Экс-әкімнің ісі бойынша процесс: таңдаулы тараулар

27 қараша 2014 00:00 5521 рет қаралды

«Бергей Рысқалиевтың ҰҚТ» ісі бойынша процестің тек Атырау облысының сот тәжірибесі тарихына ғана кірмейтіні белгілі. Қылмыстық іс материалдарының көлемі, сотталушылардың саны, тағылып отырған айыптар мен шығын сомасының ауырлығы, соттың ұзаққа созылуы сияқты факторлар жылға жуық уақыт бойы қазақстандықтардың осы іске деген қызығушылығын «ұстап» келді. Осы уақыт ішінде іс тарихы қайғылы сәттермен де толды – қаңтар айының басында «Атырау-Ақпарат» КМК бас есепшісі Айтжан ӨТЕШОВ өзіне қол жұмсады. Қуанышты оқиғалар орын алды: екі сотталушы бірдей ана атанды. Сондай-ақ, жоғары жақтың өз қателіктерін мойындау фактілері де болды: көптеген процеске қатысушылар жалған айғақтар жинап, заңсыз кінә тақты деп жария түрде айыптаған қаржы полициясы департаменті тергеушілерінің бірі басқа қылмыстық іс бойынша сот орындығына отырды.

Біздің газетімізде осы сот процесіне арналған 40-тан аса материал жарық көрді. Бүгін біз «АЖ»-ның «Экс-әкімнің ісі» айдарында шыққан жарияланымдарының ішінен ең қызықтарын назарларыңызға ұсынамыз:

 

Адвокаттар атыраулық судьялардың барлығына қарсылық білдірді (24.12.2013 ж.)

10-нан астам адвокат пен олардың қорғалушылары Атырау облысының бүкіл судьяларына сенімсіз екендіктері туралы мәлімдеп, оларға қарсылық білдірді. Бірақ бұл өтінішті қабыл алмады. Адвокаттар қайтадан өтініш берді, бұл жолы мемлекеттік айыптаушыға да қарсылық білдірді. Сондай-ақ, Атырау сотының әділдігіне де күмән айтылды. Оның өкілдері айыпталып жатқан бұрынғы лауазымды тұлғалардың кейбіріне жылжымайтын мүлік, жер телімдері және басқа да игіліктер үшін борыштар деген пікір айтылды.

 

Басқа судьялар болмайды (15.01.2014 ж.)

Апелляциялық сотАтырау облысының бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ ұйымдасқан қылмыстық тобы мүшелерінің ісі бойынша соттарға қарсылық білдіру және сотта қаралу өзгерістері туралы шағымдарын қанағаттандырудан бас тартты.Судья Гүлнәр ХАЖЕНОВА облыстың бүкіл судьялар корпусына сенімсіздік білдіру туралы және соттылығын өзгерту туралы өтініштерді «шағымдануға болады» деген белгімен қанағаттандырмады.

Осылайша, 23 қаңтарға белгіленген негізгі сот отырысы бойынша алғашқы отырыс күшінде қалады, судьялар құрамы өзгертілмеді. Негізгі судья – Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы Гүлмира ДӘУЛЕТОВА.

 

Аманжан РЫСҚАЛИДЫҢ бейнеүндеуі (6.02.2014 ж.)

Сот қашып жүргенАманжан РЫСҚАЛИДЫҢ бейнежазбаға түсірілген үндеуін көрсетті.Өз бейнеүндеуінде Аманжан Рысқали «АБ Групп» компаниясы салған Сәтпаев, 35 мекенжайындағы 9 пәтер бойынша келісім жасау жөніндегі өз нұсқасын баяндаған. А.Рысқалидың үндеуін назарларыңызға ұсынамыз:   

«Мен АЛИЕВ Назмимен (сотта оны «АБ Групп» құрылтайшыларының бірі деп атады – З. Б.) бірнеше жыл бұрын таныстым, анда-санда кәсіпкерлік жағдайда кездесу болғандығын растаймын. Қазір дәл есімде жоқ, алайда, 2005 жылдың аяғында не 2006 жылы ма, өзінің Сәтпаев көшесінде көп қатарлы үй салып жатқандығын айтып, оны аяқтауға қаражатының жетпейтіндігін, сол себепті ақшалай көмек көрсетуді сұрап келгені бар еді. Алайда, оның берген ақшаны, қарызды ешқашан қайтармайтындығы туралы бұрыннан естіп жүрдім. Соны ескеріп, қарыз бере алмайтындығымды ашып айттым. Алайда, ол сол салынып жатқан үйден арзан бағаға орнына тоғыз пәтер бере алатынын айтты.

Сұраған ақшасы 900 мың АҚШ доллары көлемінде болды. Содан екеуміз келісіп, өз жеке қаражатымнан бірнеше күннен кейін өзімнің кабинетімде Алиев Назмиге тоғыз пәтердің ақшасын толығымен төледім. Яғни, келісілген қаражатты толығымен бір мезетте бердім. Содан соң офисте жұмыс істейтін Самат атты заңгер жігітке бәрін тексеріп, мен айтқан адамдарға тоғыз пәтердің келісімшартын жасатуды тапсырдым».

 

«Пәтерлер» топтамасы: Әлиев және басқалар (11.02.2014 ж.)

Куәгер ретінде шақырылған, 2008 жылы «МК Бизнес» ЖШС директорының орынбасары болып жұмыс жасаған САҚИПОВ Әлбақасовтың тапсырмасы бойынша өз атына жалған жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын ресімдеу фактілері туралы айтып берді. Сақиповтың айтуынша, ол 2008 жылдың мамырында өз атына Әлбақасов өкілдік ететін «КаспианИндастриалСервисез» компаниясының Ескі әуежайдағы 9 га жер телімін сатып алуды ресімдеген. Мәміле сомасы – 15 млн теңге. Сатып алынған жерді әділет органдарына ресімдегеннен кейін Сақипов оны әкімдікке 109 млн теңгеге сатады.

Ескі әуежайдағы тағы бір 8 га жер телімін Ренат АЛМАҒАМБЕТОВ деген біреуден 13 млн теңгеге сатып алып, Әлбақасовтың айтуымен әкімдікке 127 млн теңгеге сатқан.

Айыпкер Есетовты қорғаушы адвокаттың сұрағы: «Сіз 2007 жылы Аманжан Рысқалидың күйеу баласы ретінде Желдібаевқа Атырау қаласы, Авангард ықшамауданы, Жеңіс саябағы ауданы, телеорталық, №12 үй мекенжайынан коттедж салуды тапсырдыңыз ба? Сол жерге шаруашылық қосалқы үйлерін салуға келістіңіздер ме? Бұл, тіпті, Рысқалидың үйінен де зәулім, екі бассейні бар Жеңіс саябағындағы үлкен коттедждердің бірі». 

Менің атыма жазылған мүліктердің барлығы Әлбақа-совтың тапсырмасымен ресім-делді, - деп жауап берді Сақипов.

Алайда, адвокаттың айтуынша, алғашқы тергеу кезінде Сақипов бұл фактілерді, тағы да Әлбақасовтың қысымымен, жасырғысы келген.

 

«АҚҚ» топтамасы (13.02.2014 ж.)

Нұрсая және Алмагүл ықшам аудандарындағы жалгерлік және несиелік баспананың құрылысы кезіндегі заңбұзу-шылықтарға қатысты «Атырау-ҚұрманҚұрылыс» блогына топтастырылған материалдар бойынша тыңдаулар басталды.

2011 жылдың қазаны мен 2012 жылдың шілдесі аралы-ғында қалалық білім бөлімінің басшысы лауазымын атқарған Фаруза ШАНГЕРЕЕВАНЫҢ айтуынша, цоколды қабаттар облыс әкімінің күйеу баласына тиесілі болған. Мұны оған қалалық ТКШ бөліміндегілер айтқан:

- Мен қалалық білім бөліміне жұмыс істеуге келген соң құжаттармен танысу кезінде онда цоколды қабаттарды балабақшалар салуға («Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін) сатып алу үшін ірі сома «салынғанын» көрдім. Сонда мен есепші және экономистпен бірге АЙТБАЕВТЫҢ қабылдауына жазылдым. Оған цоколды қабаттарды балабақшалар салуға пайдаланудың қолайсыз екенін түсіндіруге тырыстым. Олар ангарларға арналған үй-жай секілді. Бірақ ол ТКШ конкурс өткізіп, кейін қалалық білім бөліміне жолдайтынын және біздің құрылыс бөліміне қайта салуға тапсырыс беретінімізді айтты. Мен өз дегенімде тұрдым, сонда Айтбаев есепші мен экономистің шығып кетуін өтініп, маған бұл облыстық әкімдіктің нұсқауы екенін және цоколды қабаттардың облыс әкімінің күйеу баласына тиесілі екенін құлаққағыс етті.

Осы әңгімеден кейін Шангереева өзінің орынбасары Қайрат ХАБИЕВТАН қалалық әкімдікке барып,  ойын тағы да өзгертуге тырысып көруді өтінді. Бірақ оған да сенімді түрде цоколды қабаттарды алатындарын айтқан.  

- Кейін мені қаланың бұрынғы әкімі Асқар КЕРІМОВ шақырып алып, «Орынды босат» деді, - деп хабарлады куәгер Шангереева. – Мамыр айында қалалық мәслихатта цоколды қабаттарды сатып алуға ірі сома бекітілгеннен кейін мен өзім де жұмыстан шығып кетуді ойлап жүргенмін. Мен кеткенім жақсы екенін түсіндім.

Цоколды қабаттарды сатып алуға бюджеттен барлығы 353 млн теңге бөлінген.

 

Әзбергенова Гүлмира аштық жариялады (13.02.2014 ж.)

Сотталушы Гүлмира ӘЗБЕРГЕ-НОВА(«Ақтөбехаусконстракшн» ЖШС мен «BNB Construction» ЖШС-нің бұрынғы бас есепшісі) қамауға алу бұлтартпау шарасын басқа жаққа кетпеу туралы қолхат шарасына өзгерту туралы талап етіп, аштық жариялады.

 

Жекешелендіру (22.02.2014 ж.)

Алдымен «АтырауҚұрман-Құрылыс» (АҚҚ) топтамасы бойынша тыңдау аяқталды.Бұлтоптама бойынша айыпкер АҚҚ директоры Құрманғазы ӘЛІМОВКЕ айып тағылды. Естеріңізге салсақ, оның компаниясы мемлекеттік бағдарлама бойынша несиелік және арендалық тұрғын үй құрылысымен айналысты, атап айтсақ, Нұрсая ықшамауданындағы сегіз үй.

Тағылып отырған айыптарға сәйкес, АҚҚ басшысы тарапынан 10 млн теңге және 187 млн теңге мөлшерінде (ірге және мансардты қабаттарды салу құны) шығын келтірілген. Әлімов тағылған айыптармен толықтай келіспеді. Ол кезінде компаниясы 8 үй құрылысын аяқтаған уақытта оны әкімнің күйеу баласы Рүстем ӘЛБАҚАСОВ шақырып алып, барлық ірге және мансардты қабаттарды жалған шартпен «АтырауСтройКонтракт» ЖШС-іне өзара есеп айырысу тәртібімен беруді тапсырғанын айтты. Бұл шарт бойынша бұл компания ірге және мансардты қабаттар құрылысын салуда қосалқы мердігерлік жұмыстарды орындаған-мыс. Жалған қосалқы мердігерлік шарты 2011 жылы жасалған, ал үйлер 2009 жылдың желтоқсанында қолданысқа берілген. (Әлбақасов осы сылтаумен бюджеттен 353 млн алған – З.Б). Өз кезегінде зардап шегуші тараптың (облыстық әкімдік) өкілі сотта қазіргі уақытта келтірілген шығын ірге және мансардты қабаттарды қайтару, сондай-ақ, Әлімовтың басқа да мүліктері  арқылы толығымен өтелгенін айтты.

Бұрынғы әкімнің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВКЕ, бұрынғы облыс әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВКЕ, бұрынғы облыстық қаржы басқармасының бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВКЕ, бұрынғы Атырау қаласының әкімі Асқар КЕРІМОВКЕ заңсыз жекешелендіру бойынша айып тағылды.

Баланстық құны шамамен 600 млн теңге тұратын «Атырау-Ақпарат» КМК ғимараты «Мистоль» ЖШС-іне 206 млн теңгеге сатылған. Бағалау құны 77 млн теңге жабдықтары бар баспахана ғимараты «УС-99» ЖШС-іне 25 млн теңгеге сатылған.

Қазіргі уақытта осы нысан бойынша шығындар өтелді. 2012 жылы (тергеу барысында) «Мистоль» ЖШС мен «УС-99» ЖШС облыстық әкімдікке қаржы басқармасымен жасалған шартты бұзу жөнінде өтініш жасады. Шарттар бұзылды, нысандар коммуналдық меншікке қайтарылды. «Атырау Ақпарат» КМК мүліктері бүгінгі күнге дейін қамаққа алынған.

 

Жекешелендіру. Жалғасы (25.02.2014 ж.)

«Жекешелендіру» топтамасы бойынша 24 ақпан күні сотқа куәгер ретінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева шақыртылды.

Бұл лауазымға ол 2010 жылы тағайындалған болатын (2005 жылдан бастап экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы болған). Атырау облысының 2010 жылғы «Коммуналдық меншіктегі нысандарды жекешелендіру туралы» қаулысына сәйкес, оны орындау жауапкершілігі Әжіғалиеваға жүктелген болатын. Алайда, ол сотта мойындағандай, оның Б.РЫСҚАЛИЕВҚА жасаған жеке өтініші бойынша, ол бұған дейін коммуналдық меншік мәселелерімен айналыспағандықтан бұл бұйрықты орындаудан босатылған. Жауапкершілік басқа орынбасарларға жүктелген. Алайда, Әжіғалиева облыс әкімінің орынбасары ретінде және коллегиялық органның мүшесі ретінде барлық жекешелендірілген нысандарды мақұлдап отырған. Жекешелендіру мәселелері келісім парағы арқылы мақұлдау жолымен шешіліп отырған.

Сотта 2007 жылы ТШО төлеген 37 млрд теңге көлеміндегі экологиялық айыппұл туралы мәселе көтерілді. Әжіғалиеваның айтуынша, 37 млрд теңгенің 19 млрд-ы көпір құрылысына, 14 млрд-ы Мақат-Атырау газ және су құбырларын тартуға бөлінген, ал, қалғандары «әр түрлі шығындарға» жұмсалған.

