Жағажай екеу, бірақ көбейеді

11 шілде 2016 10:35 2185 рет қаралды


Биылғы шомылу маусымында Атырауда бұрынғыша екі ресми жағажай жұмыс істейді – «Атырау» ДСК алдында және Жилгородокта.

Қалалық қаржы бөлімі 2013 жылы «Сәрсекенов» ЖК-мен екі жағажайды сенімді басқару туралы келісімшарт жасаған болатын. Келісімшарт мерзімі – 2017 жылға дейін. Кәсіпкерге суға шомылушылар мен олардың судағы қауіпсіздігі үшін қажетті жағдай жасау туралы бірқатар талаптар қойылды.

- Биыл біз әдеттегідей жұмыс жоспарын талап етіп, оның орындалуына бақылау жасадық, - дейді қалалық қаржы бөлімінің басшысы Шыңғыс АРЫСТАНОВ. – Қазіргі мол су, нөсер жаңбыр, күшті өзен ағысы белгілі бір проблемалар туындатты. Жағалау қайтадан қамысқа толды, біз оларды да жоқ қылып, қайтадан құм сеуіп тастадық.

Мұны «Сәрсекенов» ЖК жетекшісі Жанар НҰРБАЕВА растады:

- Жыл сайын Жайықта су тасқынынан кейін бүкіл құм шайылып кетеді, көктемде мол жауған жаңбыр да оны өзенге ағызып жібереді. Сондықтан биыл ДСК алдындағы жағажайға біз қайтадан 5 машина таза құм әкелдік. Биоәжетхана саны көбейді, жағалау аймағының тазалығына бақылау жасаймыз. Екі жағажайда да құтқару мұнаралары, қайықтар мен құтқарушылар бар. Спорт кешені алдындағы жағажайда 4-уі және Жилгородокта 2-уі бар. Жилгородокта таза су бар, душтар жұмыс жасап тұр. Әзірге ДСК алдындағы душта су жоқ – ол жерден таза су алуға мүмкіндік болмай тұр. Бірақ жұмыстар жүргізілуде, кабинкалар орнатылды, кешікпей су да болады. Біз қосымша аттракциондар орнаттық, жаңа кафе ашылды. Жағажайлар таңертеңгі сағат 10-нан кешкі 20-ға дейін ашық болады.

Облыс орталығындағы абаттандырылған жағажайлардың саны келесі жылы көбеюі тиіс.

Арыстановтың айтуынша, стихиялы түзілген немесе қала тұрғындары өз қажеттіліктеріне сай бейімдеген «жабайы» жағажайлардың бір бөлігі келесі маусымда нормативтерге сай етіп жасалады және олар да кәсіпкерлерге сенімді басқаруға беріледі:

- Біз қазір бақылау жүргізудеміз, дәлірек айтқанда, Атырау мен Авангард ықшамаудандарында шомылу үшін стихиялы түзілген жерлер ресми жағажайларға айналуы мүмкін.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суреттерді түсірген Марат ТАКУЛИН


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.