Сот хроникасы

25 ақпан 11:35 984 рет қаралды


Әкімшілік сот Атырау қалалық ТЖ басқармасы инспекторының нұсқамасын орындамағаны үшін балабақшалардың бірінің басшылығына айыппұл салды. Сотта анықталғандай, тексеруден кейін инспектор кемшіліктерді жою туралы нұсқама шығарады, бірақ белгіленген мерзімде ол орындалмайды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-тармағы ("Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды орындамау") бойынша, балабақша басшылығына 176 750 теңге айыппұл салынды.

Жылыой аудандық сотында ері денсаулығына зиян тигізген азамат К.-ның талап-арызы бойынша азаматтық іс қаралды. Іс материалдарына сүйенсек, азамат Ж. қатты ашу үстінде жүкті әйелін ұрып, сол үшін 5 күн қамауға алу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осыдан кейін жәбірленуші азаматтық өндіріс тәртібімен сотқа жүгініп, жүктілігін сақтау үшін қажетті 200 мың теңге көлеміндегі шығындарды өндіріп беруді сұрайды. Сот отырысында азамат Ж. өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініп, талап-арыз берушіден кешірім сұрады. Ол өз кезегінде жұбайын кешіріп, медиация тәртібімен істі аяқтау туралы өтініш берді.

Жылыой аудандық сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы ("Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер") бойынша азамат Г.-ге қатысты әкімшілік іс қаралды. Іс материалдарына сүйенсек, ол үйіне мас болып келіп, жанжал шығарып, анасын әдепсіз сөздермен балағаттаған. Сот отырысында қызы кінәсін мойындап, өкініп, анасынан кешірім сұрады. Анасы кешіріп, іс тоқтатылды.

Қызылқоға аудандық соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 6-тармағы ("Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде және басқару құқығы жоқ адамдардың басқаруы") бойынша азамат Н.-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Н. кінәлі деп танылып, 20 тәулікке қамауға алу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құрманғазы аудандық соты азамат Ш.-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Ол мас танысы Э.-ге өзінің көлігіне отыруына рұқсат беріп, ал өзі жолаушы орындығына отырған. Сот азамат Ш.-ға 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Азамат Э.-ге де осындай жаза берілді.

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.