Естеріңізге сала кетейік, бұл қылмыстық істің шеңберінде әңгіме коммуналдық меншіктегі заңсыз жекешелендірілген 12 нысан туралы болып отыр. Жылына 1 млн доллар табыс түсіріп тұрған «ОблТрансГаз»-дың газ құбырлары «ЖайықГазСбыт»-ке 650 млн теңгеге сатылып кетті, олардың құрылысы мен қайта құруға бюджеттен 9,8 млрд теңге жұмсалған. «Атырау» («аппендикс») мәдениет орталығының бір бөлігі, яғни, мейрамхана мен оның өндірістік бөлігі нарықтағы бағасы 164 млн теңге болса да, «КаспийСтройЭкстра»-ға 17 млн теңгеге сатылған. Баланстық құны 373 млн теңге болған Атырау – Мақат су құбыры «МұнайҚұрылысСервис ЛТД»-ға 4,9 млн теңгеге сатылған. «Атырау-Ақпарат» КМК-ның әкімшілік ғимараты, баспахана мен жабдықтар да сол төмендетілген бағамен сатылған. Одан бөлек, жаңа қожайындары оларды сонда жұмыс істейтін облыстық газеттердің редакцияларына жалға беріп отырған. Жалдаудан жылына түскен пайда 120 млн теңгені құраған, жалдау төлемі бюджеттен түсіп отырған.

 

«Жекешелендіру» топтамасы. Баспа үйі, әкімдікке жалғанған орынжай, газ құбырлары (26.02.2014 ж.)

Жекешелендірілген КМК-нің бұрынғы директоры, куәгер Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВТЕН жауап алынды. Ол сот отырысына қазіргі уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының кеңесшісі болып қызмет етіп жүрген жері - Астанадан ұшып келіпті. Жұмағазиев сотта Баспа үйінің басшысы қызметіне 2006 жылдың аяғында облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ жеке шақыртуымен кіріскенін және «Атырау-Ақпарат» КМК-ін 2011 жылдың қыркүйегіне дейін басқарғанын айтты. Оған дейін ол облыстық әкімдікте ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Куәгердің айтуынша, Баспа үйі 2006 жылды үлкен шығынмен аяқтаған – шамамен, 40 млн теңге (еске салайық, 2002-2006 жж. Аслан МУСИННІҢ кезінде «Атырау-Ақпаратты» Ерген ДОШАЕВ басқарған, жақында ол «отбасылық себептерге байланысты» ҚР мәжілісінің депутаты мандатын өз еркімен тапсырған еді). Жұмағазиевтің деректері бойынша, бюджеттен мемлекеттік тапсырыспен ақпараттарды «Атырау-Ақпарат» КМК арқылы БАҚ-та жариялау үшін жыл сайын 120-дан 150 млн теңгеге дейін қаржы бөлінген.

 

Асқар Керімов пен қорғаушы-сының демаршы (27.02.2014 ж.)

26 ақпан күні сот отырысында Асқар Керімовтің қорғаушысы Абзал ҚҰСПАНтосыннан сотқа тез арада бас прокуратураға «Қаржы полициясы Агенттігі тергеу тобының қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілікке тартылу мәселесіне қатысты тергеуге дейінгі тексеру туралы» ресми хат жіберу туралы өтініш білдірді. Сонымен бірге ол қаржы полициясы қызметкерлерін Керімовтің ұялы телефонының жоғалғанына және олардың сол телефонды жеке мақсаттарына қолданғанына кінәлі санайды.

Тергеу тобының тергеушісі АСАНБАЕВ жеке тінту барысында тәркілеген заттай айғақ (дәлірек айтқанда, 2012 жылы 24 қыркүйекте Керімовті тұтқындаған кезде есебінде 100 мың теңгеге дейін қаражаты бар «Нокиа» маркалы телефон) тиісті тәртіппен ресімделгенмен, кейін жоғалып кеткен. «Телефон тергеуші мен А. Керімовтің қолы қойылған және анықтамалық биркасы бар полиэтиленді пакетке оралды» делінген өтініште. Қорғаушының айтуынша, ұялы телефон дәлел ретінде іске тіркелмеген әрі иесіне сақтау қолхаты негізінде де қайтарылмаған. Құспанның телефон тәркіленіп алған соң қаржы полициясы қызметкерлері оны жеке мақсаттарына қолданылған деп ойлауға негізі жоқ емес.

- Қылмыстық істе тіркелген деректер бойынша (№126 том) Керімовтің абоненттік нөмірі арқылы телефон тәркіленген соң жарты жылдай уақыт ішінде 26 шығыс қоңырауы мен 21 кіріс қоңырауы орындалған, олардың жалпы ұзақтығы – 388 минут, - деді Құспан. – Қаржы полициясы қызметкерлерінің іске немқұрайлы қарағандары және лауазымдарын теріс пайдаланғандары Керімовтің телефонын өз мақсаттарына пайдаланғандарынан және кейін оны жоғалтқандарынан көрініп тұр.  

 

Керімовке қатысты заттай айғақтар хақында (4.03.2014 ж.)

Яғни, қаржы полициясын маңызды заттай айғақтарды қасақана жойды немесе жоғалтты, сондай-ақ, сотталушыдан алынған заттай айғақ болып табылуы ықтимал тағы бір затты жеке мақсатта пайдаланды деп жария түрде айыптады. Прокурор Тұрсынай БУРАБАЕВА бұл өтінішті негізсіз жарияланған, ондағы мәліметтер шындыққа жанаспайды деп атап өтті.

- Осылайша, бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді, адвокат Құспан қаржы полициясы қызметкеріне жалған жала жауып отыр, - деді мемлекеттік айыптаушы.

 

ДЭУ автобустарын жекешелендіру (7.03.2014 ж.)

