Ақжардағы айқас

25 қараша 2014 12:02 2508 рет қаралды

Қала сыртындағы Ақжар ауылында отандық бөрібасарлар мен ортаазиялық овчаркаларды тестілік сынақтан өткізу бойынша облыстық чемпионаттың бірінші туры өтті. Ал халық арасында мұны жай ғана иттер шайқасы деп атайды.

 

АУЫР ЖАТТЫҒУЛАР

Сенбі күні сынақтар өтіп жатқан АМӨЗ саяжайлары маңындағы қоршалған учаскеде ине шаншырлық жер болмады. Алаңға жиналған көрермендер де, ит иелері, ұйымдастырушылар мен төрешілер де – барлығы ер адамдар. Бөрібасарлардың өздері де еркек кіндікті. Бұл жер әйелдер жүретін жер емес десем қателеспеспін, бұл – ерлердің ойыны. Дегенмен, ит иелері мұны ермек деп есептемейді екен.

Бөрібасарлар деген не дейсіз бе? - деп сұрады маған тесіле бір қараған чемпионат ұйымдастырушысы Ерлан ЕСЕНЖАНОВ. – Бұлар қарапайым иттер емес. Ертеректе олар малды жабайы жыртқыштардан қорғап, жеті қазынаға кірген жануар. Алайда уақыт өзгерді, қазір төбеттер, негізінен, өмір бойы шынжырмен қоршау ішінде байланып тұрып, өткен-кеткендерді қорқытумен ғана әлек. Кейде бұдан да сорақы – оларды үй ішінде жүретін «мақта» ойыншыққа айналдырады. Ал бұл иттер тумысынан жауынгер және қорғаушы болып жаратылған ғой. Бізде, қазақтарда, төбет айқаста сынақтан өтпесе, төбет деп атала алмайды.

Ит иелерінің айтуынша, иттерді күшік кезінен бастап ерте жаттықтырады екен. Әрқайсысы велосипедке немесе көлікке қосақталып, күніне 5-10 шақырым жүгіреді. Бұл шыдамдылық үшін қажет. Ал кішкене өскеннен кейін мойындарына күш жинау үшін көлік тегіршегін іледі. Айрықша режім, толыққанды тамақтандыру, иесінің қамқорлығы – нағыз ит сырттанын жасау жолдары.

...Осылайша, иттерді салмақ дәрежелеріне қарай бөліп, жеребе тасталды. Қатысушылардың сауалнамаларына назар аудардым, атаулары айқайлап тұр: Алыпсоқ, Топжар, Батыр, Сартай (жоңғарлармен айқаста Кіші жүздің қолын басқарған Сартай Байжанұлының құрметіне аталған), Палуан, Спартак, Цезарь...

 

ЕРЕЖЕ

Егер алабайлар төбелескісі келмесе ше?

Бұлар алабай емес, төбеттер, - деп жауап берді сот алқасы мүшелерінің бірі қабағын керіп. – Екі иттің немесе бірінің бастапқыда белгілі уақытқа дейін төбелескісі келмей, алайда кейіннен айқасқа түссе, сынақ басталды деп есептеледі.

...Айқас алаңына алғашқы жеңіл салмақтағы төбеттерді әкелді. Бір байқағаным, иелерін төбелестірмесе, екі иттің де шайқасқа мүлдем түскілері жоқ. Жер бауырлап жатып алған қос хайуан құйрықтарын бұлаңдатып, көңілі түскен көрермендерге дым түсінбегендей қарайды.

Сынақ есептелмейді! – деп біреу микрофон арқылы айқайлады, ал төреші сөзін әрі қарай сабақтап: - Мұндай да болады. Егер алаңға шыққан жұп төбескілері келмесе, қарсыластарын ауыстыруға болады, тірі жандар ғой, бір-бірін ұнатып қалған да шығар.

 

ТҮРЛІ АЙҚАСТАР

Екінші айқас қас-қағым сәтте өте шықты. Мен жанкүйер болатын итімді таңдап та үлгермедім, микрофонмен жеңімпазды жариялады.

Айқастардың көпшілігі қарсыластардың бір-біріне үнсіз тап беруімен өтеді, - деп түсіндірді маған. – Кейде ит мүлдем ыңғайсыз жағдайға тап болып, қарсыластың тісінен ажырай алмай қиналғанда ғана ырылдап дыбыс береді. Алайда, егер ит азу тісін ақситып ызаланбаса, жеңілді деген сөз. Құйрығын бұтының арасына қыстырып, қыңсылап немесе алаңнан қашып кетсе де – ұтылғаны.

Алаңға орта салмақтағы Батыр мен Сартай шықты.

Иелері ауыздығынан айырғаны сол еді, қос төбет те бір-біріне ұмтылды. Араларына екі-үш қадамдай қалғанда екі ит те қатар секіріп, әуеде азуларымен тамақтан алды. Жүндер жұлынып, алғашқы қан да төгілді, екі дене бұратыла оралды. Алайда бір дыбыс шығарған жоқ. Көрермендер де үнсіз. Тек иелерінің айтақтаған дыбыстары ғана естіледі.

...Кескілескен айқас бірнеше минутқа созылды, кенет иттердің бірі қыңсылаған дауыс шығарды.

Айырыңдар аналарды!- деп айқай салды төреші.

Кім жеңілді?

Сартайдың «анасын» шақырғанын естідіңіз бе? Сол жеңілді.

Қан жоса болған Батыр мен Сартайды айырды, екеуі де шабаланып, айқасқа ұмтылды, көрермендер де жалғастыруды талап етуде. Жеңімпаздың кім екенін тек иелері мен төрешілер ғана түсінген сияқты.

Сол күні мен итжығысты да көрдім. Екі иттің де ұзақ айқастан болдырғаны соншалық, бір-біріне қарсы қайқайып, шабуылдауға әрекет етпей, терең дем алып тұрды. Кейіннен оларды екінші кезең күтіп тұрды – бір ғана жеңімпаз болу керек.

Кетіп бара жатқанда мен жеңілген Сартай мен оның иесін көрдім. Екеуі де жылап отырған сияқты. Иесі төбетінің қазандай басын аялап сипап отырып: «бәрі-бір сенен артығы жоқ…» деп қайталай берді.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

Сынақтан барлығы 30 ит өтті. Олардың барлығы да 2 жасқа кеогенде осындай сынақтан өтуге міндетті. Бұлай жасамаса, олардың ұрпақтары жоспардан тыс деп саналып, күшіктерге құжат берілмейді.



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.