ біз қойған сұрақтың біріне де нақты жауап бермеді", – дейді сенат депутаты Серік Жақсыбеков.

Сондай-ақ, шарықтап кеткен доллар курсы қымбатшылықпен қатар бюджетті қайта қарауға алып келмек.

“Үкіметте ол жұмысты өткізіп жатырмыз. Бірақ, енді Ұлттық банктің қандай 2016-2018 жылға не болатыны, сол кіргеннен кейін, сол өзгерістермен парламентке келеміз", – дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Еске сала кеше, 5 қарашада америкалық валютаның бағамы жаңа рекордтар көрсетті. Елімізде доллар құны 300 теңгеден асып кеткен еді. Ал дүйсенбіде отставкаға жіберілген Қайрат Келімбетовтің орынтағына жайғасқан Ұлттық банктің жаңа төрағасы түк болмағандай кейіп танытуда. Данияр Ақышев тіпті бір ауыз сөз айтуға жарамай отыр. Ал сарапшыладың пікірінше, күн санап өсіп жатқан доллар мұнымен тоқтамайды. АҚШ ақшасы 330-340 теңгеге жетіп бір тоқтауы мүмкін.

Дереккөз: nur.kz, фото: kapital.kz





Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.