Екпенің құрамын білесіз бе?

16 сәуір 13:09 1337 рет қаралды


Елімізде соңғы жылдары ата-аналардың балалар екпесінен бас тартуы жылма-жыл өсіп келеді: 2014 жылы- 309, 2015 жылы- 382, 2016 жылы- 398, ал 2017 жылы 500-ге жуық. Бұл сандарды медицина қызметкерлері өткізген брифингте қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас сарапшысы Нұршай ӘЗІМБАЕВА айтты.

- Қазақстанға сатып алынатын екпелердің бәрі де дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған, мемлекеттік тіркеуден өткен. Екпені сатып алу оны шығарушы елдегі қауіпсіздігі, тиімділігі дәлелденген кезде ғана жүзеге асады,- деді Әзімбаева. - Тіпті, сатып алынғаннан кейін де бірнеше рет қайта тексерістен өтіп, сапасына көз жеткізілгесін емханаларға таратылады. Содан келіп біз, әр екпе балалар үшін қауіпсіз дей аламыз.

«АЖ» сауалдары:

- Биылғы жылға екпені сатып алуға қанша қаражат жұмсалды? Әр вакцинаның құрамы жөнінде ақпарат халыққа таратыла ма?

- Екпені сатып алуға биылғы жылы республикалық бюджеттен 26 млрд теңге бөлініп, 20 түрлі препараттар сатып алынды. Олардың алғашқы партиялары сәуір, мамыр айынан бастап облыстарға жеткізілді. Одан бөлек, жергілікті бюджеттерден де тұмау, А вирустық гепатитіне қарсы қаражат бөлініп тұрады.

Кейбір тұрғындар арасынан «екпенің құрамында сынап бар екен, болмаса шошқаның тіндері, жылқының қаны бар» деген қауесеттерді естіп жатамыз. Бұл шындыққа жанаспайды.

- Дегенмен, осыған дейін екпеден кейін денсаулығы нашарлады деген жағдайларды көп естідік. Осындай жағдайлар тіркелді ме?

- «Екпеден кейін болды» деген әрбір жағдай бізге шұғыл хабарлама ретінде түсіп отырады. Әр өңірде құрылған арнайы комиссия бар, олар сол жағдайды медициналық тұрғыда мұқият зерттегеннен кейін қорытындысын шығарып отырады. Бүгінгі күнге ол жағдайлардың ешқайсысы «екпемен байланысты» болғанына дәлелденбеді. Әрине, балалардың организмі әртүрлі болатындықтан, оларға да екпе әртүрлі әсер етуі мүмкін.

Екпе жасалғаннан кейін біздің орталыққа жылына 60-70 шұғыл хабарлама түсіп отырады. Олардың 90 пайызы екпеден кейін балаларда күтілетін гиперреакция: дене температурасының көтерілуі, екпе егілген орынның ісуі немесе қызаруы, баланың мазасыздануы т.б. Бірақ бұлар ем-домсыз өзінен-өзі жазылады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА 

Суретті түсірген автор


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.