Куәгерлердің жауабы бойынша, 2007 жылы қалалық бюджет қоғамдық көлікке қатысты проблеманы шешу үшін 414 миллион теңгеге оңтүстіккореялық өндірістегі ДЭУ маркалы 50 автобус сатып алған. 2008 жылы бүкіл автобус паркі «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС-не сенімді басқаруға берілді. Екі жылдан кейін бюджеттік мүлік арқылы табыс табу туралы шешім қабылданды: яғни, сенімді басқару туралы келісімшарт бұзылып, паркті қолданушыға жалға алу ақысын төлеу туралы жаңа шарт қойылды. Алайда мұны табыс деп атау қиын – қала маршруттарындағы жолаушылар тасымалдауға арналған үлкен 50 автобус үшін ай сайынғы жалдау ақысы «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС тасымалдаушысы үшін 345 мың теңгені құрады, яғни, айына әр автобус үшін 6 900 теңгеден келеді.

Тағы екі жыл өткен соң (тозығы жетуіне байланысты сол кездегі бүкіл 50 автобустың құны 126 млн теңгені құрады) сома 30 млн теңгеге дейін азайып, «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС автобустарды сатып алды.

Бүкіл лоттың бағасы осындай болғанда бір автобустың құны бар болғаны 400 мың теңгеге теңескен.

...Лот бағасын төмендетуге күш салынғанына қарамастан, бірнеше айдан кейін тендер жеңімпазы «БатысТранспорт-СИМ» ЖШС келісімшартты бұзып, ұстаудың пайдасыз болуына байланысты формалды түрде автобустарды қалаға қайтарды. Адвокаттар мүлікті қайтару туралы шешім Серік АЙДАРБЕКОВТІҢ қала әкімі ретіндегі алғашқы шешімдерінің бірімен – жол жүру ақысын 60 теңгеден 50 теңгеге дейін төмендету туралы шешімімен байланысты болды деп топшылады.

 

Керімовтің құпия аудиожазбасы (18.03.2014 ж.)

Қаржы полициясы департа-ментінің тергеушісі Айбар САРИНөз ведомствосында Керімовтен алынған телефонды жеке мақсатта пайдаланды деп айыпталған қаржы полициясы қызметкерлеріне қатысты ішкі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын еске салды.

– Егер айыптау расталса, заң бұзушылықтарға жол берген қызметкерлерге шаралар алынатын болады. Егер расталмаса, жалған мәліметтер таратқан адвокат Құспанға қатысты процессуалдық қуғындау шаралары алынбақ, - деп хабарлады Сарин.

 

Сот залын кезген елес (22.03.2014 ж.)

Адвокат Юрий СЛИНЧЕНКО:

- Бұл куәгер облыстық құқыққорғау органдарының басшыларының, атап айтқанда, Атырау облысының прокуроры Сайфолла КЕМАЛОВ пен ІІД бастығы Рахмаджан ДОСАНОВТЫҢ бизнесмен Назми АЛИЕВТІ, Мақат ауданының бұрынғы әкімі Нұрлан ЖАНТОҚОВТЫ, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВТЫ заңсыз соттау фактісіне қатысы бар дегенді растап отыр.

Облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасарыБолат ДӘУКЕНОВ:

– Ол жер әкімнің үйі ғой (әкімнің резиденциясы). 2010, 2011 және 2012 жылдары Бергей Сәулебайұлы жұмысқа өте сирек келетін. Аптасына екі рет, тек түстен кейін ғана келетін. Бірақ бүкіл оқиғалардан хабардар болғанды қалайтын. Әрине, қоңырау шалып, талқылап, кейбір мәселелерді мақұлдата алатын едік. Кейде жұмыс күнінің соңында «келіп кет, мынадай қағаздарды әкел де, түсіндір» дейтін кездері болды. Ол жерде ағымдағы мәселелер талқыланды. Мен ол резиденцияда әлденеше рет болдым, растай аламын. Бүкіл қызметкерлер де растай алады: келген адамдар жасырынбайтын. ӘКІМЖАНОВ, НҰРБЕКОВ, ЕСМҰРАТОВ, облыс әкімі аппаратының басшысы және әкім орынбасары болып тұрған кезде Кемалов, Досанов, бәлкім, әлдебір жағдайларға байланысты шақырылатын болар. Егер коммуналдық проблемалар туындаса, НҰРЛЫҒОЖИЕВТІ күндіз-түні шақыратын. Сол Нақпаевтың өзі кезінде сол жерден шықпайтын еді, Рысқалиев оны кез келген уақытта шақыртып, дөрекі тілмен айтқанда, «орнына» қоятын.

 

Көпірлер (2.04.2014 ж.)

«Көпір» топтамасында 2007 жылдан бастап Сатыбалдиев-Әлиев және Мечников-Баймұханов-Махамбет көпірлерінің құрылысына қаржының бөлінуі мен конкурстар туралы егжей-тегжей талқыланды.

Тергеу жорамалы бойынша, сол кезде Бергей Рысқалиевтыңкомандасы қомақты бюджет қаржысын жымқыру үшін жалған кәсіпорындар ашу тәжірибесін қарқынды қолданған.

