Сот залын кезген елес-2

27 наурыз 2014 00:00 5851 рет қаралды

Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВТІҢ сот процесінің негізгі тұлғаларының бірі екені күмәнсіз. Сотта жауап алу барысында ол тек ауқымды жауап беріп қана қоймай, процесс және ондағы өзінің рөлі туралы да айтып өтті.

«ОНЫҢ СӨЗІ ЗАҢ БОЛАТЫН»

Дәукеновке облыс әкіміБергей РЫСҚАЛИЕВ құрған ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтың (ҰҚҚ) құрамындағы ұйымдасқан қылмыстық топқа (ҰҚТ) басшылық етті, түрлі нысандарды заңсыз жекешелендірумен айналысты деген айыптар тағылған болатын. 2012 жылдың 12 қыркүйегінде қамауға алынған Дәукеновтің жалғыз кісілік камераға отырғызылып, сол жерде 13 қазанға дейін болғаны белгілі болды. Содан кейін жауап алу үшін оны Астанаға ҰҚК-ның тергеу изоляторына алып кетті. Ол жердегі жалғыз кісілік камерада тағы екі ай отырғаны белгілі болды. Сотталушы бұл жағдайды «ерекше» деп атады, бірақ жауап алу кезінде түсінік бермегенін атап өтті. Сот залында ол анағұрлым сөзшеңдік танытып, өзіне қойылған сұрақтардың барлығына ынталана жауап берді.

Дәукенов Рысқалиевпен 90-жылдардан бері таныс екенін айтты.

Біз тексеру барысында таныстық. Мен ол кезде Ақтөбе облысының прокуратурасында жұмыс істедім. Бөлім бастығы ма, әлде қалалық прокурордың орынбасары болдым ба, есімде жоқ. Ол бизнеспен айналысатын. Жақсы бизнесмен ретінде бағаланды. Содан кейін жолдарымыз екі жаққа кетті де, он жылдай уақыт өткен соң осы Атырауда кездестік.

Оның адвокаты Юрий СЛИНЧЕНКО Рысқалиевқа мінездеме беруді өтінді.

Іскер ме? Іскер. Жігерлі ме? Жігерлі. Талап қойғыш па? Талап қойғыш. Кейде сенің пікіріңді құлаққа да ілмейтін кездері болатын, бұл жерде ол туралы да айтылды. Егер ол шешім қабылдаса, басқасына көңіл бөлмейтін де. Ал біз жәй ғана орындаушылармыз. Моральдық, физикалық тұрғыда ол қайратты адам және соған төтеп бере алатын адамдарды таңдайтын. Оны құбыжық секілді көрсетудің қажеті жоқ, бірақ оның сөзі заң еді.

- Сіз жекешелендіру нысандарының, ең болмағанда, біреуінің жекешелендіру заңдылығына қатысты күмән білдірдіңіз бе, қарсы болдыңыз ба?

- Жоқ, ондай болған жоқ, мен қарсы болмадым.

- Ол кәсіпорын жекешелендірілуі тиіс баға мен ұтуы тиіс компанияны атады ма?

- Жоқ.

- Сіздің осы тендерлердің жеңімпаз компанияларында акция пайызыңыз, жеке мүддеңіз болды ма?

- Тергеу органдары ұзақ уақыт бойына ондаған, жүздеген компанияларды аударып-төңкеріп тексерді. Менің де, менің туыстарымның да, маған ниеттес тұлғалардың да бірде-бір пайыз үлесі жоқ.

 

«ОБЛТРАНСГАЗДЫ» ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ

- Ең алдымен бұл желіні (Облтрансгазды) облыста қалдыру және облысты газбен сенімді түрде қамтамасыз ету туралы мәселе тұрды. Жекешелендіру туралы мәселе болған жоқ – сеніңіздер, еш уақытта. Бүкіл желілерді бірыңғай оператор «ҚазТрансГаз Аймаққа» беру туралы үкімет қаулысының жобасы келіп түскен кезде «миллиардтаған бюджет қаржысы салынып, әлдебір бөгде операторға берілетіні қалай?» деп, әкім Рысқалиев наразы болды. Газ тарифінің республикадағы ең төменгісі екенін ескере отырып, әлеуметтік шиеленіске жол бере алмадық. Мен мақтанып отырғаным жоқ. Солай болды. Әуелі ҚТГА тарифті көтерді. Тарифті көтеріп, инвестициялық қызметке сілтей салу - ең оңай іс. Сеніңіздер, ҚТГА Атырау облысындағы тарифтерді көтеріп, бұл қаржыны кейіннен көлік жүйесі жоқ немесе әлі әлсіз күйдегі басқа өңірлерді дамытуға инвестицияламақ. Сондықтан біз жүйелерді облыста қалдыру үшін бар күшімізді салдық. Бұл қолымыздан келді.

