Малшының таяғынан...

13 наурыз 18:01 1209 рет қаралды


Биік мінберлерден айтылып жататын есептегрге қарамастан Атырау облысында мал шаруашылығы кенже дамып келе жатыр. Басты себептердің бірі  - малшы жетіспейді.

Мәселен, 2017 жылы 78 әлеуметтік жұмыс орны құрылса, бұлардың бір бөлігі шаруа қожалықтарына жіберілген.

- Біз бұл секторға 22 жұмыссызды жібердік. Олардың орташа еңбекақысы 45 мың теңге. Оның 35%-ы субсидия арқылы, ал қалған 65%-ын жұмыс беруші төлеуі тиіс. Малшылардан көмекшіге сұраныс болғанмен, ынта білдірушілер аз.,- дейді Индер аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Мерует НҰҒЫМАНОВА.

Шаруа қожалығының басшылары да жұмыс қолын жетіспеушілігін айтады.

Тілекқабыл СҰЛТАНҒАЛИЕВ
- Малды баққан адам ғана біледі. Совхоз кезінде жылқышы болдым, ол тарағасын да малдан кеткеніміз жоқ. Себебі, менің кәсібім мал деп білемін. Малды тәулік бойы үзбей қарауың керек, көзден таса қалса, жыл бойғы еңбегің бір сәтте зая болады. Демалысты ұмытасың. Сондықтан да ауыл адамдары мал баққысы келмейді. Себебі, бейнетінен қашады. Науқан кездерінде барлық күш өзімізге түседі, амалымыз қайсы. Болашақта мал бағатын адамдар мүлдем азайып кете ме деп қорқамын. Кадр жайын шешу керек қой,- дейді шаруа иесі Тілекқабыл СҰЛТАНҒАЛИЕВ.

- Жұмыспен қамту орталығынан келген адам малдың бағу тәсілін біле бермейді. Менің  мысалы, көмекшілерім бар. Ай сайын еңбекақысын беремін, бұған қоса тамағы мен темекі, тағы басқа ұсақ-түйектер тегін. Алайда жалақының аздығынан бәрінен бірдей жауапкершілік талап ете алмайсың. Бюджет есебінен олардың жалақысын көтеру керек,- дейді «Жанбай» ШҚ басшысы Ғалымжан НҰҒЫМАНОВ.

Асылбек МҰСТАФА
Индер ауданында көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжі бар. 

- Колледждің 70-ке жуық мекемемен келісімі бар. Олардың ішінде 20-шақты шаруа қожалығы бар. Студенттерімізді жер өңдеу, егін егу, төлдету, жем дайындау сияқты науқандық жұмыстарға жібереміз,- дейді  колледж директорының өндірістік оқу ісі жөніндегі орынбасары Асылбек МҰСТАФА. -  Бірақ оқушылардың барлығы бітіргеннен кейін өз мамандықтарына сай жұмысқа барады деп айта алмаймын. Мысалы, 2016 жылы бітіруші түлектің 36-сының 15-і ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.

Кейбір фермерлер жұмысқа үйсіз-күйсіз адамдарды жалдайды. Алайда бұл жағдайдан шығудың жолы емес.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суретті түсірген автор


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.