Жағажай маусымына мүлдем дайын емеспіз

29 мамыр 13:33 1042 рет қаралды
Сурет "АЖ" мұрағатынан алынды

8 маусымнан кейін карантин жойылса, жағажай маусымы ашылуы мүмкін. Бірақ Атыраудың екі ресми жағажайы бұған мүлдем дайын емес. «AЖ» тілшісі су қауіпсіздігі жөніндегі онлайн-брифингтен кейін осындай қорытындыға келді.

Батыс жедел-құтқару жасағының бөлім бастығы Самат ҚҰМАШЕВТІҢ айтуынша, Атырау облысында шомылуға қатаң тиым салынған (бұл туралы тиісті белгілермен ескертілген) 15 «жабайы» жағажай және жүзуге қауіпті 220 орын бар. Олар да белгілермен белгіленген.

Жазда ауасы ерекше қапырық болатын қаламыздың жағажайға қатысты жағдайы мәз емес. Көп жылдан бері шомылу үшін жабдықталған орындар санын 2-ден 7-ге дейін кеңейту, жағажайларды сенімгерлік басқару уақытын 5-тен 15 жылға дейін ұзарту туралы мәселе талқыланып келеді. Әр күз сайын өткен жағажай маусымын қорытындылай келе, жағажайдың жаңа иелері бұрынғылардың қателіктерін ескереді, ал жергілікті билік кәсіпкерлерге жәрдем етіп, басқа қаладан үлгі алып, оларға шомылуға арналған орындарды ұйымдастыруға көмектеседі деп сенеміз. Алайда, жаңа шомылу маусымы басталуда, өкінішке орай, жасалған ештеңе жоқ.

Осы көктемде «коронавирус» себептері бойынша билік пен кәсіпкерлерге жағажайды ойлауға мұрша болмады. Бірақ ауа райы ысып, адамдар еріксіз өзенге түсе бастады.

- Тыйым салынған жерлерде шомылған жағдайлар кездесті. Бірінші рет ескерту жасасақ, екінші рет құқық бұзушыларға 3 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Жыл басынан бері 6 адам суға кетті, соның ішінде 3-уі бала, - деді С.Құмашев.

Оның айтуынша, жабдықталмаған жерлерде шомылу, мас күйде болу, балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау, ересектердің бақылауынсыз балалардың су айдындарының маңында болуы судағы қайғылы жағдайларға себеп болып жатады. Қазіргі уақытта құтқарушылардың, құқық қорғау, балық қорғау, СЭС органдарының бірлескен рейдтері жүргізілуде. Олар демалыс күндері де жұмыс істейді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру