Тапсырыспен қойылған белгі немесе Еуропадан Азия арқылы Еуропаға саяхат

19 наурыз 2016 23:03 6004 рет қаралды

Үстіміздегі жылдың басында Атырау университетінен «Каспий» коттедж ықшамауданына қарай жүретін бірнеше көшеде «Жүруге рұқсат жоқ» белгісі пайда болды. Осынысымен жол полициясы ақылға сыймайтындығынан Гиннес рекордтар кітабына енгізуге лайықты ахуал тудырды.

Енді университеттен қаланың еуропалық бөлігіне бару үшін қосалқы көшеде ұзын кептелісте тұрып, содан кейін бағдаршамның көмегінсіз қозғалысы көп Сәтпаев даңғылына шығудың жолын тауып, әрі қарай орталық көпір арқылы Жайықтан өтіп, «Ақ Жайық» қонақ үйі алдындағы субұрқақтан айналып, көпір арқылы Азиядан Еуропаға кері оралу керек! Бұл жүйке мен уақытты құртумен қатар көпірмен жүретін көліктер ағынын арттырып, Азаттық көшесіндегі қонақ үй алдындағы айналма қиылыста қосымша кептеліс жасайды.

Атырау университеті ауданында колледж, қалалық әкімдік, №1 емхана (қаланың оң жақ жағалуы бөлігіне қызмет көрсетеді), жүздеген тұрғындары бар көпқатарлы үйлер сияқты әлеуметтік нысандар көп. Енді бұл адамдар осы жерден қиындық көрмей қалай шыға алады?

«Каспий» ықшамауданы арқылы жүруге тыйым салған жол полициясы қалалықтарға ыңғайсыздық тудырғанын түсініп, қалалық және облыстық әкімдіктер арасындағы орталық көпір астымен айналып өтуге рұқсат берді. Алайда бұл бақыт ұзаққа созылмады: шенеуніктердің біреуіне қарапайым халықтың осындай «еркін» жүріп-тұруы ұнамаса керек, тыйым салатын белгіні тез қалпына келтірді. Содан бері көпір астында шенеуніктердің жолын күзетіп жол-патрульдік қызметі кезекшілікте тұрады. Ал байлар тұратын «Каспий» ықшамауданы арқылы өтетін жол да ашылмады...

Біздің редакциялық сауалымызға облыстық ІІД-нің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Руслан ӘДІЛОВ былай деп жауап қайырды: «Каспий ықшамауданында тұратын азаматтар өз ықшамаудандары ішінде көлік құралдары қозғалысының көптігіне бірнеше рет шағымданды.

Каспий ықшамауданындағы автокөлік қозғалысының көптігі жүргізушілердің қарсы жағалауға шықпас үшін осы аталған ықшамаудан арқылы Орынбасаров көшесі (бұрынғы Некрасов) бойымен Сәтпаев даңғылына өтетіндігінен туындады.

Ықшамаудан тұрғындарының өтініші негізінде зерттеу жүргізіліп, соның қорытындысы бойынша қалалық әкімдіктің ТКШ бөліміне Каспий ықшамауданына кіретін жолға «Жүруге рұқсат жоқ» белгісін ортнату туралы ұйғарым берілді.

«Жүруге рұқсат жоқ» белгісі жол учаскелеріндегі көлік қозғалысына екі бағытта да тыйым салады. Дегенмен, «Жүруге рұқсат жоқ» белгісі қызмет көрсететін немесе осы ауданда тұратын немесе жұмыс жасайтын азаматтарға тиесілі, 1-інші және 2-топ мүгедектері басқаратын немесе соларды таситын көліктерге әрекет етпейді. Қалған қозғалыс қатысушыларына осы «Жүруге рұқсат жоқ» белгісі бар көшеге кіруге тыйым салынады».

Содан кейін біз әкімшілік полицияның осы әрекетіне баға беру үшін Атырау қаласы прокуроры Руфат ҚҰТТЫҚОВТЫҢ атына сауал жібердік. Одан да осы мазмұнда жауап келіп, тек осы хатты Сәтпаев және Пушкин көшелерінің қиылысында (қазіргі Студенттер өткелі) ыңғайлы көлік қозғалысын жасау мәселесін шешу қажеттігі жөнінде ұсыныспен қоса қалалық әкімдікке жібергендерін хабарлады.

Жалпы, жергілікті билік жол қозғалысында осындай прецедент жасағанын ескерсек, енді Атыраудың кез-келген ықшамауданының (мысалы, Авангард немесе Вокзал маңы) тұрғындары басқа қалалықтарға, соның ішінде «Каспийдің» элиталық тұрғындарына өз үйлерінің жанынан өтуге тыйым салуға құқылы. Шулап, мазаны алмасын...

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.