- Газ желілерін бәсекелес ортаға беру туралы мәселе қашан қойылды? – деп сұрақ қойды өзінің қорғалушысына адвокат Слинченко.

- Бізге, әрине, жақсы бизнесмен, меншік иесі, өз қаржысы бар кәсіпкер қажет болды. Неліктен оған (Вадим ПАК)таңдау жасалғаны маған белгісіз. Қазір газ желісі қайда, олар неге қол жеткізді? Бұл - жеке компания (ҚТГА), мемлекеттік емес. Тек мемлекеттік қатысы бар, бірақ жеке компания, ұмытпаңыздар. Пакке бергеннен кейін кәсіпорын тоқтайды, оны құлдыратып жібереді деп кім айтты? Біз оған жол бермес едік. Пактың танымал бизнесмен екені баршаға аян, ол бүкіл қалаға асфальт төседі. Базасы, қызметкерлері, қаржысы бар. УС-99 - қаланың жартысын салған кәсіпорын. Ол құлдыратар ма еді? Осы кәсіпорындарды бәсекелес ортаға бергенде біз пайдаға батты деген сөз – тек жорамалдар ғана. Бұл кәсіпорындар жұмыс жасай берер еді. Шешім қабылдаған адам - Бергей Сәулебайұлы да осылай ойлады, бұл - менің пікірім.

- Шешім қабылдаған кім?

- Стратегиялық шешімді бірінші басшы қабылдады. Мұның дұрыс шешім екеніне менің титтей де күмәнім жоқ. Мұндай деңгейдегі шешімді біздер (орынбасарлар) қабылдай алмадық, тек ағымдағы мәселелермен ғана айналыстық. Менің іссапарыма қатысты бір жайт болды. ӘБДІРОВ маған қоңырау шалып, оған жекешелендіру бойынша қаулы жобасына қол қоюға әкімнің бұйрық бергенін айтты. Мен «жарайды, егер облыс әкімі айтса, қолыңды қой» дедім. Жалпы облыс әкімінің міндеттемесін орындау маған жүктелген еді, бірақ мен іссапарда болдым. Мен ол кезде жол жүрмегенде, бәлкім, «неліктен Дәукенов қол қойды?» деген сұрақ болар еді де, маған осы үшін айып тағылар еді.

Шынымен де, жекешелендіру туралы қаулының бір бөлігіне түрлі себептермен әкімдікте облыс әкімі мен оның бірінші орынбасары жоқ болған кезде әкімнің бұрынғы орынбасары Асқар Әбдіров қол қойған. Оған Рысқалиевтың қаулысымен әкімнің міндеттемесін орындау жүктелген. Әбдіров кейінірек өз жауабында бұл сәйкестіктерді кездейсоқ емес деп атады:

- Бұл қаулы («Облтрансгаз» мүлігін жекешелендіру туралы) алдын ала әзірленді. Мен тағы да әкімнің міндетін атқарушы болып қаламын. 5 шілдеде олардың (Рысқалиев пен Дәукенов) демалысқа және іссапарға кеткен кездерін әдейі күтіп, оны маған қол қоюға әкелді. Тергеу барысында анықталғандай, бұл құжатты 12 маусымда дайындай бастаған, апталап ұстап, содан соң маған қол қоюға әкелген.

Әбдіров сендіріп отырғандай, қолданыстағы тәртіпке байланысты ол бұл қаулылардың кету қағазына нақты қай уақытта қол қойғанын біле алмайды екен. Құжаттардың белгілі бір мерзімді күтіп қалғанын тек тергеу барысында білген.

 

ЖАҚТЫРМАЙТЫН ЕДІ...

Адвокат Слинченконың Рүстем ӘЛБАҚАСОВПЕН қарым-қатынасы туралы сұрағына Дәукенов онымен тек 2-3 рет қана – облыс әкімінің қабылдау бөлмесінде, Рысқалиев тұратын резиденцияда және тұрмыстық мәселе бойынша жолығысып қалғанын айтты. Қызметтік пәтерде тұрған кезде, неліктен екені белгісіз, оның Әлбақасовтың атына жазылғанын анықтапты.

Болат ДӘУКЕНОВБолат ДӘУКЕНОВ- Қандай мәселе болуы мүмкін, ол Рысқалиевтың күйеу баласы ғой, бұл баршаға белгілі. Облыс әкімі оның құрылыспен айналысатынын айтқан еді. Бірақ менің онымен ешқандай байланысым болған жоқ. Неліктен пәтер оның атына жазылған, ал неге ол жерде мен тұрамын деген сұрақтар, әрине, туындады. Мен ол жерде төрт жыл тұрғандықтан, бәлкім, маған талап қойылмайтын шығар деп ойладым. Оған қалай қол жеткізгенін, менің неге оның пәтерінде тұрғанымды білмеймін. Жұбайым ПИК қызметінің, жарықтың түбіртектерін көрсеткен еді. Ол жерде «Әлбақасов» деп жазылып тұрды. Мен көмекшіме «қайта рәсімдеу үшін оның телефонын тауып бер» дедім. Осындай тұрмыстық мәселемен мен оған қоңырау шалдым. Содан соң кездескен емеспін.

- Сотта құпия куәгер жауап берді. Ол Атырау облысында Рысқалиев әкім болып тұрған кезде құқыққорғау органдарының басшыларынан ҰҚТ құрылып, оған әкімнің бірінші орынбасары Дәукенов басшылық етті дегенді айтты. Міндеттемелерді бөлісуге сәйкес, сізге құқыққорғау органдарымен жұмыс істеуді үйлестіру жүктелген.

- Мен күш және құқыққорғау органдарына қалайша басшылық ете аламын?! Олар мені тыңдамайды ғой. Олар мені не үшін тыңдамақ? Қисынға келмейді.

- Бұл куәгер облыстық құқыққорғау органдарының басшыларының, атап айтқанда, Атырау облысының прокуроры Сайфолла КЕМАЛОВ пен ІІД бастығы Рахмаджан ДОСАНОВТЫҢ бизнесмен Назми АЛИЕВТІ, Мақат ауданының бұрынғы әкімі Нұрлан ЖАНТОҚОВТЫ, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВТЫ заңсыз соттау фактісіне қатысы бар дегенді растап отыр.

- Мен құқыққорғау органдарына басшылық жасап, олар менің нұсқауымды орындап па?! Бұл ғажап нәрсе ғой. Нақпаев бойынша түсіндірейін – бұл істі білмеймін, тергеуге басшылық еткенім жоқ, ешқандай нұсқау берген жоқпын. Мәселе БАҚ-тарда, құпия талқыға салынды, әрине, талқылаулар болды – қанша дегенмен, бұрынғы қала әкімі, облыс әкімінің орынбасары ғой, күйзелістер болды. Бір-бірімізден сұрадық, облыс әкімінің кабинетінде әңгіме болды. Облыстан тысқары республикалық деңгейде талқыға салынғаны - жағымсыз жайт.

Адвокат ОРЫНБЕКОВА көптеген адамдардың қойғысы келіп, бірақ бата алмаған сұрағын қойды. Ол сарайдағы шытырман оқиғалардың көзден таса егжей-тегжей тұстарына қатысты болатын:

- Нақты бір сұрақ қояйын – Нақпаевты жақтырмайтын ба едіңіз?

- Дәлірек айтқанда, ол мені жақтырмайды. Ол өзін адам ретінде, қызметкер ретінде қалыптасқан жоқпын деп есептеп, мені оның орнына отырып алды деп ұйғарды...

Осы кезге дейін бірқалыпты, сыпайы сөйлеген Дәукенов бұрынғы әріптесін сипаттаған кезде «оның әлдебір ұждансыз пиғылына қарай» деген тұжырымдаманы қолдануға көшкеніне қарағанда, бұл қарым-қатынас жақын тұтатын байланыста болмаған деп сенімді түрде айтуға балады.

 

КЕЗДЕСУ ОРНЫН ӨЗГЕРТУГЕ БОЛМАЙДЫ

Әрі қарай адвокат Слинченко Рысқалиевтың өз резиденциясын өз айналасындағылар жиналатын орын ретінде қолданғандығы туралы мәселені қозғады.

- Құпия куәгер мәлімдегендей, шынымен де, сіз сол жерде ішкі істер органдарына кімді қудалау керектігі туралы жарлықтар бердіңіз бе?

- Ол жер әкімнің үйі ғой. 2010, 2011 және 2012 жылдары Бергей Сәулебайұлы жұмысқа өте сирек келетін. Аптасына екі рет, тек түстен кейін ғана келетін. Бірақ бүкіл оқиғалардан хабардар болғанды қалайтын. Әрине, қоңырау шалып, талқылап, кейбір мәселелерді мақұлдата алатын едік. Кейде жұмыс күнінің соңында «келіп кет, мынадай қағаздарды әкел де, түсіндір» дейтін кездер болды. Ол жерде ағымдағы мәселелер талқыланды. Мен ол резиденцияда әлденеше рет болдым, растай аламын. Бүкіл қызметкерлер де растай алады: келген адамдар жасырынбайтын. Әкімжанов, Нұрбеков, Есмұратов, облыс әкімі аппаратының басшысы және әкім орынбасары болып тұрған кезде Кемалов, Досанов, бәлкім, әлдебір жағдайларға байланысты шақырылатын болар. Егер коммуналдық проблемалар туындаса, Нұрлығожиевті күндіз-түні шақыратын. Сол Нақпаевтың өзі кезінде сол жерден шықпайтын еді, Рысқалиев оны кез келген уақытта шақыртып, дөрекі тілмен айтқанда, орнына қоятын.

- Сіз өзіңізге тағылған айыпты қалай түсінесіз және оны қалай бағалайсыз, өз кінәңізді мойындайсыз ба? – деп сұрады адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВ. Тағылған айыптарды (ҰҚТ-ға басшылық ету, қызметтік жалғандық, сеніп тапсырылған бөгде мүлікті иемдену немесе ысырап ету, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, ҰҚТ құрамында қылмыс жасау) санамалай отырып, Дәукенов оларды мойындамайтынын мәлімдеді.

- Мұның бәрінің саяси астары бар екенін жауапты түрде мәлімдеймін. Нысандарды жекешелендіруді жою мен мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты бүкіл жайттарды азаматтық тұрғыда шешуге болатын еді.

Жолболов айыптаудың саясаттандырылғандығы туралы мәлімдемені түсіндіруді өтінді.

- Тергеу әділетсіздікпен, негізсіз айыптап отыр. Мен өзімді кінәлі сезінбеймін және осы жерде отырғандардың көздерінен де соны көремін: ешкім өзін кінәлі сезінбейді, адамдар еш жазықсыз отыр. Дұрысында, бұл әлдекімге және әлдене үшін қажет болды. Бәлкім, бір кездері бұл ашылар. Біз жасаған істеріміздің барлығына күйе жағатын мұндай айыптауларға лайық емеспіз. Тергеу органдары мені құбыжық қылып көрсетті. Біз періштеміз деп айтпаймын, бірақ бұл жерде бізді ҰҚҚ құрамындағы ҰҚТ басшысы етіп шығарды. Мұның бәрі ерсі әзіл.

- Рысқалиев сізді мирасқор ретінде өз орнына дайындады ма? – деп сұрады адвокат Орынбекова.

- Негізі мұндай мәселелерді ол шешпейді. Қауесет, қаңқу сөз... Ел не айтпайды?! Қазір облыстың келесі әкімі АЙДАРБЕКОВ (Атырау қаласының әкімі) болады деседі. Бірақ бұл мәселелер үкімет, президент аппараты және қауіпсіздік қызметі деңгейінде мұқият зерттелгеннен кейін шешіледі. Тікелей мұндай мәселе болған жоқ. Әрине, мен үкімет, министрлік деңгейінде көрнекті адам болдым, бар болғаны сол ғана.

Бұл пайымдауға Дәукеновтің әріптестерінің бірі, облыс әкімінің орынбасары Асқар Әбдіровтің жауабы қарама-қайшы келеді.

- Ол (Рысқалиев)барлық орынбасарларынан өзіне қалай бағынса, Дәукеновке де солай бағынуды әлденеше рет талап еткен еді, - дейді Әбдіров кейінірек Дәукенов пен Рысқалиевтың қарым-қатынас деңгейіне сипаттама бере отырып.

