Ауладағы жанармай бекеті

16 сәуір 15:31 978 рет қаралды


Қызылқоға ауданында жанармай құю бекеті жетіспейді. Әсіресе күз айларындағы жиын-терін кезінде аудан тұрғындары жанармай тапшылығына тап болады.

Қызылқоға ауданының 10 округі мен 15 ұсақ елді мекенде 32 мыңға жуық халық тұрады. Мұнда бар-жоғы 5 жанармай құю бекеті бар: екі жеке меншік бекет Миялыда, біреуі Тасшағылда, біреуі Мұқырда. Ал Сағызда «Қазмұнайгаз» орналасқан.

- Өз бекетімді былтыр аштым. Бізден бензинді көрші ауылдардың адамдары ғана емес, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы жүргізушілері алады. Менде «АИ-93» 165 теңгеден. Біз Атыраудағы АМӨЗ-бен келісім шартқа отырып алып отырмыз. Ал дизельдік отын әкеле алмаймыз, әрі сұраныста жоқ, әрі біз үшін қымбат, ақтамайды,- дейді Тасшағылдағы жанармай құю бекетінің қожайыны Жарылғаған ЕРМЕКОВ.

Қазір кейбір ауылдарда жасырын бензин кәсібімен айналысатын іскер адамдар да бар екен. Қарабау ауылында көшеде кездескен тұрғын бензинді қай үйден алуға болатынын көрсетті.

-Сәлеметсіз бе. Бензин бар ма екен?

-Кеше бітіп қалған еді. Енді қашан алып келетінімді білмеймін,-деді үйден шыққан жас әйел.

-Қайдан алып келесіздер?

- Көлігі бар ауыл адамдары қалаға барғанда бөшкелеп алып келеді. Біз де солай жасаймыз.

Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр ӘЖІҒАЛИЕВ:

- Жанармай құю бекетін ашамын деушілерге қуана қолдау жасаймыз. Сонымен қатар облысқа Миялыдан «Қазмұнайгаз» бекеті ашылса деген ұсыныс бердік.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.