«Нұрбанк» банкінде «Жасталап» ЖШС-нің есепшотына аударылған транштардың бірінің мөлшері 1,1 миллиард теңгеден астам.

 

Қор көмекке келеді (7.04.2014 ж.)

Сот тыңдауы барысында «Бизнес-Көмек» әлеуметтік жобаларды қолдау мемлекеттік қоры топтамасы бойынша басты куәгерлердің бірі – қордың бұрынғы директоры Азамат ӘБІЛҒАЗИННЕН жауап алынды. 

Формалды түрде Қор Әлиев пен Сатыбалдиев көшелерін жалғаған Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысын қаржыландыру үшін демеуқаржыларды шоғырландырған. «Көпір салу кезеңдері» аяқталған соң бизнестен игілікті жаңа іске деген желеумен Алмагүл ықшамауданынан мешіт салу үшін ақша тарта бастаған. Әбілғазин қордың қайырымдылық істерімен айналысқанын сотқа мәлімдеді.

Алайда, факті бойынша жиналған қаржының басым бөлігі жалған мекемелер арқылы Рысқалиевпен үлестес компаниялардың есепшотына кетіп жатты. 

Қорды облыстық әкімдіктің қаржы департаментінің құрғанына қарамастан, іс жүзінде қор облыс әкімінің күйеу баласы Рүстем Әлбақасовқа бағынышты болғанын растады Әбілғазин. Алайда, бұл еш жерде ресми түрде белгіленбеген: 

– «АтырауЭкоИнвест» ҚБ-нен200 млн теңге қайда және не үшін аударылды? - деп сұрады прокурор. 

– «Снабойлстройға»(компания-ның артында халықаралық іздеуде жүрген Айбат СҮЛЕЙМЕНОВ тұр), дәл есімде жоқ, алайда ҚТҚ (қатты тұрмыстық қалдықтар) зауыты бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына аударылған сияқты. 

Барлығы қорға 860 миллион теңгеден астам қаржы түскен.

 

Қордың «көмегі»-2. Тәубеге келу (15.04.2014 ж.)

10 сәуірде орын алған отырысты драмалық деп атауға болады. Осы топтама бойынша негізгі куәгерлердің бірі, қор директоры Азамат ӘБІЛҒАЗИН сотталушы Гүлмира ӘЗБЕРГЕНОВАНЫҢ алдында тергеу кезінде жала жапқандығына өкініш білдірді.

Әзбергенова қор қаржысын ұрлау бойынша өзінің қазіргі «ҰҚТ-ға белсенді қатысушы» кейпіне түскені үшін Әбілғазинге «борышты» екендігіне сенімді.

Басқа куәгерлерді (негізінен «Бизнес-Көмек» есепшотына едәуір сома аудару фактісін растаған компания басшыларынан) тергеу кезінде, Әбілғазиннен аз ғана үзілістермен қатар бір апта жауап алынды.

Ал, тергеу кезінде куәгер ретінде жауап алынған Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ мұндай тапсырма бергендігін жоққа шығарды. Қазіргі сенатордың Атыраудағы сотқа жауап алуға шақырылатындығы туралы ақпарат әзірге жоқ.

Соттағы қатты қысым салдарынан ба, әлде өкініштің әсерінен бе, сотқа қатысқан бесінші күннің соңына таман ол өзіне сөз беруді сұрады. Бұл осы процестің кезекті кішкене ғана сенсациясына айналды. 

- Осы сәтті көптен күткен едім, мүмкіндік қазір туып отыр... Әзбергеноваға қатысты айтылғанның бәрі жалған екенін айтқым келеді.

16 сәуірде Әзбергенованы жазалау шарасы өзгерді (ол түрмеде 14 ай болған еді) – ол тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды.

 

««СнабОйлСтрой» ЖШС» топтамасы (20.05.2014 ж.)

Кәсіпкер әрі қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты Айбат СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ кәсіпорны жөніндегі топтама «Қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонының құрылысы», «Махамбет ауданының Алмалы ауылындағы балалардың демалыс лагерінің құрылысы», «Атырау қаласының заманауи өнер мұражайы бар 1200 орындық концерт залының құрылысы» және «Атырау қаласының сол жақ жағалау бөлігіндегі кәріздік-тазарту құрылғысының (КТҚ) құрылысы» эпизодтарына бөлінген. Осы нысандардың барлығын облыстық әкімдіктің түрлі басқармаларының тапсырысы бойынша «СнабОйлСтрой» компаниясы мердігер ретінде 2008-2012 жылдар кезеңінде салған. Процесте сотталушылар ретінде халықаралық іздеуде жүрген А. Сүлейменовтың бұрынғы үш қызметкері қатысып отыр. «СнабОйлСтрой» ЖШС директоры Айгүл БЕЙСЕБЕКОВАҒА ҚР ҚК-нің 325-бабы («Жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлердi, мөрқағаздарды, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу»), 235-бабы («Бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатында ұйымдасқан топ құру және оны басқару, сол сияқты оған қатысу»), 176-бабы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету») және 192-1-бабы («Жеке кәсіпкерлік субъектісінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз мәміле (мәмілелер) жасасуы») бойынша айыптар тағылып отыр. Осы баптармен директордың қаржы жөніндегі орынбасары Айнұр БАТЫРБАЕВА да айыпталуда.