 

ӘБДІРОВТіҢ ЖАУАБЫ

Әбдіров те өзінің ҰҚТ-ға еш қатысы жоқтығын айтты.

- Мен ешқандай ҰҚТ-ны білмеймін. Рысқалиев пен Дәукенов мені шақырып алып: «ананы істе, мынаны істе, анда бар, мында бар» дегендей ештеңе болған жоқ. Мен де осы әріптестерім сияқты тек өзімнің қызметтік міндеттемелерімді орындадым. Сәуір айында маған осындай кінә тағылғанда есеңгіреп қалдым – қаншама жылдан бері жұмыс жасап келіп, соңында пәлеге тап болу?!

Мен 1997 жылы қызметімді қалалық әкімдікте бас маман болып бастадым. Облыс әкімінің орны – «сенімді, жақын адам» деген сияқты әдеби сөздермен емес, өзімнің білімім, тәжірибем, жауапкершілігімнің арқасында ие болған лауазымым. Рысқалиевтың өзімен 2006 жылы қала әкімі болып тұрған кезінде таныстым. Егер тергеу логикасына сүйенсек, ол мені сол кездің өзінде жоғары көтеру керек еді. Алайда, мен сол кезде бөлім бастығы болдым және сол күйімде қалдым. Ал Рысқалиев мырзаның мінезіне келетін болсақ, ол қатал, талап етуші адам болды, өзгенің пікірін тыңдауды ұнатпайтын. Мен өз қызметіме сәйкес, егер бір нәрсе туралы жақсы білсем, сол туралы міндетті түрде пікір білдіру керек деп есептейтінмін, алайда бұл оған көп ұнай қоймайтын. Жалпы, ол кезде «кім бірге емес, сол оған қарсы» ережесі жұмыс жасады. Бірде мен Облтрансгаз мүлігін бөлудің заңдылығына күмән келтіріп, оған кірдім. Ол менің уәждерімді құлағына да ілмей: «Сен кімсің?! Заңдылық жағын Дәукенов біледі, ол заңгер, Жантеміровке тапсырма бердім, ол бәрін біледі, сен араласпа!» - деп ұрысып тастады. Оның талаптарын орындамасам, жұмыстан шығып қалу оңай құтылу ғана болар еді. Жекешелендіру туралы қаулыны маған облыс әкімінің міндетін уақытша атқару ретінде қол қоюға әкелгенде менің бас тартатын мүмкіндігім болған жоқ. Бас тартсам, өзіме, отбасыма қауіп төнетінін білдім, өзімді құртып, анамның бизнесін тартып алам деп қорқытты.

Әбдіровтың айтуынша, Рысқалиев ешқандай процедураларды мойындамай, тендер мен байқауларды өз білгеніншеөткізуді қалаған.

- ТКШ және құрылыс саласына жетекшілік еткен кезімде мен аудан әкімдерінен ақпараттар жинап, тізім жасап, жиналыстарда ұсындым, алайда ол бұл тізімді лақтырып тастап, өз ойлағанымен жүрді. Содан кейін 10-15 күннен кейін тендерлер өтетін. Мұндай байқауларды өткізу жылдамдығы ақылға сыймайтын, яғни, барлығы Бергейдің өзінің бұйрығымен жасалды, тіпті, кейде жобалық-құрылыс құжаттамаларынсыз құрылыс басталып кететін.

 

КЕРІМОВТіҢ ЖАУАБЫ

Айыпталушы Керімов өз еңбек жолын Жеңіс саябағында орналасқан ондаған фирмалардың бірінде заңгер болып бастағанын айтты.

