188 миллионға жалтарушы және жалған ақшалар

22 сәуір 17:54 1629 рет қаралды


Атырау облыстық экономикалық тергеу департаменті осы жылдың бірінші тоқсанында 25 қылмыстық іс қозғады. Оның 17-сі - ауыр қылмыстар. 1 млрд 178 млн теңге көлемінде зиян анықталды, оның 1 млрд 177 млн  теңгесі бюджетке өтелді. Бұл туралы департаменттің профилактикалық жұмыстар басқармасының басшысы Қаһарман ЖӘРДЕМОВ хабарлады.

- Мемлекеттік бағдарламалар бойынша және квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алулар саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтау – біздің басымды бағыттарымыздың бірі. Осы сала бойынша бірінші тоқсанда 11 қылмыстық іс қозғалды, - дейді Қ.Жәрдемов. – Бұдан басқа, ҚК-нің 218-бабы (Қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру), 189-бабы (Бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу), 190-бабы (Алаяқтық) және 361-бабы (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша қылмыстық істер тіркелді.

- Сіздің өндірісте мұнай және мұнай өнімдерін жымқыруға байланысты істер бар ма?

- Жыл басынан бері мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша 5 қылмыстық іс қозғалды. 3-і сотқа жолданып, екеуі бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда.

- Салықтан жалтару қаншалықты кең тараған?

- Осындай құбылыс бар. Мәселен, қазір біздің департамент ЖШС-лердің бірінің басшылығына қатысты ҚР ҚК-нің 245-бабының 3-тармағы (аса ірі мөлшерде салықты және басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару) бойынша қылмыстық істі тергеуде. Әңгіме 188 миллион теңгені жасыру туралы болып отыр.

Тағы бір бағыт –  ҚР ҚК-нің 235-бабы (Ұлттық валютаны және шетел валютасын шетелден қайтармау) бойынша қылмысты анықтау. 6 наурызда осы бап бойынша ЖШС-лердің бірінің басшысына қатысты іс қозғалды. Онда шетелдік валютада тигізілген залал көлемі - 1 миллион доллар. Қарапайым тілмен айтсақ, заңды тұлға шетелден тауар сатып алу туралы келісімшарт жасап, ақша аударады. Егер тауар жеткізілмесе, заң бойынша белгілі бір уақыт өткеннен кейін қаржы жіберушіге қайтарылуы тиіс. Мұны Ұлттық банк пен кедендік органдар бақылайды. Ал егер ақша қайтарылмаса, онда қылмыстық іс қозғалады.

- Биыл жалған ақша жасаушылық фактілері анықталды ма?

- Екі факті бар. Олар ҚР ҚК-нің 231-бабы (Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу) бойынша тергелуде. Бір істе 100 долларлық жалған банкнота болса, екіншісінде 2000 теңгелік жалған купюра жасалған.

Әңгіме соңында Қ.Жәрдемов Атырау облысы бойынша ЭТД-де тәулік бойына сенім телефоны (35-42-10, 31-60-59) жұмыс істейтінін атап өтті. Оған сұрақтармен жүгінуге, жасалған немесе ниет етілген қылмыстар туралы хабарлауға болады.

«АЖ» анықтамасы
Жақында Экономикалық тергеу департаменті қайта құрылғаннан кейін ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің аумақтық органына айналды. Ол осы органның құзырындағы заңнамаға жатқызылған қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықты анықтау, жол бермеу, ашу және тергеуге өкілетті.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.