Бас есепші Кенжегүл СИСЕНОВАҒА 235, 176, 192-1 және 218-баптар («Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу») бойынша айыптар тағылды. Бейсебековаға «үйқамақ» шарасы қолданылса,  Батырбаева мен Сисенова басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен жүр.

 

Жауаптан бас тарту аптасы (27.05.2014 ж.)

Соңғы жеті күн процесс тарихына куәгерлердің қаржы полициясына тергеу кезінде берген жауаптарынан жаппай бас тарту аптасы ретінде енуі мүмкін. «Газдандыру» топтамасы шеңберінде: ТКШ ММ бас маман-аудармашысы ЗИНУЛЛИНА, МСҚБ тендерлік комиссиясы төрағасының орынбасары ИЛЬЯСОВА, құрылыс басқармасы бастығының орынбасары ҚУАНЫШБАЕВ, қаржы басқармасы бастығының орынбасары САБЫРҒАЛИЕВА, куәгер Айдос САРҒОЖИН өз жауаптарынан бас тартты.

Сотта қаржы полициясының тергеушілеріне берген жауаптарынан бас тартқан куәгерлер саны атышулы іс тыңдауы басталған уақыттан бері он бес шақты болды. Алайда, сот бұған әзір түсінік бермей отыр.

 

Қол қойдың ба? Жауап бер! (5.06.2014 ж.)

2 маусымда прокурорлар Ақылбек ҚАРАЖАНОВ пен Тұрсынай БУРАБАЕВАҒА сотқа алдын ала тергеу барысында өз жауаптарынан бас тартқан куәгерлер тобына қатысты жеке ұйғарым шығару туралы өтініш берді. Олар: ИЛЬЯСОВА, САРҒОЖИН, ЕРЖИКОВА, ҚУАНЫШБАЕВ, ЗИНУЛЛИНА, ЖҰМЫРҒОЖИН, БЕКЕШЕВ.

- Олардың қолдары қойылған хаттамалар бар болғандықтан, ҚР ҚК-нің 387-бабы және 352-бабына сәйкес, жалған жауаптар бергені үшін оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды өтінеміз, - деп мәлімдеді прокурорлар.

 

Тергеушіден жауап алу (10.06.2014 ж.)

Сотта «Газдандыру» топтама-сының шеңберінде ЭСЖҚКА (қаржы полициясы) тергеушісі Руслан АШЕНОВ жауап берді.

Ашенов қазіргі уақытта сотта бюджет қаржысын ысырап қылып, өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталып жатқан 22 адамға қатысты қылмыстық істі жүргізіп жатқан тергеушілер тобына кіреді.

Руслан БАСАР(энергетика басқармасының бөлім бастығы) сотқа осы қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде өткенін, алайда жауап алынған соң біраз уақыт өткеннен кейін өз мүлігіне (2 пәтер) тыйым салынғанын кездейсоқ білгенін әңгімеледі.

Адвокат ТӨЛЕГЕНОВ «Газдандыру» топтамасындағы материалдарда айыпталушылар айыпталып отырған нақты ұрланған соманың көрсетілмегендігіне сот пен тергеушінің назарын аударды.

– Нақты сома қайда көрсетілуі тиіс еді? –деп нақты сұрақ қойды ол.

Ашенов заңнама осыны талап етсе де, соманың көрсетілмегеніне өз көзі жеткен кезде әжептәуір абдырап, таң қалды. Ол ақыры нақты цифрды айта алмады.

 

Енді куәгерлер емес... (25.06.2014 ж.)

Қаржы полициясы «Бергей Рысқалиевтың ҰҚҚ» ісі бойынша тергеу кезінде берген өз жауаптарынан бас тартқан куәгерлерге қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы сот залында облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары, қазіргі сотталушы Болат ДӘУКЕНОВ 11 маусымда «Автожолдар: «Салтанат» ШҚ, «Атаба», «УС-99» топтамасын қарау кезінде мәлімдеген болатын.

Редакция сауалына берген жауабында ЭСҚКД іс бойынша бұрын куәгерлер ретінде өткен, қазіргі күдіктілер САРҒОЖИНҒА, ИЛЬЯСОВАҒА, НЕРЕНОВКЕ, ЕРШИКОВКЕ, САБЫРҒАЛИЕВАҒА қатысты тергеу басталғанын растады. Олардың барлығы – облыстық әкімдіктің түрлі басқармаларының бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлері. Бұл тұлғалар, естеріңізге салсам, сотта мойындағандарындай, тергеушілердің қысымымен немесе білместікпен (оларға қол қоюға өздері толтырмаған хаттамалар берілген немесе ол жерде маңызды даталар қойылмаған деп) түрлі уақыттарда өздері қол қойған жауаптардан бас тартты. Оларға ҚР ҚК-нің 176-бабының 3-тармағының «б» және «г» тармақшалары («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету») бойынша айып тағылды. Осы бап бойынша айыпталғандарға мүлкін тәркілеумен қатар бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі бар.

 

Қайта оралған Нақпаев (17.08.2014 ж.)