- Мен олардың (ағайынды Бергей мен Аманжанның)жерлесі емеспін, мен Қызылорда облысында тудым, ал Мақатқа жоғары оқу орнын бітірген соң келдім, ешқандай туысқандық байланысымыз жоқ. Рысқалиевтың да Мақаттікі екені мен үшін тек кездейсоқтық болды. Мен жұмысқа хабарландыру бойынша келіп, орналастым. Бірнеше күннен кейін белгілі кәсіпкер, «Аяжан» арақ-шарап зауытының иесімен (Аманжан РЫСҚАЛИ) таныстым. Менің білгенім, сол жерде бизнес орталық сияқты үлкен корпорация болды. 200-ге тарта адам жұмыс жасады. Бұлар - негізінен, арақ-шарап бұйымдарын жеткізу, риэлторлық қызметтер, коммерциялық ғимараттарды салу, логистика, көлік құралдарын жалға беру, т.б. Мен жылжымайтын мүлікті ресімдеу, тіркеу, кері тіркеу, жою, сот дауларымен, тіпті, басшылардың балаларын балабақшаға орналастырумен де айналыстым. Ақаман (Аманжан Рысқали) ара-тұра келіп кететін. Маған назарын да салмайтын. Әр адамның өмірінде тағдырына әсер ететін белгілі бір оқиға болады ғой. Мен үшін ол 2005 жылғы президент сайлауы болды. Сайлауалды насихат жүргізу үшін қаламызға президенттікке үміткер Жармахан Тұяқбай келді, мен оны Назарбаевқа балама ретінде қабылдамасам да, оппозицияны тыңдап көруді жөн көрдім. Оның өз сөзінде еліміздің және президенттің жетістіктерін мүлдем айтпағаны маған ұнамады. Назарбаевтың арқасында Қазақстан мемлекет болып қалыптасты, Назарбаев барша халыққа өз еңбегімен жағдайын түзеуге мүмкіндік берді. Ешкімге белгілі емес саясаткердің оны жамандап жатқаны шымбайыма тиіп кетті. Мен шыдай алмай, «тек Назарбаевтың жасампаз саясаты ғана бізді жарқын болашаққа жетелейді» дедім. Тап осылай сөз сөйлеймін деп ойламап едім, PR мақсат та көздегенім жоқ, алайда бұл тағдырымның тап осылай өзгеруіне үлкен әсерін тигізді. Осыдан бірнеше күн өткеннен кейін маған облыс әкімінің орынбасары Бергей Рысқалиев телефон соқты. Мен оны сонда бірінші рет көрдім. Ол менімен танысқысы келді. Ол менің саяси көзқарастарымды тыңдап, бұл әрекетімді қолдады, ол менің сөз сөйлеп жатқанымды теледидардан көріпті.

Біраз уақыт өткеннен кейін ол мені Ақаман арқылы шақырып, Назарбаев штабына заңгер болуымды ұсынды. Мен оны президенттің сенімді өкілі ретінде қабылдадым және оның барлық тапсырмасын орындауға тырыстым. 2007 жылы Бергей облыс әкімі ретінде мемлекеттік қызметке тұруымды ұсынды. Мен мансаптық өсетін болсам, келісетінімді айттым. Ол ешқандай кепілдік берген жоқ, барлығы өзіме байланысты екенін айтты. Мен мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі болып, әрі қарай өсе бастадым. Тергеу материалдарында төрт ай ішінде мен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасарына дейін көтерілді деп жазылыпты. Мұның іске не қатысы бар, түсінбеймін? Мемлекеттік қызметте – прокуратура органдарында сегіз жыл жұмыс жасаған тәжірибем бар, білімім мен жұмыс өтілім жеткілікті. Жоғары лауазымдарда отырған жас адамдар аз ба?! Өзімнің ақылыма, тәжірибеме және жұмыс қабілетіме сүйеніп, осы биікке жеттім. Мен бірден жеті мың адамды «Болашаққа» жұмысқа орналастырдым – бұрын болмаған оқиға! Еңбек және әлеуметтік жұмыспен қамту басқармасының бастығы болған кезімде аудан орталықтарын жеке аралап, жұмыссыздарды іріктедім. Біз жылу беру маусымы басталар алдында облыс әкіміне жағдай туралы жалған ақпар бермес үшін аудандарға жасырын баратынбыз. Осылайша жұмыс жасадық. Ол мені достық қарым-қатынас үшін немесе ұрлық жасау үшін көтерді деген пікір шындыққа еш жанаспайды. Мақтанбаймын, бірақ ол мені тек жақсы жұмысым үшін ғана өсірді.

Білесіздер ме, бастапқыда жекешелендіру туралы мәселе қозғалмаған да еді. Олар (тергеу) Рысқалиевқа қарсы айғақ заттар іздеді. Оған жала жабуға арым бармайды. Егер мен келіскенде, мен бұл жерде тұрмайтын да едім. Мен ол туралы шартты түрде ештеңе айта алмаймын, мен бір жағынан иманды адаммын, бәрі қайтып оралатынына сенемін. Осы келісім парақшаларына қол қойғандарға неге құқықтық баға берілмейді? Бәрі қол қойды, ішінде қазіргі әкім орынбасарлары, қазіргікоманда қызметкерлері бар. Олар берген жауаптарға сыни тұрғыдан қарау керек - өздерін қорғау үшін және тергеуден құтылу үшін олардың жалған жауап берулері әбден мүмкін...

