Украина Саакашвилиді "Польшаға депортациялады"

13 ақпан 09:37 169 рет қаралды


Украинадағы "Жаңа күш" оппозициялық қозғалысының жетекшісі Михаил Саакашвили 12 ақпанда "Польшаға депортацияланған" болып шықты. Бұл туралы "Интерфакс-Украина" ақпарат құралы хабарлады. Бұған дейін "Украинская правда" атты ақпарат құралы мен саясаткердің жақтаушылары Саакашвилиді маска киген белгісіз адамдардың минивэн көлігімен "Сулугуни" ресторанынан ұстап әкеткенін жариялаған.

Саакашвилидің саяси серігі Давид Сакварелидзе Азаттыққа:

- [Порошенко] саяси бәсеке мәселесін осылай шешуге көшті. Ол украиналықтардың жаңа қозғалысты жақтайтынын, үкіметті өзгерткісі келетінін біледі, - деді.

Украинаның қауіпсіздік қызметі Азаттыққа Саакашвилиді ұстамағанын мәлімдеді, ал полиция Reuters-ке бұл шараға өздерінің қатысы жоқ екенін айтқан.

2004-2013 жылдары Грузияны басқарған реформатор Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын қабылдап, Грузия азаматтығынан айырылған. Сол кезде оған Украина президенті Петр Порошенко Одесса облысының губернаторы қызметін ұсынған еді. Бірақ Саакашвили 2016 жылғы қарашада үкіметті жемқорлықпен күресіне кедергі жасады деп айыптап, отставкаға кеткен. Содан кейін президентті қатты сынай бастаған.

2014 жылғы батысшыл Еуромайдан шеруінен кейін Ресейге қашқан Виктор Януковичтің орнына сайланған Петр Порошенко былтыр шілдеде шетелде жүрген Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған. 

Қыркүйекте Саакашвили Польша жақтан Украинаға кіріп, Порошенкоға қарсы оппозициялық топтың жетекшісіне айналған және бірнеше рет сотқа тартылған. Украина билігі Саакашвилиді Януковичтің "қылмыстық тобына қатысы бар" және "Ресейдің Киевке қарсы арандату жоспарының бір бөлігі" деп айыптайды. Грузия президенті болып тұрған кезінде Ресеймен қарулы қақтығысты бастан өткерген Саакашвили бұл айыптауларды "абсурд" деп сипаттайды.

Дереккөз: azattyq.org


Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру