Астанада Қазақстан мен Ресей Федерациясы шекаралас прокуратуралары басшыларының форумы өтуде

7 тамыз 2014 10:19 1088 рет қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бүгін Астанада Қазақстан мен Ресей Федерациясы шекаралас прокуратуралары басшыларының екі күндік форумы өз жұмысын бастады. Оған ҚР Бас прокуроры А. Дауылбаев пен РФ Бас прокурорының орынбасары Ю. Пономарев және екі ел прокуратураларының жауапты қызметкерлері қатысты.

Қазақстанның Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың айтуынша, биылғы мамыр айында тауарлардың, қызметтердің, капиталдың, жұмыс күшінің еркін айналымына және экономиканың негізгі салаларында келісілген саясатты жүзеге асыруға кепілдік беретін Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы қатысушы мемлекеттердің прокуратуралары алдына жаңа міндеттер қойып отыр.

«Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Бас прокуратураларының ынтымақтастығы көпжақты және екіжақты форматта жеткілікті түрде жемісті жүргізіліп келе жатқаны қуантады. Сонымен қатар, экономикалық одақтың құрылуы серіктес елдердің прокурорлық корпусын жаңа жағдайда заңдылықты қамтамасыз ету үшін неғұрлым тығыз жұмыс істеуге міндеттейді», - деп атап өтті ол.

Оның атап өтуінше, интеграциялық үдерістер аясындағы екі елдің құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігі прокурорлардың үйлестірушілік рөлін арттыру, бюрократиялық кедергілерді жою, заңнамалық жүйелерді біріздендіру жолымен айтарлықтай артырылуы жоспарлануда.

Форумның қорытындысы бойынша аймақаралық және мемлекетаралық сипаттағы қылмыстарды ескерту және тосқауыл қою, практикалық өзара іс-қимылды және ақпарат алмасуды жақсартуға бағытталған ұсыныстар қабылданатын болады. 

Дереккөз: inform.kz


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.