Соңғы апталарда сотта облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Владимир (Вадим) ПАКТЫҢ қарамағында жұмыс жасаған компаниялар директорларынан жауап алынды. УС-99-дың құрылтайшысы және он шақты ЖШС-лердің иесі бұл қылмыстық істе аты аталғанымен, куәгер ретінде еш шақырылмады.

Естеріңізге салсақ, 2012 жылдың тамыз айында «Нұр Отан» партиясы Атырау филиалы активінің жиналысында ҚР Бас прокуроры Асхат ДАУЫЛБАЕВ өзінің қылмыстық ұйымды әшкерелеген сөзінде бюджет қаржысымен жүзеге асырылған нысандар құрылысы мен жөндеу жұмыстарының көп бөлігін өзіне алған «бір кәсіпкермен» тығыз байланысты компаниялар туралы қатты айтқан еді. Әзірге аттарын айтпайтынын ескертсе де, прокурор көптеген жобалардың құжаттамаларын дайындаған «Атыраустройпроект» ЖШС-ін атап өтті. Бұл серіктестікті сол табысты кәсіпкердің әйелі басқаратын еді. Дауылбаевтың айтуынша, «белгісіз» бизнесменнің облыстық әкімдіктің мейрамханалық кешенін, «Атырау-Ақпарат» ғимаратын (баспаханасымен бірге), қалалық және облыстық маңыздағы газ құбырларын жекешелендіруге тікелей қатысы бар.

Дәукеновтың адвокаты СЛИНЧЕНКО сотқа қазіргі облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВТЫ шақыру туралы өтініш білдірді. 2010 жылы ол бұл лауазымынан босатылған еді. Ал 2012 жылдың сәуірінде №2 қалалық сот оны 4 жылға бас бостандығынан айырған. Сол жылдың қыркүйегінде Жоғарғы сот оны ақтап шығарды. Бүгінде бірде-бір лауазымдық тұлға оны заңсыз соттағаны үшін жауапкершілікке тартылған жоқ. Нақпаевтың өз пікірінше, қылмыстық іс көтеруге тапсырыс берген - Бергей Рысқалиев.

Адвокаттар бірнеше рет осы заңсыз шешімдерде аты аталатын қазіргі Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар СМАҒҰЛОВТЫҢ бұл істегі рөлі туралы сұрақ қойғысы келген, алайда судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА мұндай әрекеттерге бірден тосқауыл қойып отырды:

- Сұрақтан бас тартылады. Арыз (Нақпаевтың) қарал-ды. Кейбір тұлғаларға айып тағыл-ған жоқ, сондықтан да осы іс аясында ғана сауал қойыңыздар!

Рысқалиевтың отставкаға кетуіне әкеп соққан Нақпаевтың президент атына жолдаған атышулы арыз-хаты 2012 жылы 9 тамызда жазылған еді. Іле-шала, 15 тамызда Атырауға Н. НАЗАРБАЕВ келіп, облыс әкімі етіп Б. ІЗМҰХАМБЕТОВТЫ сайлады. Кейіннен Бас прокурор Асхат Дауылбаев президенттің тікелей тапсырмасымен республикалық деңгейде тексеру жүргізуге осы хаттың негіз болғанын ресми түрде жариялады.

Алайда, мұның барлығы белгілі фактілер, ал түрмеде отырған адамның хаты, бұрын үлкен басшы болса да, президентке қалай жетті? «АЖ»-ның бейресми ақпараттары бойынша, Нақпаевты құтқаруға сол кезде Президент аппаратында үлкен лауазымда отырған жас туысқаны бел буған деседі. Ол барлығын көріп отыратын Аслан МУСИННІҢ жоқтығын пайдаланып, президентке кіреді. Мұны естіген ол, әрине, құқыққорғаушылардан түсінік беруді талап етті.

Қалай болғанда да, Нақпаев арызында көрсетілген құқыққорғау органдары басшыларының арасынан өз лауазымында тек облыстық соттың төрағасы Смағұлов қана қалды. Бергей отставкаға кеткеннен екі аптадан кейін облыс прокуроры мен қаржы полициясының бастығы «тиісінше қадағаламай, өз уақытында шаралар қабылдамағаны үшін» тұжырымымен орындарынан босатылды. ҰҚКД бастығы Нұржан ЖІГІТЕКОВ пен ІІД бастығы Досанов та кетті, бірақ олардың ресми түрде отставкаға кету себептері айтылмады. Генерал-мойор Жігітеков Атырау облысынан Батыс Қазақстан облысына осындай лауазымға ауыстырылды. Рахмаджан Досанов біраз уақыттан кейін ҚР ІІМ Тергеу комитеті бастығының орынбасары орынтағына кері жайғасты. Ғаламторда ол туралы ақпарат мүлдем аз, сондай-ақ, облыстық қаржы полициясының бұрынғы басшысы Ерлан ЖАЛМАҒАМБЕТОВТІҢ қазіргі жұмыс орны туралы да ешқандай ақпарат табылмады. Облыстың бұрынғы прокуроры Сайфолла КЕМАЛОВ қазір ҚР Бас көлік прокурорының орынбасары болып жасайды.   

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.