 

ҚАРАПАЙЫМ ТӘЖІРИБЕ

Айыптаулардың құрылуына негіз болып отырған негізгі факторлардың бірі - әкімдік қаулылары жобаларын бекіту үшін қолданылатын «жүгіртпе» деп аталатын тәжірибе. Осының негізінде, қаулылар, соның ішінде жекешелендіру бойынша қаулыларды тергеу заңсыз деп есептейді, өйткені жобалар алқа кеңесінде талқыланбаған, кезекпен және сырттай қол қойылып келген. Сот залында жауап берген барлық куәгерлер мен айыпталушылардың айтуынша, шешім қабылдаудағы осындай әдістен еш заңсыздықты көрмеген және бұл әдіс олар жұмысқа келместен бұрын пайда болған және көпшіліктің айтуынша, бүгінгі әкімдікте де әлі қолданыста екен. Ол аз болса, бұл регламент биліктің жоғары деңгейлерінде де – президент аппараты кеңсесінде, сондай-ақ, республикалық көлемдегі басқа да мекемелерде жұмыс жасайды. Сотта жауап бергендердің барлығы осыны айтты. Олардың адвокаттары әкімдік қабылдаған барлық актілер мен қаулылардың заңдылығын тексеретін прокуратура осы жылдар ішінде шыққан жүздеген құжаттардың бір-екеуін ғана кері қайтарғанына сот назарын аударуға тырысып бағуда.

- Тек өзімнің тәжірибемді мысалға келтіре аламын: республикалық регламентте де осындай тәртіп – жиналыстарда талқыланатын мәселелер, сондай-ақ, сырттай дауыс беруді қажет ететін мәселелер де бар. Тек жекешелендіру емес, басқа да көптеген мәселелер әкімдік жиналыстарында талқыланған жоқ. Бұл тәжірибені мен ойлап тапқан жоқпын. Қалыптасқан тәртіпті өзгерте алмаймын, - деді өз кезегінде Дәукенов.

Әбдіров бұл туралы ресми сұраныс дайындапты:

- Жүгіртпе әдісімен 2010 жылы 346 қаулы қабылданыпты, яғни, бұл - қарапайым тәжірибе. Салыстыру үшін айтайын, жиналыстарда небары 29 шешім қабылданған. Кезінде мен өз орынбасарым Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВАҒА жүгіртпе бойынша қол қою қалай жүру керектігін анықта деп тапсырма бергенмін. Олар (құқықтық бөлім) бірнеше күн кеңесіп, бұл заңды тәртіп 2001 жылдан бастап қолданыста екендігін айтты. Оны тәртіп, нұсқаулық, ереже және басқа да атаулармен атауға болады, ең бастысы, ол - заңды.

Керімов одан да қаттырақ айтты:

- Бұл - барлық жерде қолданылатын тәжірибе. Келіспейтін болсаңыз, қайтару жөнінде белгі қоясыз, яғни, қол қоюдан бас тартатын мүмкіндік бар. Жиналып, қол көтер не, қол қой не – екеуі де ерігіңді білдіретін тәсіл емес пе? Біз жылына 400 қаулы қабылдадық, ал бұл - 245 жұмыс күні. Осыншама жиналыс өткізу мүмкін емес. Барлық айыптаулар осыған тіреліп тұр ма? Не деген ақымақтық...

Осы уәждерді сот дұрыс деп таныған жағдайда жекешелендіру бойынша қаулының жалғандығы жөніндегі айыптау тармағы жарамсыз деп танылады. Сонымен қатар, өткен сот отырыстарының бірінде белгілі болғандай, тергеу тендерлерден «ауызбастырық» алғаны жөнінде айып тақпапты. Бұл таңданарлық жағдай. Өйткені ҚР Бас прокуроры Асхат ДАУЫЛБАЕВТЫҢ Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиевты орнынан алуға арналған бірнеше баяндамасында оның қылмыстық жүйесінде қолданыста болған «ауызбастырық» алу тәжірибесі туралы талай айтылған еді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.